Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Қаңтар, 2024

Жүсіпбек Аймауытұлының абақтыда жазған ақырғы жыры табылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Президент архивінде баспасөз өкілдерімен кездесуінде Жүсіпбек Аймауытұлының абақтыда жазған ақырғы жыры табылғандығы көрсетілді, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.

Комиссия екі миллион құжаттың құлпын ашып, құпиясыздандырған. 600 мың құжат архивке өткізілді. Оның ішінде 43 томнан тұратын істер де бар екен. Бұл құжаттар енді баршаға қолжетімді. Құжаттар арасында Жүсіпбек Аймауытұлының абақтыда жазған ақырғы жыры да бар. Мемлекеттік кеңесші әр құжаттың ыждағатпен қаралып, мұқият зерттеліп, зерделенгенін атап өтті. Мысалы Жүсіпбектің жыры бес адамның куәлігі негізінде нақтыланып, әдебиеттанушы ғалымдардың анықтауынан кейін ғана ұсынылып отыр.

Жүсіпбек Аймауытұлы

«Тез өлмен!»

(1929-1930 ж.)

Ел едік егер ежелден,

Елірдік ел бар дегенмен.

Ел деген елің ел болмай,

Егілдік ақыры не кеммен.

Теңім жоқ еді теңелген,

Теңдікке жетіп кенелген.

Тентегім көп еді тепсінген,

Тепті кеп ақыры төбемнен.

Көк мойын туып көбеңнен,

Көкірді тулап кегеннен.

Көгеннің көк тал бұршағын,

Көре алмай көзі көгерген.

Көгерген емей немене,

Көгенделді не кердең.

Беделді беріп бейнетке,

Бет бақтырмай безерген.

Содырмен түскен кісі жоқ,

Сойқанды жұртың есі жоқ.

Соқтығып сонша жынды ма?

Соқталы найза күші жоқ.

Тентекте иман, Құдай жоқ,

Соғатұғын аруақ, Құран жоқ.

Жайрасаң жан жоқ, жан жазар,

Ұлыста ұлтанды ұран жоқ.

Шықпаса жаным денемнен,

Не салса тағдыр көнем мен.

Бір өзім ... өлмеймін,

Бір ғана соған сенем мен.

Кеудемде кемел жүрек бар,

Тілек бар онда сезіммен.

Артымда қорғар ауыз бар,

Өлсе де денем, тез өлмен!

КР ПА. 352 к. 1 т. (Қарағанды обл.). 1093 іс. 2 т. 522-523 пп. (араб графикасы).

572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз