Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 18 Қаңтар, 2024

Қастеев шығармашылығына арналған көрме

Алматының Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Әбілхан Қастеев. Ғасыр мұрасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш көрме қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына байланысты ұйымдастырылды. Іс-шараға Әбілхан Қастеевтің ұрпақтары, мәдениет және қоғам қайраткерлері, оқушылар мен өнер сүйер қауым қатысты.

Мерейтойға орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауы оқылды.

«Бұл мекеме — халқымыздың жауһар туындыларын жинақтап, ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде дәріптеп жүрген шаңырақ. Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің коллекциясына мұра болып қалған оның кескіндемелік және графикалық көркем туындыларын Қазақстан Республикасының көркем шежіресі деп атауға болады» - делінген құттықтауда.

Алматы қаласы әкімдігінің құттықтауын қала әкімінің ішкі саясат, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, жастар саясаты, тілдерді дамыту және басқа да мәселелер жөніндегі орынбасары Арман Қырықбаев оқыды.

«Қазақ баласына мынадай бейнелеу өнері сол заманда таңсық еді. Сондықтан Әбілхан Қастеев тыңнан төлеу салып, мұзды жарып жол салып берді, артынан қаншама шәкірт ерді. Бүгін осындай қайталанбас тұлғаның 120 жылдығын атап өту мерейтойға арналған алғашқы шарада жиналып отырғанымызға қуаныштымын» - деді.

Ауқымды көрме ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті суретшісінің шығармашылығындағы эволюцияның ретроспективасын көрсетеді. Музей қорында Әбілхан Қастеевтің 400-ден астам туындысы бар, ал бүгінгі көрмеге 300-ге жуығы қойылған екен. Көрменің басты ерекшелігі - суретшінің өзі салған ою-өрнектері халық назарына ұсынылған. Әрі сол ою-өрнектер негізінде тоқылған кілемдерді де көрмеде тамашалай аласыз.

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Мұсағұлқызы көрмедегі барлық туындыларды біріктіріп, бір кітап етіп шығаруды жоспарлап жатқандарын жеткізді.

Қазақстанның Халық суретшісінің 120 жылдығына орай Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі жас суреткерлер арасында байқау ұйымдастырды. Байқау мақсаты — Қастеевтің шығармашылығын жастар арасында дәріптеу. Қараша айында байқау шарттары жарияланып, барлық мектеп пен жоғарғы оқу орындарына хабарланған.

«Біз 100 жұмыс келсе екен деп едік. Бірақ 500-ден астам жұмыс келіп түсті. Оның 95%-ы оқушылардың шығармашылығы. Бұл Әбілхан Қастеевтің тұлғасына, оның өнеріне қызығушылық бар деген сөз. Байқау үш бағытта: анимация, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер бойынша өткен. Әр номинация бойынша 3 оқушы, яғни 9 оқушы марапатталды» - деді Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінің оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ықылас Шайхиев.

Байқауға қатысқан жұмыстардың ішінде 15 жасар Айша Адамбектің жасаған мүсіні үздік деп танылды. Әбілхан Қастеевтің  қылқалам ұстап отырған мүсінін автор суретшінің баласы Нұртас Қастеевке өз қолымен тапсырды.

«Әбілхан атамыздың өмірін, тарихын оқыдым. Шығармашылығынан шабыт алдым. Ерекше құштарлықпен  осы мүсінді 1 тәуліктің ішінде-ақ жасап тастадым» - дейді «Өрнек» өнер және білім орталығының оқушысы.

Қылқалам шеберінің мерейтойы бұнымен тоқтамақ емес. Әбілхан Қастеевтің шығармашылығына арналған алда әлі талай іс-шаралар, көрмелер, конференциялар өтпек.

Айта кетсек, 2004 жылы Әбілхан Қастеевтің туғанына 100 жыл толған еді. Ә. Қастеевтің 100 жылдық мерекесін атап өту ЮНЕСКО-ның 2004 жылғы халықаралық күнтізбесіне маңызды оқиғалардың бірі болып енген. Биыл да мерейтой бейнелеу өнерінің ұрпағы үшін маңызды болары сөзсіз.

                         Гүлзат Демесбаева,

                          «Қазақ газеттері»

463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз