Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 14 Қаңтар, 2024

Заманбек Нұрқаділовке арнап ас берілді

Қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай Алматы қаласында ел азаматының рухына арналып ас берілді, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.
Қоғам қайраткерінің рухына бағышталған жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ізгі ниетін арнайы жолдады. Оны жиналған көпшілікке ҚР Президентінің кеңесшісі - Баспасөз хатшысы Берік Уәли оқып берді.

"Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы - осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз.

Ұлт перзентінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру - ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері - Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын.

"Тарих - таразы" деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды", - делінген Президенттің хатында.

Сондай-ақ, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың барша депутаттар атынан жолдаған ресми хаттары асқа жиналған қауымның алдында оқылды.

Асқа Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарының басшылары, еліміздің интеллигенция өкілдері, ғалымдар мен қаламгерлер, саясаткерлер, мен Парламент депутаттары, бірге қызмет істеген замандастары мен туыстары қатысты.

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз