Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Ақпан, 2024

РЕАЛИСТІК ӘДЕБИЕТТІҢ НЕГІЗІ немесе ҰЛТ ТАРИХЫ ЖАЗЫЛҒАН КІТАП

«СИРЕК КІТАПТАР СӨЙЛЕЙДІ» 
ҚР Ұлттық академиялық кітапханамен бірлескен жоба

Әңгіме мен романның аралығындағы прозалық жанр түрі – повесть. Көлемі мен мазмұны тұрғысынан осылай бағаланғанымен, кейде көлемі романнан да ауқымды болуы бек мүмкін. Басты міндеті – тарих пен заманын суреттеу. Суреттеуге тұрарлық заманның бірі – ХІХ ғасыр.  Ал 1830 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген шығарма «Киргиз-Кайсак» деп аталады.  
 

Атақты орыс сыншысы В.Г. Белинский 1835 жылы «Телескоп» журналын шығарушысына жазған хатында: «Қадірлі Николай Иванович, Ушаков­тың икемді де, жан-жақты таланты өзіне мәлім... ол өте жарасты «Киргиз-Кайсак» деген роман жазды», – дейді. Орыс сыншылары С.А.Венгеров пен Н.Д.Дизколар Пушкин мен Гоголь прозасы шыққанға дейін «Киргиз-Кайсак» повесі ең жақсы романдар қатарында жатты. Бір қызығы, повесті алғаш рет 1829 жылы «Московский телеграф» журналына Н.А.Полевой жариялаған екен. 1835 жылы Мәскеуде роман болып Н.Степанова атындағы Императорлық Театр типографиясында басылып, оқырманға жол тартқан. ІІ бөлімді роман 247 беттен тұрады және көне славянь қарпінде жазылған. 
Роман авторы Василий Ушаков 1789–1838 жылдар аралығында өмір сүрген жазушы, прозаик, театр және әдебиет сыншысы. Бір емес, бірнеше очерк пен әңгімелердің, повесть, романдардың авторы. 
Романда мұрагерлік жолмен берілетін билікті дұрыс көрмеу және оны мансұқ ету туралы жазылған. Басты кейіпкер жас офицер Виктор Ипполитович Славин Мәскеуде Софья Любовскаяға кездесіп, ғашық болады. Екеуі қосылуға серттесіп, той алдында Викторды қарындасы Евгения Орынборға шақыртады. Мақсаты – марқұм әкесінің аманатын естірту. 
Виктор өзінің қарапайым қазақ әйелінен туғанын және оны шешесі 4 жасында 100 сом күміске Ипполит Славинге сатқанын біледі және өз ұлы шетінеп кеткеннен кейін Ипполит Славин қазақ әйелінің баласын сатып алып, бауырына басқанын естиді. 
Орынбордағы сапарында Виктор Ипполитович Славин туған анасымен кездеседі. Повестің ана мен бала жолығатын жерін автор үлкен жан толқынысымен жазған. Повестегі ең бір жан тебірентетін жер осы жері. Ана мен баланың кездесуін суреттейтін жолдар оқырманның жан-жүйесін қозғап, жүрегін елжіретіп, ананың баласының алдында бар шындықты боямасыз, бүкпей тұтас баяндайтын жері. Анасының трагедиялық жағдайға қалай душар болғанын көзіне жас ала отырып, баласы Викторға бастан-аяқ баян етеді.
Өзі адал, еш бүкпесі жоқ Виктор қарындасы Женяның хатты ешкімге айтпа, жасырып қой дегеніне қарамастан, граф Решимовке арланбай түгел баяндайды. Граф бұл тосын хабарды Софияның әкесі князь Любс­койға жеткізеді, ол болса Викторды тегі орыс емес, қазақ екенін біліп, «нәсілсіз» адамға қызымды бермеймін» деп, ақсүйектік тәкаппарлықтан қызын беруден бас тартып, қызын князь Радугинге беріп, сонымен некелестіреді.
Виктор зорлық пен теңсіздікке шыдамай, намысын қорлағанына ыза болып, орыс-түрік соғысына аттанып, жараланып еліне оралып, дүние салады. 
Империя құрамында отырып, крепостнойлық үстемдік режимде өмір сүрген қазақ даласының бастап­қы жылдарында ашық түрде құл саудасы болғаны тарихтан мәлім. Осылайша, Орынбор не Батыс Сібір жерлерінде талай қазақ балалары сатылып, оларды қайта Мәскеу мен Петербор  қалаларындағы ақсүйек­терге сыйға тартып я сатып отыр­ған. Шығармадағы басты кейіпкер Виктордың тағдыры арқылы сол заманның ашық көрінісін айшықтап береді. 
Сонымен қатар автор осы еңбегі арқылы шыққан тегі қазақ, туған жері қазақ даласы болған, ақын Михаил Илларионович Михайловтың тағдырын суреттегендей. Бұл туралы толығырақ М.И.Михайлов шығармаларының 10 томдығындағы алғы сөз авторы Быкова жазған.
Ұлттық электронды кітапханада бұл романды оқуға бар мүмкіндік жасалғанын және айтулы еңбектің қайта басылғанын еске саламыз.  

Мөлдір Төлепбайқызы
ҚР Ұлттық академиялық 
кітапхана қызметкері

403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз