Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Қаңтар, 2024

Екі миллион құжат құпиясыздандырылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Алматыдағы жұмыс сапары аясында Президент архивінде баспасөз өкілдерімен кездесіп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысының қортындысымен таныстырды, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Президент архивінде осы уақытқа дейін жиналған қор 700 мың істен тұрса, үш жылдың ішінде Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ т.б жабық қорлардағы 2 млн-нан аса құжат құпиясыздандырылды. Оның ішінде іс материалдарынан бөлек картотека сияқты дүниелер де бар. Осы арқылы архивке тағы 600 мыңнан астам іс құжаттары берілді. Яғни бір ғасырда жиналған материалдардың көлеміне парапар материалдар үш жылдың ішінде жиналды. Бұл – 600 мың парақ емес, 600 мың іс қағаздары. Бір істің өзі бірнеше томнан құралуы мүмкін. Мәселен, архивте 43 томнан тұратын бір қылмыстық іс бар. Жалпы, бір істің өзі 500 параққа дейін жетеді. Бұл архивке де салмақ. Аталған құжаттар 1920-1950 жылдар аралығын қамтиды.

Әр материалды сақтаудың өзіндік тәртібі бар. Бірінші, залалсыздандыру. Өйткені көгеріп, саңырауқұлақтанып кеткен қағаздар бар. Оған арнайы аппараттар көмекке келеді. Кейбір материалдардың құрамында заттай дәлел-айғақтар бар. Оның құрамында тіпті улы заттар болуы ықтимал. Сондықтан бәрін залалсыздандыру керек. Одан кейін реставрациялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Содан соң цифрландырылады. Сондықтан Мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтағанымен алда кем дегенде 5-10 жылға жететін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Мұндай көлемді жұмыс посткеңестік елдер кеңістігінде еш елде жүргізілген жоқ. Яғни бір уақытта барлық жабық қорлардағы материалдарды құпиясыздандырып, қолжетімді қылу бағытындағы жұмыс жүргізілген емес.

– Осы комиссия жұмысының қортындысы аясында бұрын белгісіз болған көптеген материал табылды. Мысалы, әр облыстан кем дегенде екі-үштен саяси репрессия құрбандары атылған, жерленген жүзге жуық орындар, тарихқа беймәлім болған көтерілістер, бұрын белгісіз болған лагерьлер анықталды. Жаңа құжаттар табылды. Әлихан Бөкейханның Семейдегі орталыққа жіберген хаты табылды. Ең бастысы, Жүсіпбек Аймауытовтың бұрын жарияланбаған өлеңі табылды. Бұл Қарағанды ОГПУ-ының іс қағаздарының арасынан шықты. Дегенмен біз оны жариялауға асыққан жоқпыз. Төте жазумен жазылған, кейбір жерлері өшіп қалған. Оны қалпына келтірдік. Жүсіпбектанушы ғалымдарды шақырып, оларға көрсеттік. Мәтіндердің ұйқасына байланысты күмән болды. Жүсіпбек Аймауытовтың шығармасы екені қаншалықты рас? Тарихқа қиянат жасамау керек, басқа адамның шығармасы болуы әбден мүмкін. Сондықтан асықпай зерттеліп, зерделенді. Басқа құжаттарды қарау барысында бес адамның куәлік еткені белгілі болды. Бұл өлең адамдардың ауызша таратуына байланысты ұйқаспауы мүмкін деген тұжырымға келдік. Өйткені түрмеде жазуға арнайы жағдай болған жоқ. Сонда да анықтай түсу мақсатында үш институттың – Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарынан құралған жұмыс тобын құрдық. Былтыр тамыз, қыркүйек айларында осы ғалымдар лингвистикалық тұрғыдан талдау жасап, аталған шығарманың Жүсіпбек Аймауытовтың абақтыда жазған соңғы шығармасы деген тоқтамға келді. Бес-алты парақтан тұратын бұл шығарманы анықтаудың өзіне тоғыз ай жұмсалды, – деді Ерлан Тынымбайұлы.

Енді осы іспетті құжаттардың барлығына қол жеткізуге болады. Бұрын бұл құжаттар саланы зерттейтін ғалымдардың да қолына түсе бермейтін құпия материалдар санатында болды. Сол себепті 600 мың іс материалы зерттеушілерге қолжетімді болмақ. Дегенмен, құжаттарды толық айналымға түсіруге әлі уақыт керек.

Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина зертханадағы құжаттардың реставрациялық өңдеу, қалпына келтіру, сақтау жұмыстарымен таныстырды. Оның айтуынша, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу орталығында 20 қызметкер еңбек етеді. Олар барлық құжатқа сипаттама мен ғылыми анықтама береді, жаңа шифрлер қойып, парақтарды нөмірлейді.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихына қоғам тарапынан қызығушылық ерекше. Сол себепті бізге олардың туыстары, ұрпақтары, қоғам қайраткерлері тарапынан сұраныс көп түседі. Архивтің өз тәртібі бар. Сондықтан осы ғылыми-ақпараттық анықтамалықты жасаймыз. Қызметкерлеріміз әр істі қарап негізгі базаға енгізеді. Жабық қорларда бұл жұмыстар жүргізілмейді. Тіпті талаптарға сәйкес сақталмаған. Ауа температурасы, ылғалдылық, шаң-тозаң болғандықтан жабық қорлардың материалдарымен жұмыс істеу біздің мамандар үшін өте қауіпті. Сондықтан сақтық шараларын сақтай отырып жұмысты жүргізіп жатырмыз. Бір жылда 600 мың істің 40 мыңына ғана сипаттама жасап үлгердік, – дейді Әлия Құсайынқызы.

Фото: Юрий Беккер

364 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз