Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 11 Наурыз, 2024

Қыстағы алаудан көктемдегі шуақ артық

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, 

«Ana tili»

Көктем келді, жаныңызға жанның шуағы ұяласын. Адам баласы көктемнен жылылық күтер. Бұл – заңдылық, бүкіл адамзат ғана емес, жан-жануар, бүкіл тіршілік атаулының бас көтерер шағы бұл. Әр аймақтың, қаланың көктемі ерекше ғой.
Бірақ Алматының жөні бөлек. Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі. Алматы – арман қала. Қаншама жастар оңтүстік астанамызға келіп, оқуға түсіп, өмірлік жарын тауып кетіп жатыр. Өйткені бұл қаланың жүрегіңді өзіне байлап алатын тылсым күші бар. «Оқуға түсемін» деп арман қуып келгендер мың бояуы төгілген көктемін көреді. Қарайды. Сұлулыққа сұқтанады. Алматы – болашаққа жол сілтейтін арман қала. 

Аспанмен астасқан асқар Алатаудың айшығы бөлек қой. Көктем, жаз болса да, ақ қар шыңдары «менмұндалап» өзіне шақырады. Шырайлы Шымбұлақ, Медеу мұз айдыны, таудың етегіндегі ну орман, қарағайлар мен шыршалардың да сұлулығы ерен. 
Көгілдір таулардың етегіндегі сұлу Алматы тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, керемет жас­тық кезеңін өткізген қыз-жігіттердің сағынышы. 
Ақын Бақытгүл Бабаш «Аласұрып іздеймін әлі күнге, Алматы, жүрегімді сенде қалған», – дейді. Бұл – миллиондардың жүрегіндегі сағыныш.
Алматы – Қазақстан бойынша халқы ең көп тұратын шырайлы шаһар. Алматы қаласында шамамен 2 205 929 адам тұрады. Халық ең тығыз қоныстанған шырайлы шаһар бұл. 
Алматы – тіршіліктің, қозғалыстың қаласы. ­Облыс пен аймақтан 
Алматыға жұмыс күндері 700 мыңнан астам көлік кіреді. Қалаға сырттан 2 миллион адам күн сайын келіп-кетеді. 
Қала  – бүкіл еліміздің автопаркі іспеттес. Алматының бір өзінде 617 мыңға жуық көлік тіркелген. Бұған облыс­тан, аймақтан келетін 400 мыңнан астам көлікті қосқанда, мегаполис көшелерінде күніне 1 млн 100 мыңнан астам машина жүреді. 
Оңтүстік шаһар кептелісімен де көрікті. Ертеңгілік, кешке, кем дегенде, барар жеріңізге бір-бір жарым сағатта жетсеңіз де, тұрғылықты жүргізушілер бұдан еш шаршаған емес. Кептеліске олардың еті үйреніп кеткен. Алматы, мүмкін, сонысымен де қызықты, әдемі әрі жалықтырмайтын қала болар. 
Алматы –  арулардың мекені. Алматы қаласында 1 миллион 200 мыңға жуық әйел тұрады. Оңтүстік шаһарда бүгінде 36 жоғары оқу орны мен 94 колледж бар. Жыл сайын Алматыда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің шамамен 70 пайызы өңірлерден келеді. 
36 жоғары оқу орнындағы жатақханада 30 мыңнан астам студент тұрады. Алматы – жастар қаласы. Мұнда 14 пен 29 жас арасындағы 665 369 жас бар. 
Иә, Алматы көктем келсе, құлпырып кетеді. Әсіресе 8 наурыз халық­аралық әйелдер мейрамында Алматыдағы гүл сатылатын алаңда сауда қызады. Анасына, қызына, жан жарына, құрбыларына гүл сыйлағандардың жүзі жарқын. Көңілі көтеріңкі. Гүл алғандар күлімдемегенде қайтеді? Өйтпегенде ше, мейрам күнде болып жатқан жоқ. 
Өзімізде гүл бар. Отандық. Бірақ ашығын айту керек. Қазір Қазақстанның нарығындағы мың сан әдемі гүлдердің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Бір ғана мысал, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан жалпы сомасы 61 млн долларға 8 278 тонна кесілген гүл мен гүл түйнегін сыртқы елдерден тасымалдаған. Ал 2022 жылы гүл импорты 46 млн долларды құраған, бұл шамамен 6 832 тонна екенін айта кетуіміз керек. Былтыр гүлдер әлемнің 52 елінен әкелінді. Нақты айтсақ, негізінен, Еуропа, Оңтүстік Америка және Африка елдерінен Қазақстанға жеткізілген. 2023 жылы гүлдердің ең ірі жеткізушілері: Эквадор – 4 913 тонна, Нидерланд – 11 633 тонна, Кения – 635 тонна және Колумбия – 488 тонна.  
Омар Хаямның ұлағатты бір сөзі бар: «Жұлынған гүл сыйлануға тиіс, жазыла басталған өлең  аяқталуы қажет, ал сүйікті әйелінің  бақытты болғаны жөн, олай болмаса, әлің жетпес тірлікті бас­тамауың керек».
Сондықтан гүл сыйлаңыз, ағайын, туысты, отбасыңызды бақытты етіңіз. Келген көктем шаңырағыңызға жылылық әкелсін! Әркімнің өз көктемі бар. Қыстағы алаудан, көктемдегі шуақ артық.

477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз