Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 15 Қараша, 2023

Есенғали Раушановтың тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды

Алматы қаласында қазақтың классик ақыны, мәдениет және қоғам қайраткері Есенғали Әбдіжапбарұлы Раушановтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.

Ескерткіш тақта ақынның көзі тірісінде тұрған Самал-2 шағын ауданындағы № 42 үйдің қабырғасына орнатылды. Мемориалдық тақтаның ашылуына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты

- Бәріңізге қала басшылығының атынан келгендеріңіз үшін рахметімді айтам. Ақынның туған өңірінен де азаматтар келіп, осы тақтаның ашылуына атсалысып жатыр. Ағамен өмірінде араласқанда ол кісінің тақтасын ашамын деген ой ешқашан болмаған еді, ол кісімен ұзақ араласатындай болушы едік. Есенғали ағаның өзіне тән ырғақты дауысы болатын. Сол дауыс қайта естілмей кете баратынын кім білген. Дегенмен, Есенғали аға әдебиеттегі мәңгілік мұрасы арқылы артынан өшпес із қалдырды, - деді Арман Оразбайұлы.

Медетбек Темірхан, ақын Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Дүниедегі мықты ақындардың бәрі қай заманда туса да, бүкіл кезеңнің ақыны болып қалады. Өйткені олар хат танитын көкірегі ояу адамдардың бәрінің ішінде жатқан зәрін, зарын мұңын қайғы қасіретін айтады. Халықтың мұң-зарын, болмыс-бітімін, табиғатын қағазға түсіру мықты ақындардың маңдайына жазылған. Есенғали да содан сырт қалған жоқ, жыры арқылы өзінің ерекше тұлға екендігін көрсете білді, - деп ақын азаматтық болмысы туралы ойымен бөлісті. 

Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Бірде телефон соғып, «Бейнеуде көп ағаш егіп едім, орманға айналып жатыр. Ат қою керек» деп еді, «ол енді Есенғали орманы ғой, басқа қандай атау керек?» дедім. Есенғали екеуіміз бірге жүріп, жас кезімізде дос болып, бірге бармаған жеріміз жоқ. Өмір бақи келе жатқан сырлас еді, қанатынан айырылғандай болып адам жалғыз қалып қалатын кезі болады екен. Мен Есенғали кеткелі жалғыздық дегеннің не екенін сезіндім. Әдебиеттегі де орны бөлек. 70 жылдардың ортасында болу керек, Әмірхан мен Мәди Қайыңбаев бір өлеңдер алып келді, оқып көрші деп. Қарасам, керемет өлеңдер. «Ой мынау бір керемет ақын ғой. Бұл кім?»,  десем, олар Есенғали Раушанов екенін айтты.«Ол қайда?, - десем, оқуға түсе алмай қалған соң, әскерге алып кеткен екен. Әскерден келгенін күттік, кейін танысып, содан кейін жұбымыз жазылған жоқ. Ол біздің әдебиетімізге құбылыс болып келді,  - деп досқа деген сағынышы мен жылы естеліктерімен бөлісті.

Салтанатты жиында  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Иранбек Оразбаев ақын рухына жыр арнаса, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова Есенғали Әбдіжапбарұлына арнап арнайы жаздырып келген әнін тамылжыта орындады. Шараға елімізге есімі белгілі ақын-жазушылар,  өнер иелері мен БАҚ өкілдері және басқа да жырсүйер қауым жиналды.

Есенғали Раушановтың жұбайы Набатай Жылқайдарқызы мемориалдық тақтаның ашылуына атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, ақынның рухына тағзым етіп жиылған көпшілікке ерекше ықыласын жеткізді.

 

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері"

719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз