Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Қаңтар, 2024

Қуанышбек Есекеев Президентке атқарған жұмыстарының нәтижесі туралы есеп берді

Мемлекет басшысы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

«Қуанышбек Есекеев „Қазақтелеком“ компаниялар тобының былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижесі туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды. 2025 жылдың соңына қарай 5G желісін жедел енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты. Қызмет сапасын жақсарту жұмыстары жөнінде мәлімет берді» - деп жазылған хабарламада. 

Оның айтуынша, биыл компанияның 63 мың абонентінің ескірген мыс желісін заманауи оптикалық желіге ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ 50 мың тұтынушы модемінің технологиялық жабдықтары жаңартылады.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің табаны арқылы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасының іске асырылу барысын таныстырып, бұл жоба Қазақстанның аса маңызды өңірлік телекоммуникациялық хабқа айналуына, ел аумағынан өтетін халықаралық трафик транзитін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық және әлеуметтік салаларды цифрландыру өте маңызды екенін атап өтті. Себебі қазір жаңа телекоммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктері елдің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын заманауи телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз ету қажеттігіне де назар аударып, компанияның барлық инвестициялық жобасын уақытылы іске асыруды тапсырды.

Фото: Ақорда

266 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз