Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Қаңтар, 2024

Мемлекеттік қызметке үміткерлер саны 2,7 есе өсті

 Мемлекеттік қызметке үміткерлер саны 2,7 есе өсті. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2023 жылғы жұмыс қорытындысына арналған жиында ведомство басшысы Дархан Жазықбай айтты.

Оның атап өтуінше, өткен жылы мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі 6 мемлекеттік органда, атап айтқанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Көлік министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі және Ақмола облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктерінде сынақтан өткізілді. Сонымен қатар агенттік іріктеуді толық цифрландыру арқылы «е-Qyzmet» интеграцияланған ақпараттық жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізді.

«Сыртқы порталда мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленді, онда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген жерінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік органдарда өткізілген 1246 астам конкурсқа 5 815 үміткер қатысып, оның 652-і жеңімпаз ретінде танылды», - деді ол.

Дархан Жазықбайдың айтуынша, онлайн жүйе бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы (1,7 адам) іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артты. Бұл, азаматтардың жаңа жоба аясында мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы біршама артқанын көрсетіп отыр. Биыл жаңа іріктеу жүйесін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік органдарда енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ МҚІА басшысы мемлекеттік қызметтегі бюрократиялық кедергілерден арылудың маңызды құралы ретінде кадрлық процестерді одан әрі цифрландыру бойынша агенттік жүргізіп жатқан шаралар туралы айтты.

Фото: МҚІА баспасөз қызметі

328 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз