Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 24 Қаңтар, 2024

Алматыда экожурналистика бойынша үшінші біліктілікті арттыру курсы өтті

Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстандағы экожүйені сақтау және қалпына келтіру: масс-медиа мен әлеуметтік желілердің ықпалы» экологиялық журналистика бойынша үшінші курс өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

Іс-шара БҰҰ Ақпараттық Бюросының - БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Өкілдігі және Орталық Азиядағы БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарлама субөңірлік кеңсесінің қолдауымен  жүзеге асырылды.

Курстың ашылуында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Қалымбекқызы Еркінбаева: «Экологиялық ойлау қалыптастыруда университеттердің орны айрықша. Деректер шынайы болуы және ресми деректерге негізделуі экология мен қоршаған ортаға деген дұрыс көзқарас қалыптастырады.

Журналистер экопроблемаларды медиада жариялаудың векторларынан бастап, экология саласындағы деректердің шынайылығы, экологиялық тақырыптарға мультимедиалық сторителлинг құрудың әдістерін үйренді», -дейді.

Проректор курстың тағы бір маңыздылығын ерекше атап өтті. «Қатысушылардың бастамасымен экологиялық тақырыпта жазатын журналистердің ұлттық желісін құру ұсынылды. Экология саласында мәселе қордаланған. Эколог ғалымдар мен журналистердің, еріктілердің жаңа білім мен ақпараттық дағды жинаудағы ынтымағын арттыруды күн тәртібіне шығарды. Бұл жаңа білім мен дағдыларды арттыруда эколог ғалымдардың, журналистер мен еріктілердің бірлігі қажеттілігін дәлелдейді», - дейді Ләззат Қалымбекқызы.

Курстың модераторы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева: «Бұл шарада біздің Баспасөз және электронды БАҚ және Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы ғалымдарының дәрістерімен қатар, Ауғанстан, Бангладеш, Нигерия елдерінен келіп оқып жүрген журналистика факультетінің студент, магистрант және PhD докторанттары дайындаған өз елдеріндегі медиаэкология проблемаларына қатысты презентацияларды көрсеттік. Бұл өз кезегінде халықаралық экожурналистика саласын дамыту мақсатын да көздейді. Тәлім алған қатысушылар алдағы уақытта медиаэкология саласында сауатты ақпараттарды жеткізеді деген ойдамыз», - дейді.

Сондай-ақ, курстың ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілі Анель Көшкінбаева, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілі, ҚР БҰҰ Ақпарат Бюросы Басшысы – БҰҰ Жаһандық коммуникация  департаменті өкілі Властимил Самек, ҚР БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасынің Орталық Азия елдері бойынша  субаймақтық кеңсесі өкілі Айдай Құрманова, Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев, География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Алия Ақтымбаевалар сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Курс шеңберінде «Климаттың өзгеруімен күресудегі медиа құралдары», «Экологиялық проблемаларды шешудегі әлеуметтік желілердің ықпалы», «Тұрақты даму мақсатында экологиялық серіктестік» атты модульдер талқыланды.

«Қазақстандағы экологиялық және климаттық өзгерістер» атты кітаптар көрмесі мен «Қазақ газеттері» ЖШС веб-сайт қызметкері Досжан Балабекұлының «Алматы және Жамбыл облыстарының экожүйесі» атты фотосуреттер көрмесі қойылды. 

Іс-шараға БАҚ өкілдері, журналистер, үкіметтік емес ұйымдар, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Еске салайық, аталмыш шара 2020 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру аясында өтіп келеді.

Досжан Балабекұлы, Философия кафедрасы

430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз