Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 18 Қаңтар, 2024

Қару асынған қаскөйлер түз тағыларын қынадай қырып жатыр

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Қасымқызына депутаттық сауал жолдаған болатын. 
«Екі апта бойы ел аралап, алыстағы ағайынның талап-тілегін мәжіліске арқалап келдік. Бүгін Алматы облысы Балқаш ауданындағы халықтың мұң-мұқтажын жеткізсем деймін. Іле өзенінің сағасын жайлаған жұрт, өңірдің экологиясы бұзылып, аң-құстардың азайып бара жатқанын айтады. Себебі соңғы уақытта браконьерлер көбейген. Қару асынған қаскөйлер түз тағыларын қынадай қырып жатыр екен. Бірақ құзырлы орган тарапынан қатаң қадағалау жоқ. Оның үстіне аң атуға рұқсат беретін қағаз оңды-солды сатылып жатыр дейді жергілікті жұрт. Қанша құс пен жабайы аңның ауланғаны туралы есеп-қисап жүргізілмейді. Салдарынан жабайы аң-құстың популяциясы азайып, Іле мен Балқашта балық қалмаған. Сондықтан аудан халқы осы өңірде аң аулауға уақытша мараторий жариялауды сұрап отыр. Себебі осындай шектеу шараларын енгізбесек, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, жан-жануарлар әлемі жойылып кетуі мүмкін. 

Сондай-ақ Балқаш ауданы туризмді дамытуға таптырмайтын жер. Алайда өңірдегі ресми жұмыс істейтін 28 демалыс орталығының тек 12-сі Балқаш ауданда тіркелген. Олар өткен жылы аудан бюджетіне небәрі 56 миллион теңге салық төлепті. Ал, қалған 16 нысанның қожайыны шетелдіктер немесе өзге қалада тіркелген компанияларға тиесілі екен. Кезінде жекенің қолына өтіп кеткен шұрайлы жерлер Іле-Балқаш резерватында орналасқан. Осы табиғи қорыққа бұқар бұғысы, елу бас құлан әкелінген екен. Алдағы жылы Тұран жолбарысын жібермекші. Резерваттың айналасын браконьерлер торып, ортасында жеке демалыс орталықтары орналасса, қызыл кітапқа енген аң-құстарды қалай көбейтеміз? Президент, әр сөзінде туризм саласын дамыту керек деп айтып жүр. Алайда табиғаты әсем жерлерді жандандырудың орнына, аң-құсын қырып, қоршаған ортаны қиратып жатырмыз» - деді депутат.

287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз