Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 18 Қаңтар, 2024

Жәнібек Жұмағұловтың туған анасын табуға қатысты іс Бас прокуратураға жіберілді

Бельгия азаматы асырап алған 22 жастағы Жәнібек Жұмағұлов (Джани) Қазақстанда туған анасын іздеп жатыр. Әзірге анасын табу мүмкін болмай жатыр, іздестіру жұмыстары жалғасуда. Осы орайда Kazinform агенттігінің тілшісі отандасымыздың анасын іздестіру жұмыстарының барысымен танысу үшін Жәнібек Жұмағұловтың Қазақстандағы ресми өкілі Қымбат Досжанмен сұхбаттасқан еді.

«2004 жылы Қазақстаннан асырап алынған Жәнібек Жұмағұловтың туған анасын іздеумен айналысқанымызға бір жарым айдан асты. Осы уақыт ішінде біраз дерек жинадық және кейбір жайттарды құқық қорғау органдарының көмегінсіз жасай алмайтынымызды түсіндік. Осы орайда біз (Жәнібек Жұмағұлов, Қымбат Досжан Жәнібектің Қазақстандағы ресми өкілі) Арқалық қалалық полиция департаментіне «Салғырттық» (немқұрайлылық) деген баппен іс қозғау туралы арыз жаздық. Алайда істі қылмыстық құрамы жоқ деп жауып тастады», - деді Қымбат Досжан.

Сонымен қатар Қ. Досжан аталған мәселені қарауды Бас прокуратураға жібергенін мәлім етті.

«Арызда сараптамалық зерттеулердің нәтижесі мен Жәнібекті асырап алуға қатысты өзіміз көз жеткізген мәліметтер көрсетілді. Бас прокуратураға өтінішті балаларды шетел асыру, яғни қылмыстық құрамы бар бапқа сүйене отырып жаздық. Әзірге осы жайт туралы толық мәліметті ашып айта алмаймын. Прокуратураның жауабын күтеміз. Жәнібекті асырап алған Бельгия азаматы оған қатысты деректер мен суретін электронды пошта арқылы алған. Ол кезде халықаралық бала асырап алу туралы агенттіктері біздің елімізде, одан бөлек, Ресей, Түркия тағы басқа мемлекеттерде жұмыс істеді», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер ол кезде (2000 жылдардың басы) елімізде балаларды шетел азаматтарына асыруға беруге қатысты база болмағанын айтты.

Одан бөлек, ресми өкілмен сұхбат барысында Жәнібекті асырап алған бельгиялық азаматтың Қазақстанға келгенде лауазымды тұлғаға ірі көлемде ақша бергені белгілі болды.

«Жәнібектің туған жеріне сапары біраз былықтың бетін ашқалы тұр. Себебі сол кезде Арқалықтағы балалар үйінде жұмыс істеген қызметкерлер әлі де орнында жүр. Мен Жәнібектің анасымын деп келген әйел болды, бірақ ДНК-ы сәйкес келмеді. Туған анасын әзірге таба алмай жатырмыз. Қазір бар уақытымызды осы іске арнап жатырмыз және Жәнібектің туған анасын іздеу және істің мән жайын анықтау жұмысы тоқтамайды», - деп толықтырды Қымбат Досжан.

Фото: instagram.com/Muratsaveliev

272 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз