Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 13 Қаңтар, 2024

«Патша көңілім, не дейсің?!»

Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуаныш Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!..» атты комедиясын сахналады. Комедияда да біз бастан кешкен қоғамның күрделі проблемаларын бірігіп қалай шешеміз дейтін мәселелерді де сахнаға шығаруға болады екен. Оған осы жолы куәгер болдық.

Бір отбасының тірегі Әбдірәсіл ақсақал (Ақыш Омар, Боранбай Молдабаев) балалары әлдеқашан ауылдан қол үзіп, қалаға кеткендігіне соншалық қайғыра да қоймайды. Бірақ әкелік сағыныш оны күндіз-түні ұйқыдан айырады, жатса да тұрса да төрт ұлы мен жалғыз қызын ойлайды. Балалары қалада өздері таңдаған мамандықтары бойынша әртүрлі жұмыстар істейді. Оларға ақсақал «әке-шешелеріңнің қалған өмірі санаулы ғой, бір-екеуің ауылға келіп, қарашаңыраққа ие болсаңдаршы» дейтін жаттанды «жарапазанды» айтқысы келмейді. Ол пікірдің жұртты елең еткізе алмайтындығын жақсы түсінеді. Енді не істеу керек? Ара-тұра көрші-көлем «Әбдірәсілдің төрт ұлы дүниені тіреп тұрған жоқ па, жұмыс-жұмыс деп өле ме, шіркіндер, жылына кезектесіп, бірер мәрте төбе көрсетіп, келіп тұрса қайтеді?» дейтін өсек-аяңды да гулететін тәрізді. Ақсақал соның бәріне шыдайды, іштей тынып жүре береді. Бірақ бір күні бомба секілді жарылуы кәдік-ті.
Ал қалаға кеткен бес бала сан түрлі шаруаның қамымен ертеңді-кеш тұс-тұсқа шапқылап жүріп, ауылда ағайын­-тума бар-ау, дос-жаран бар-ау, тіпті әке-шеше бар-ау дейтін сезімдерді де мүлде ұмытқан. Әрине, жұрттың бәрін осы ойдың қауызына тықпалап сый­ғызудан аулақпыз, десе де ата-мекенге айлап-жылдап атізін салмайтын «жат­бауыр­­ланған» ұрпақ барын естен шығаруға әсте болмас. Олардың көп те болмауы мүмкін, бірақ жоқ дей алмасымыз анық.
Былайша қарағанда, бір отбасының тыныс-тіршілігі. Комедияда жатбауыр ұрпақтың болмыс-бітімі толық ашылады. Осы жағдайға не себеп? Қанша бір қауырт шаруа кеңірдектеп алып жатса да, әке-шешені ұмыт қалдыру дегенді санаға қалай сіңіреміз, осы жайдың жауабын тез арада ауыз толтырып айтып бере аламыз ба? Сұрақ көп. Әкелік, бәлкім, адал көңілді адами сағыныш дейміз бе, Әбдірәсіл ойлана келіп, ақыры мынадай шешімге келеді. Кемпірі Шамшагүл (Майра Омар, Лейло Бекназар) «буаз түйесі теміржолға кетіп қалмады ма?» деп, үйден шығып кеткенде көршісі Қойлыбайға (Асылбек Қапаев, Дастан Әлімов) қалта телефоны арқылы қаладағы балаларына «Әкең өлді!» деген суыт хабар бергізеді. Осы байламды өзінше дұрыс, табылған шешім деп түсінеді.
Бірі қалмастан, қат-қабат жұмыс­тарына да қарамастан келіншектерін ертіп, «өлген әкені» жоқтауға келген балаларының қам-қарекеті еріксіз күлкі шақырады. Күлкіден бұрын кенет «өлген әкені» бір шетке ысыра салып, әкелерінің «бір кезде керек болар» деп Ұлы Жібек жолы бойынан алып қойған он сотық жерінің тағдырына алаң болады да кетеді. «Осы жерді, бизнеске таптырмас жерді қалай пайдаға асырамыз» дейтін жоспар бірінші планға шыға келеді. Тірі кезінде әкелеріне жасай алмаған перзенттік борышты «Әбдірәсілдің мейрамханасын» салып, толықтай ақтамақшы, өсек-аяңнан өстіп құтылмақшы. Күлкілі эпизодтардан ес жия алмайсың. Артынша көзіңе жас келгендігін де жасыра алмайсың.
Әбдірәсілдің жалғыз қызы Гүлжәмила – (Жанар Қасымова, Айшолпан Жаңабергенова) комедиядағы ұмытылмайтын күрделі бейненің бірі. Ауылдан қалаға кеткенімен тұрмыста жолы болмаған. «Бала тумадың» деп күйеуі тастап кетеді. Қойлыбаймен кезінде бір сыныпта оқыған, Қойлыбайдың Гүлжәмилаға арнап өлең шығарғаны да бар. Бүр жара бастаған бала махаббат дегеніне жете алмай, орта жолда сөніп қалған. Қойлыбай ауылда трактор айдайды, Әбдірәсілдермен көрші, қарияларға қолдан келген көмегін аямайды. Оған «әкесін жерлеуге» келген Гүлжәмиланың толықтай көзі жетеді. Бес баласы бар, әйелі өткенде созылмалы сырқаттан қайтыс болған. Балаларына қамқоршы, тамақты да өзі пісіреді. «Қалаға барғанда қандай ұшпаққа шықтым, ең құрыса перзент те сүйе алмадым» . Көзге бірден ұрып тұрмаса да, Гүлжәмиланың осы ойы көрермендерге анық белгілі. Гүлжәмиланың ақыр соңында Қойлыбаймен ендігі қалған ғұмырды бірге өткізуге келісім бергені де табылған деталь, табылған штрих! Біз осы эпизодты режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың сахнадағы олжасы деп түсіндік.
Шамшагүлдің бастары бір кісідей жиналып келген келіндеріне, әлде сынау үшін: «менде сендермен бірге қалаға кетемін. Титықтап шаршадым. Қоралы малына ие болып қалсын осында!» деп шалына қыр көрсететін тұсы бар. Ол әлі шалының «өлгендігін» білмейді, ондай қулығын Әбдірәсіл кемпіріне алдын ала ескертпейді. «Өлген ата» айдалада қалады да, келіндерінің арасында «кемпірді кім бағады, бұл кісі кімнің үйінде тұрады?» дейтін осы күнгі көзімізге көптен таныс теріс пиғылды жағдай күн тәртібіне шығады. Келіндерінің бір-бірін жеп қоя­тындай алакөзденуі, жоқ нәрседен ілік тауып, бір-бірінің бетін тырнайтындай парадокске енуі күлкілі һәм аянышты.
Қойылымның бастан-аяқ сюжетін тәспірлеуден аулақпыз. Премьера аншлакпен өтті. Билет таба алмағандарды да құлағымыз шалды. Комедия «бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көп болып, бірігіп қалай шешеміз?» дейтін күрделі сұрақтарға жауап іздейді. «Өліп қалған» Әбдірәсіл тіріліп, балаларына не себепті «өлгендігін» түсіндіреді: «Сендер көп нәрсені ұмыттыңдар, соны естеріңе салайын деп, әдейі осындай «өлімге» бардым. Әке-шешенің тері сіңген шаңырақта ғажайып бір тәтті иіс бар. Осы иіс қана сендерді бәле-жаладан қорғап жүреді. Ол иісті ешжерден кезіктіре алмайсыңдар. Мен өлген күні бәлкім, ол иіс те аспанға ұшып кетер... Соны армансыз иіскесін дедім... Енді өлмеймін, екінші өлу дегенді атамаңыз...»
Қаллекей театрындағы жаңа қойылым жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап, көпшілік назарына қайта ұсынылады. Отбасының қадірі, әкенің орны, әке мен бала арасындағы сағыныш, ағайын-туыс қарым-қатынасы қандай болу керек дейтін түйінді сұрақтарға мәселеге іздесеңіз, «Патша көңілімді...» көріңіз.

Әйтен Имағанбетов 
Астана

335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз