Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Қаңтар, 2024

"Ақ желкен" журналының тілшісі Президенттік арнаулы әдеби сыйлығының лауреаты атанды

Бүгін Алматыда  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дарынды ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында тағайындалған  Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың тұңғыш иегерлерін марапаттады,  - деп хабарлайды kazgazeta.kz.

Салтанатты шараға белгілі ақындар мен жазушылар, мәдениет қайраткерлері қатысты.

«Әдебиет – ұлттың жаны. Ол әрдайым халықпен бірге үздіксіз дамып отырады. Шығармашыл тұлғаның қаламынан қашалып шыққан туынды қай кезде де әлемдік контекстегі ұлттың ерекшелігін танытатыны сөзсіз. Хәкім Абай, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев сынды әдебиет алыптарының шығармалары өз уақытының көркемдік көкжиегін кеңейтті. Руханияттың осынау ұлы көші өз сапарын тоқтатпай, кеше мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғап келеді. Сондықтан біз әрдайым жас қаламгерлер шығармашылығын айрықша назарда ұстаймыз", - деп атап өтті министр шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. 

Президенттік арнаулы әдеби сыйлық 2023 жылы  18 бен 35 жас аралығындағы қаламгерлерді қолдау мақсатында  тағайындалған. Шарт бойынша жас авторлар бұған дейін халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған тың шығармаларын ұсынуы керек. Үміткерлерді анықтау барысында барлығы 53 өтінім қабылданған: оның ішінде  «Балалар әдебиеті» номинациясына - 17, «Драматургия» номинациясына - 9, «Поэзия» номинациясына - 13 және «Проза» номинациясына - 14 үміткер өз шығармаларын ұсынған.

Президенттік арнаулы әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаттарының қатарында "Қазақ газеттері" серіктестігіне қарасты "Ақ желкен" журналының тілшісі - Досхан Жылқыбайдың есімі аталды. Досхан «Проза» номинациясы бойынша «Квант» шығармасымен ерекшеленген.

"Бұндай сыйлықтар қазақ әдебиетіне болашақта келетін үлкен еңбектердің қолдаушысы деп білемін. Берілген қаражат қаламгерге қосымша жұмыстардан қол үзіп, әдебиет үшін еңбек етуге мүмкіндік жасайды", - дейді Досхан Жылқыбай әдеби сыйлық турасында. 

Сондай-ақ, «Поэзия» номинациясы бойынша Еділбек Дүйсеновтің «Қалалық құстар» өлеңдер топтамасы,  «Драматургия» номинациясында Айтолқын Әшімованың «Тау көтерген Толағай» драмалық туындысы, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Олжас Қасымның «Атың озсын, азамат!» топтамасы жүлделі орынға ие болды.

Аида Балаева «Қазақстанның жас жазушылары мен ақындарына арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағының иегерлеріне арнайы дипломдар мен төсбелгілер және ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері" серіктестігі

Суреттерді түсірген - Юрий Беккер

306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз