Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 19 Қаңтар, 2024

Қаламгерлер арасында «Құлагер» әдеби байқауы жарияланды

Ұлттық спорт қауымдастығы мен Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесе отырып, қаламгерлер арасында «Құлагер» республикалық әдеби байқауын жариялады.  5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ұйымдастырылған  байқаудың негізгі мақсаты - ұлттық спортты насихаттау, қаламгерлерге қолдау көрсетіп, қазақ әдебетінің қорын  ұлттық спорт түрлері туралы тың туындылармен толықтыру.

Алматы қаласындағы Жазушылар одағында өткен салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Марфуға Айтхожина, Қаназ Молдахмет сынды зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар, қазақтан шыққан халықаралық дәрежедегі тұңғыш шабандоз Бауыржан Мырзабаев шараның құрметті қонағы болды.

«2024 жыл қазақ халқы үшін, соның ішінде өркениет үшін өте ерекше болайын деп тұр. Өйткені елімізде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 100-ден астам елдің спортшылары қатысады. Жарыс ат шабыс, күрес, садақ ату, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлерінен тұрады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанда алғаш рет өтейін деп жатыр. Осы үлкен шара қарсаңында ұйымдастырылып жатқан әдеби байқаудың да орны ерекше. Байқау арқылы ұлттық ойындарымыздың қазақ халқын өзге елдерге қалай таныстыратыны жөнінде жақсы шығармалар жазылады деп ойлаймын. Өнердің ішіндегі ең бір қастерлісі – көркем әдебиетте ұлттық мүддеге сай келетін туындылардың үлесін арттыру қажет», - деді Жазушылар одағының басқарма төрағасы.

Салтанатты шара барысында Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов республикалық байқаудың маңызына тоқталып, әдеби доданың не себепті «Құлагер» аталғанын түсіндіріп өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға баса назар аударғаны белгілі. Бұл ретте биыл өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қаламгерлер арасында «Құлагер» республикалық байқауының жариялануы қуанышты жаңалық. Әрине, байқау атауы кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Өйткені Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» – ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия. Сондықтан, осындай байқау арқылы қазақ әдебиетіне жаңа есімдер мен тың туындылар қосылып, ұлттық әдебиетімізді байыта түседі деген сенімдемін», - деді меценат.

Байқау шарты бойынша үміткерлердің жұмыстары Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына ресми түрде кіретін «Теңге ілу», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік», «Садақ ату», «Асық ату», «Жорық» секілді ұлттық спорт түрлерін басты тақырып етуі керек және қаламгерлердің жасына шектеу қойылмайды.

Байқау келесі номинациялар бойынша өтеді

1. Үздік поэзия

2. Үздік проза

3. Балаларға арналған үздік шығарма

4. Үздік комикс

5. Үздік драма

6. Үздік деректі проза

7. Үздік фантастикалық/мифологиялық шығарма

Әр номинация бойынша үздік деп танылған шығарманың авторына «Құлагер» байқауының авторлық мүсіншесі мен Ұлттық спорт қауымдастығы тағайындаған 2 000 000 (екі миллион) теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы беріледі. Байқауға қатысатын шығармалар бұрын-соңды еш жерде жарияланбауы керек.  Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен анықталып, тамыз айында марапатталады, ал байқауға өтінім қабылдау осы жылдың 22 қаңтары мен 22 маусымы аралығында өтеді.

Байқауға қатысуға өтінім беру үшін http://qulager.ultsport.kz/  сайтында сауалнаманы толтырып, шығарманы жүктеу қажет. Толық ақпаратты qulagerultsport@gmail.com электрондық поштасы арқылы ұйымдастыру комитетінен білуге болады.

 

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері"

Суреттерді түсірген - Юрий Беккер

553 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз