Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 17 Ақпан, 2024

Кедейге – байлық, байға – билік болатын өнер

Ашықхаттан, картина мен өзге бұйымдардан көз жауын аларлықтай жазуды жиі көреміз. Бұл – каллиграфия. Каллиграфияны каллиграф жазады. Жұмысы оңай емес, тәжірибені талап етеді. Инстаграм парақшасын әдемі жүргізетін қолданушыға шрифт керек. Назар аударатын, көзді шаршатпайтын, жазғаныңа үйлесімді шрифтерді қолданудың да талаптары бар. Біз смартфонда қолданып жүрген шрифтерді де адамдар, яғни каллиграфтар жазған екен. Мұны бізде қонақта болған каллиграф Аружан айтып берді.

Аружан Төлепова 24 жаста. Қызылорда қаласынан. ҚазҰУ-да ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алған. 2023 жылы IT менеджмент мамандығының магистрі атанды. Қазір негізгі жұмысы – каллиграфия. Байқағаным, кейіпкеріміз каллиграфияға жұмыстан гөрі жан рахаты ретінде қарайды. Каллиграфияға алғаш келгенін былай еске алды: «Оқушы кезімде жазу-сызуды жақсы көрдім. Жазуым әдемі болды. 2020 жыл. Карантин. Әлеуметтік желіде каллиграфтың парақшасына тап болдым. «Осылай да жазуға болады екен-ау. Неткен әдемі?!» деп таңырқадым. Сабағын алып, өнерді оқи бастадым. Жазуым әдемі шықпаса да, өз еңбегім әсем көрінетін. Үйде өз бетімше картина салып, видеоға түсіретінмін. Достарым, отбасым мұны қызық көретін, өнеріме тәнті болатын. Ол кезде мені шыдамдылыққа тәрбиелейтін жол күтіп тұрғанын білмедім. Каллиграфия стиліне байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Мен араб каллиграфиясына тоқталдым. Бұл – жай каллиграфия емес, каллиграфия арқылы картина салу».

– Каллиграфияны меңгеруге қанша уақыт арнау қажет? Мүмкін суретшілер мен жазуға икемділер каллиграфияны оңай үйренетін болар? 

– Каллиграфия – сұлулық. Адамды әсемдігімен тартады. Каллиграфия – шегі жоқ өнер. Өзімді болдым-толдым дей алмаймын. Жыл өткен сайын жазуым көркейе түседі. Әлі күнге дейін қазақстандық, шетелдік каллиграфтармен тәжірибе алмасып, сабақ оқимын. Видеода каллиграф ешқандай күш-жігерсіз, оп-оңай салып жатқан болып көрінуі мүмкін. Шынында, мүлдем олай емес. Каллиграфия үйрене салайын, табыс тауып кетейін дейтіндей оңай өнер емес. Шыдамдылықты қажет ететін бөлек сала, жеке қабілет. Жазуыңыз әдемі ме, әдемі емес пе, каллиграфияда рөл ойнамайды. Жазуы әдемінің немесе суретшінің бірден каллиграфияны игеріп кетуіне кепілдік жоқ. Кез келген адам шет тілін үйренуді нөлден бастағаны сияқты, каллиграфияны да нөлден бастайды. Маған да «Мен суретшімін. Тез үйренетін шығармын?» деген сұрақтар келеді. Сурет салу бөлек, каллиграфия жазу бөлек. Мысалы, менің жазуым әдемі болды. Бірақ қаламсаппен жазу басқа, бамбук қаламмен жазу басқа, үшкір қауырсынмен жазу басқа. Үшеуі үш түрлі құрал. Каллиграфияның кейбір түрін өз бетінше үйренуге болады. Ал кейбіріне бағыт беретін, жүйелі үйрететін ұстаздың көмегі керек. Мен ұстаз табуға кеңес беретін едім. Мысалы, араб каллиграфиясы, ережелері жайлы ақпарат жоқтың қасы. Кез келген адамның жазуына қарап үйренуге кеңес бермеймін. Араб каллиграфиясында әр стилде, әр әріптің өз ерекшелігі бар. Каллиграфияда бір күн жазбағаныңды үш күн есіңе түсіресің деген бар. Яғни бір рет жазып үйреніп, бірнеше күн айналыспай қоюға болмайды. Нәтижеге жеткіңіз келсе, күн сайын кемінде жарты сағат айналысу керек. Күн сайын ми мен қолдың арасындағы байланысты күшейте беру керек. Жазуды, ережелерін ұмытпайтындай дәрежеге жету үшін аз-аздан үздіксіз принципін ұстаныңыз. Каллиграфияда әркімнің жолы әртүрлі. Біреу бір айда мида әріптермен байланыс орнатып, белгілі бір дәрежеге жетеді. Біреуде бұл бес айды алуы мүмкін. Әркімнің қабылдауы, болмысы әртүрлі. Бір анығы – тәжірибе артқан сайын жазуыңыз көркем бола түседі.

– Өзіңіз бір күн қалдырмай каллиграфиямен айналысасыз ба? 

– Әрине, қарбалас күндері менде уақыт бөле алмаймын. Бірақ жібермеуге тырысамын. Соңғы рет қаңтарда құралдарымды ауылда ұмытып кетіп, бірнеше күн айналыса алмай қалдым.

Достар, шыны керек каллиграфияға көркем жазу ретінде қараймыз. Әдемі жазатындарға каллиграф болу оңай десеңіз, қателесесіз. Дегенмен, қарапайым қағазға, дәптерге жазған жазуыңызға немқұрайлы қарамаңыз. Рас. Қазір гаджет, технологиялар көмегімен жазамыз. Бірақ қолмен жазудың пайдасы орасан екен.

– Каллиграфия – жай ғана көркем жазу емес. Оның ми жұмысына, денсаулыққа, ішкі жайкүйге, психологияға ықпалы зор. Біз оқушы кезде уақытта диктантқа екі баға қойылатын. Бірі орфографияға, екіншісі жазуыңа. Жазу барысында саусақтар қимылдайды, бойда қан жүреді. Оның бәрі миға оң әсер етеді. Каллиграфия дамыған елдер қатарында Қытай мен Жапония көш басында. Тіпті мектепте каллиграфия пәні енгізілген. Жапониядағы кейбір компаниялар қызметкерлерге жұмыс арасында жарты сағатты каллиграфиямен айналысуға бөледі екен. Өйткені олар каллиграфияның менталды денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін біледі. Уақыт өткен сайын адамның ақпаратты қабылдауы, жады, ойлау қабілеті нашарлайды. Дегенмен каллиграфиямен тұрақты айналысқан адамда бұл мәселелердің болу ықтималдығы төмен. Бұл ғылымда да дәлелденген. Каллиграфтардың өмірін қарасаңыз, орта жас – 95–100 жас. «Каллиграфия – кедейге байлық, байға – билік, биге әсемдік береді» деген сөз бар. Каллиграфия ішкі рухани ахуалдың жақсаруына, түрлі нығметтерге себеп бола алады. Оның мысалы – өзім. Бұл іспен тұрақты айналысқан адамның бойында шыдамдылық, сабыр, тыныштық болады.

Расымен. Онлайн болса да, адамға адамның энергиясы сезіледі. Аружанмен байланысқа шыққаннан бастап жайсыздықты, үрей, асығыстықты байқамадым. Бәлкім, өз болмысы солай шығар. «Бұл мінез каллиграфта уақыт өте келе қалыптасады. Шыдамы жетпей, жарты жолда қалып кететіндер де болады. Адамның өзіне байланысты» дейді кейіпкеріміз. Аружан қазір көптеген брендпен жұмыс істейді. Оның ішінде отандық өнімдер, шетелдік танымал брендтер бар. Егер Алматыдағы «Француз үйіне» жолыңыз түссе, Dior, Yves Saint Laurent сияқты бренд дүкендерінің ашықхатын алған боларсыз? Ал ондағы әдемі жазу – Аружанның қолы.

– Араб каллиаграфиясы бойынша отандық брендтермен жұмыс істедім. «Француз үйімен» арамызда серіктестік орнаған. Мереке сайын танымал брендтер желісінің дүкендерімен жұмыс істеймін. Дүкендер тұтынушыларға ашықхат дайындайды. Ал мен сол жерде, сол сәтте, адамның қарсы алдында отырып ашықхатқа есімін жазып беремін. Кейбіреулер қалауына сай тілек жаздырып алады. Көпшілік каллиграфия арнайы сала, өнер екенін біле бермейді. Каллиграф мамандардың бар екенін де білмейді. Мен есімдерін жазып жатқанда видеоға түсіріп, көздері жайнап, жүзінен қуаныш көрінеді. Өйткені адамдар жеке өзіне деп дайындалған бұйымды жақсы көреді.

– Бір каллиграфиялық жұмысқа қанша уақытыңызды арнайсыз? Өзіңіз үшін әлі күнге дейін ерекше туындыңыз бар ма?

– Жайнамазға есім жазу бес минутты алады. Бірақ мен сол есімді бес минутта жазуды төрт жыл үйрендім. Екіншіден, уақыт картинаның көлеміне, шабытқа тәуелді. Жазып келе жатып шаршап, энергия жетпеуі мүмкін. Кейбір картиналарды жазып болған соң, оны безендіру керек. Әріп өз болмысын сақтауы үшін әрбіріне сай әрлеу тәсілі бар. Мысалы, әріптің ұшын шығару, толықтыру. Картинаның негізін жазып болған соң оны үшкір қаламмен тағы әсемдеу, толықтыру жүргізу тағы бір салып шыққандай уақытты алады. Бір күнде жазатын картиналар болады. Айлап жазатын картиналар болады. Кез келген туындыны жазбас бұрын іштей ниетім, шабытым болады. Жазып тастайыншы деп жаза салмаймын. Бір картинаны жазу үшін 30–40 рет талпынған болуым мүмкін. Бәлкім, 50–100 рет. Картинаны қаламды өшіргендей өшіре алмаймыз. Ол тушьпен салынады. Сондықтан әр жұмысым өзім үшін құнды. Әрбіріне бөлінген уақыт, махаббат бар.

– Әрлеу деп жатсыз. Жұмыстың әр кезеңінде түрлі құрал қолданасыз. Өз бетінше каллиграфия жазатын адам қандай құралды пайдаланғаны дұрыс?

– Араб каллиграфиясына қажетті құралдарды Түркиядан алдырамын. Өйткені Қазақстаннан таппадым. Дегенмен алғашқы тәжірибе үшін үйде құрал жасау әдісі бар. Екі қарапайым қара қарындаш жеткілікті. Үйренемін деген адамға шығындалудың да қажеті жоқ. Артық шығынсыз-ақ үйренуге болады.

Әңгіменің басында Аружан еліміздегі және шетелдік каллиграфтармен тәжірибе алмасамын деді. Әр сала маманы сол саладағы бір немесе бірнеше маманды үлгі тұтады, үнемі бақылайды. Аружан қазақстандық каллиграф Осман Тоһаны құрметтейді. Ол Құран Кәрімді насх стилінде қолмен жазып шығыпты. Қолмен жазуға бірнеше жыл кеткен. Сондай-ақ Германияда тұратын Кенза деген каллиграфқа тәнтімін дейді. Еуропада тұратынына қарамастан араб каллиграфиясын сүйетін үлкен аудиториясы бар дейді. 

– Аружан, негізгі жұмысыңыз каллиграфия екен. Бұл – өнер, табыс, рухани байлық дедіңіз. Каллиграфия шынымен табысты сала ма?

– Өнерде өнер иесін ақша сияқты сыртқы факторлар ұстаса, ол кісі мұнда ұзақ тұрақтай алмайды. Ұзақ тұрақтау жылдарды қажет етеді. Себебі мынада: белгілі бір салада табыс табу үшін сол саланың орындаушысы ретінде деңгейіңіз, қабілетіңіз лайықты болу керек. Мысалы, каллиграфияда бір әріпті мінсіз салуды бір айға жуық үйренетін кездер болады. Шыдамыңыз жетсе, процесс ұнаса сізден нағыз маман шығады. Кез келген істе ниет маңызды. Ақша түпкі ниет болмауы керек. Өнерді, қабілетті уақыт өте монетизациялауға болады. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Түрік каллиграфы Хафиз Осман Үскідардан Бешикташқа дейін кемемен бармақ болады. Кемеге мінгенде ғана жолақысын үйде ұмытып кеткенін біледі. Капитанға «Ақшаның орнына каллиграфия жазып берейін. Сол менің жолға төлегенім болсын» дейді. Ұсынысқа көңілі толмаса да, капитан келіседі. Каллиграф бір әріпті салып береді. Межеленген жерге жеткен соң, капитан каллиграф салған картинаны сатып, бір апталық табысын бір күнде табады. Келесі жолы капитан каллиграфқа: «Сіз жолақысы ретінде әр жолы каллиграфия жазып беріңізші» депті. Сонда Хафиз Осман: «Бұл жайдан жай берілетін дүние емес. Одан да сіз Алладан менің тағы да ақшамды ұмытып кетуімді тілеңіз» депті. Табыс жұмысты қаншалықты сапалы орындайтыныңызға байланысты. Картинаға кеткен уақытыңызға сай баға қоясыз.

– Ендеше каллиграфияның болашағы қандай? Осы сұрақпен әңгімемізді аяқтасақ…

– Мен каллиграфияны үйреніп бастағанда, жан-жағымдағылар «бұл не?» деп таңырқайтын. Қазір каллиграфияны қолдану аясы кеңейген. Каллиграфтар да көбейген. Телефонда да, ноутбукте де каллиграфия. Айналамыздың бәрі каллиграфия. Мысалы, аялдамадағы жарнамалар, билбордтар, бренд атаулары каллиграфиямен жазылған. Логотиптер, әсіресе мұсылман брендтеріндегі логотиптер міндетті түрде каллиграфиямен салынады. Ағылшын, кириллица қарпінде логотипті графикалық дизайнмен істеуге болады. Бірақ арабша мүмкін емес. Тағы бір байқағаным, мәдени деңгейіміз де жоғарылаған. Картинаға, қолдан шыққан бұйымға қызығатындар көбейді.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №7
13 ақпан 2024 жыл

 

598 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз