Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 12 Қаңтар, 2024

Диқандар дабыл қағады

Бүгінде әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең  өзекті мәселелердің бірі. Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін дұрыс пайдалануды атап өткені белгілі. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде серпіліс  жасап, өнім өндіруді арттыруды тапсырды. Бұл бағытта нақты іс-шаралар жүргізіліп жатқаны мәлім. Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу саласында түйткілді мәселелер әлі де  шаш-етектен. Мәселен, оңтүстік облыстардың диқандары жүгері, соя және басқа дәнді дақылдарды өткізу нарығына байланысты қиындыққа тап болып отыр. Басты мәселе – дәнді дақылдар бағасының төмендеуі және өнім өткізудегі кедергілер.    

Жүгері – оңтүстік диқандарының негізгі өнімі. Алматы және Жетісу облыстарының диқандары жүгері дақылын негізінен Жаркент крахмал-сірне зауытына өткізеді. Бір ғана жүгеріден 20-дан астам өнім түрі әзірленеді. Зауыт түрлендірілген крахмал, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, құрама жем шығарады. Негізгі шикізат көзі – Алматы және Жетісу облыстарының егіс даласында өсетін жүгері дақылы. Алайда жыл сайын осы аймақтағы шаруа қожалықтарынан жүздеген мың тонна жүгері қабылдайтын кәсіпорын биыл шикізат жеткілікті екенін алға тартып, диқандардың өнімінен бас тартқан. Басқа балама нарық жоқ. Сол себепті шаруалар жүгеріні тиімді бағаға қайда сатып өткізерін білмей дал. 
 Жүгерінің қазіргі бағасы – 55-75 теңге аралығында, бұл былтырғы бағадан анағұрлым төмен. Шаруалар бұны әділетсіздік деп есептейді, өйткені ол өнім өндіруге кеткен шығынды ақтамайды және мүлде табыссыз қалуға әкеп соғады. Бұл шаруа қожалықтарының болашағы бар ма, жоқ па деген алаңдаушылық туғызуы заңды. Бұл жөнінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы «Нұр-Болашақ» ЖШС директоры Нұрлан Байболов: 
– Дәл қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданындағы Май ауылында 600 тонна жүгері қоймада жатыр. Қорам ауылында мың тоннаға жуық дән мен собық жинаулы. Жаркенттегі крахмал-сірне зауыты келісімшартқа қарамастан, Алматы облысы шаруаларының астығын сатып алуды шектеді. «АзияАгроФуд» зауытының Балтабай ауылындағы филиалы да қойма толы екенін айтып, өнімдерімізді толық қабылдай алмады. Соның салдарынан диқандар жыл бойы маңдай терін төгіп, өсірген өнімін өткізе алмай отыр. Жүгерінің бір келесін 64 теңгеден алу деген өте төмен баға, шығынымызды мүлде өтемейді. Соның өзінде шаруалар өнімін өткізе алмай, сарсылып жүр. Менің жеке өзімде 65 тонна жүгері жинаулы тұр, – деп түсіндірді. 
Шаруалардың айтуынша, су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп барады. Биыл еліміздің бірқатар аймақтарында қуаңшылық болғаны белгілі. Су тапшылығына байланысты егістіктер қурап, шаруалар зиян шекті. Астық шығымы азайды, әйткенмен сол өнімнің өзін сатып өткізу қиынға соғып отыр. 
Шелек ауылының шаруалары суды Бартоғай су қоймасынан алады. Судың текшеметрін 0,78 теңгеден алып келсе, енді 2024 жылдан бастап баға 1,07 теңгеге көтерілгелі отыр. Бұл өнімнің өзіндік құнына әсер ететіні белгілі. Су тапшылығы және қымбаттауы, субсидияның уақтылы берілмеуі, өнім өткізудегі қиындықтар шаруаларға оңайға соқпайды. Бұдан бөлек, тұқым сатып алу, ауыл шаруашылығы техни­касымен, тыңайтқышпен қамту секілді мәселелер бар. «Көктемде егілген тұқымға берілетін субсидияға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отырмыз» дейді Нұрлан Байболов. 
«Мұрагер» шаруа қожалығының басшысы Марат Мәлікұлы дәнді дақыл егумен айналысатын шаруашылықтарда түйткілді мәселелер аз емес екенін алға тартты. 
– Әзірге диқандардың көңілі күпті. Себебі жаз бойы төккен тері далаға кетпек. Баға төмен, дақылды өсіруге кеткен еңбекті ақтамайды. Ауыл шаруашылығына қажетті құрал-сайман, тыңайтқыштар, жанар-жағармай бағасы бірнеше есе қымбаттады. Мәселен, гербицид бағасы екі есе, қосалқы бөлшектер бағасы үш есеге өсті. Жеңілдікпен беріледі делінетін техниканың құны айналып келгенде үш есеге дейін шарықтап кетеді. Диқандар лизингке алған техниканың қарызын төлей алмай, банктерге берешегі өсіп жатыр. Ал дәнді дақыл өнімдерінің бағасы, керісінше, құлдырады. Бұндай жағдайда шаруа қожалықтары банкротқа ұшырайтыны анық. 
Ал JmGO Kazakhstan ЖШС-ның агрономы Камалдин Камашев бағаның күрт төмендеуі көрші елдегі жағдаятқа байланысты екенін айтады. 
– Бағаның өсуіне ықпал етіп отыр­ған факторлар аз емес. Негізгі себеп – Ресейдегі дәнді дақыл өндіру көлемінің артуы және оны сатып өткізу жүйесінің бұзылуына байланысты біздің нарыққа ауысуы. Осыған байланысты ең ірі сатып алушы Қытай тарабы бағаға демпинг жасады. Қазақстандағы төмен баға осылай қалыптасып отыр. Тіпті коронавирус пандемиясы кезінде баға бұлай қатты құлдыраған емес, – дейді К.Камашев. 
Облыс фермерлері жуырда осы мәселе жөнінде Қонаев қаласына барып, әкімінің орынбасарымен арнайы кездескендерін айтады. Алайда мәселе шешімін табар емес. Жергілікті жүгері, соя өнімдеріне сұраныс болмауының басты себебі белгісіз дейді олар. 
Ендігі үміт – Үкімет пен Парламент депутаттарында. Ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді дақылдарға әділетті баға қойылуына ықпал етіп, шаруалардың ақадал маңдай терімен өсірген өнімін өткізу мәселесін шешуге тиіс. Жергілікті құзыретті орындар шаруаларға кеңес беріп, жаңа өткізу нарықтарын табуға, әлеуетті сатып алушылармен байланыс орнатуға көмек көрсетпесе болмайды. Жүгері бағасы өнім өндіруге кеткен шығын мен сапаны ескере отырып тағайындалуы қажет. 
Бағаның реттелуі алдағы көктемде егілетін егіннің көлемін айқындайтыны сөзсіз. Жүгеріні қайта өңдеу саласында мемлекеттік қолдау тетіктерін қарас­тыру маңызды, ол өнімге сұраныс туғызады және фермерлердің өнімін өткізу нарығын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл шаруалардың басты мұқтаждығы екені шындық. Сондай-ақ салада маркетингті жақсарту күн тәртібінде тұр. 
Еліміздің оңтүстік өңірінде жүгері өнімін өткізуге байланысты қалыптас­қан жағдаяттың әділетті шешімін табуы ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ауылдың әл-ауқатына, фермерлердің мүддесін қорғау­ға ықпал етеді. Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі күн тәртібінде тұрған уақытта шаруаларды әуре-сарсаңға салмай, өз жерімізде өскен дәнді дақылдарды дер кезінде кәдеге жарату кезек күттірмейді.  

Дина ТАЗАБЕКҚЫЗЫ 

283 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз