Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 16 Ақпан, 2024

Белгілі ақын Хамит Есаманның «Сағыныш» атты жыр кеші өтті

Тараз қаласында белгілі ақын, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Республикалық «Алтын тобылғы» конкурсының бас жүлдегері, Хамит Есаманның «Сағыныш» атты жыр кеші өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.

Қаламын жанына серік еткен қаламгердің әдеби кешін өз биігінде өткізуге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тікелей қолдау көрсетті. 

– Жыр алыбы – Жамбылдың атымен аталатын облыста руханият пен мәдениетке барынша көңіл бөлініп, осындай шығармашылық кештердің жиі өтуі – заңдалық. Соңғы жылдары өңірдің бұл бағытында айтарлықтай жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы жергілікті 24 қаламгердің кітабы жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Биыл да бірқатар ақын-жазушылардың мерейтойын атап өту жоспарда бар. Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы, Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған шаралар лайықты түрде ұйымдастырылады. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты халықаралық ақындар айтысы да дәстүрлі түрде өтеді. Сондай-ақ, ортамыздағы аға-әпкелеріміз, белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібаев пен ақын Үміт Битенованың да шығармашылық кеші өтетін болады. Бұдан басқа да жоспардағы жобалар, қаламгерлерді қолдау шаралары жалғасын табады. Жалпы, Жамбыл облысы – ұлт әдебиетіндегі көптеген көрнекті тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен. Солардың жалғасындай болған Хамит Есаманның да қазақ әдебиетінен алар орны биікте болады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.

Әдеби шараны ақын, "Ана тілі" газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс жүргізді. Одан бөлек Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан, Ұлықбек Есдәулет, Маралтай Райымбекұлы секілді елімізге белгілі қаламгерлер ақынның жыр кешіне арнайы ат арылтып келді. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы  кеш иесіне одақтың құттықтау хатын тапсырды. 

Шара аясында Хамит Есаманның былтыр «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Фәни-Құбылыс» кітабының тұсауы кесілді. Бұл өз кезегінде ақынның жырларын іздеп оқитын оқырман үшін тамаша тарту болды.

327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз