Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 25 Қаңтар, 2024

Әдебиет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табысталды

Мемлекет басшысының өкімімен 2023 жылдың аяғында әдебиет және өнер қайраткерлеріне  мемлекеттік стипендия тағайындалған еді. Бүгін Алматы қаласындағы "Достық" үйінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен аталған стипендия иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі болып өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.

«Президентіміз таяуда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халықты ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдауымыз керек» деді.   Әділетті, әрі Қуатты Қазақстан құру жолында іргелі реформалар мен жаңа бастамаларға жол ашты. Президенттің бастамаларын іске асыруда шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қайраткерлері маңызды рөл атқарады. Сіздер тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы мен ұлттық бірлік пен тұтастықтың берік орнауына сүбелі үлес қосып келесіздер. Жыл сайын тағайындалатын мемлекеттік стипендия – мемлекеттің мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға жасаған қолдауы мен қамқорлығының айғағы, сондай-ақ, олардың Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан үлестеріне көрсетілген құрмет», - деп атап өтті министр құттықтау сөзінде.

Мемлекеттік стипендия ақын-жазушылар мен әдебиеттанушыларға, драматургтер мен публицистерге, театр, кино және балет актерлеріне, қолөнершілер мен өзге де мәдениет  саласына зор үлес қосып жүрген  азаматтарға табыс етілді. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов Иранбек Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешова, Амандос Ақанаев, Дулат Исабеков,  Төлен Әбдік, Әкім Тарази, Гульвер Разиева және басқа да   әдебиет пен өнер майталмандары бар.

"Бұрынғы кеңестік елдердің ішінде Президенттік стипендия тек Қазақстанда бар. Ол енді жылдық азық болмаса да, өнер қайраткерлерінің көңілін жұбататын, мемлекеттің қамқорлығына ие болғандығына риза болатын сәт деп айта аламын. Қайраткерлер аман болып, жасай берсін", – деді марапаттау салтанатында жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков.

Сондай-ақ, Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмова, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, суретші Ренат Елубаев, әншілер Андрей Трегубенко, Назым Сағынтай, актер Максим Ященко және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Гауһар Түстікбаева,

Суреттерді түсірген - Юрий Беккер

261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз