Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 13 Наурыз, 2024

Тарихы терең биомұражай

Алматы қаласында тарихи-мәдени орталықтар, мұражай, театр мен көрме түрі көп. Десек те қала тұрғындары мен қонақтары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология және Биотехнология факультетінде орналасқан биомұражай жайында біле бермейтін секілді.

Мұражайға көптеген бірегей экспонаттар, макет, тұлыптар қойылған. Мұнда жан-жануарлар әлемі мен эволюция үдерісін, Қазақстандағы қорықтар мен ландшафттарды, динозаврлар, құстар мен қызыл кітапқа енген биоалуантүрлерді көре аласыз. Біз де бардық, көрдік, тамашаладық, тамсанып қайттық. Әсіресе биомұражайдың жетекші маманы Анар Жардамалиева орталық таныстырып, тың дүниелерімен бөлісті.

- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биологиялық мұражайы 1936 жылы құрылған. Көрме залы 1984 жылы ашылды. Биомұражайда өтетін экскурсия үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – «Табиғатты қорғау, аялау, экология»; екінші бөлім – «Жер бетіндегі тіршіліктің даму эволюциясы»; үшінші бөлім – «Қазақстан бойынша кездесетін ландшафтық зоналар».

Биология мұражайының бірінші бөліміне кіретін ең құнды жәдігері – «Тұран жолбарысы». 1950-1960 жылдары Қазақстанда өмір сүргендігінің белгісі саналатын іздерін көрген. 1948 жылы ең соңғы рет тұран жолбарысын жерімізде байқаған. Біреуінің тұлыпы ғана Қазақстан бойынша ҚазҰУ-да сақталған. Нақтырақ айтсақ, 2011 жылы жәдігер қойылды. Бүгінгі таңда тұран жолбарысы жойылып кеткен, - деді ол.

Деректерге сүйенсек, тұран жолбарысы Ақсу, Лепсі, Іле өзені, Балқаш көлі, Сырдария өзенінің төменгі ағысы және Қызылқұм тәрізді жерлерді мекендеген. Қазіргі таңда Орта Азия мен Қазақстанда тұқымы мүлдем құрып кеткен. Каспий теңізі бойында таралуына қатысты «Каспий жолбарысы» деген атпен де әйгілі. 1912 жылы Шу өзені бойында екі жолбарыс өлтірілді. Сырдария өзенінің бойындағы  соңғы жолбарыстар 1925 жылы Қармақшы ауданында, ал 1933 жылы Қазалы маңында жойылған.

Тұран жолбарыстары 2025 жылы Қазақстанға қайта оралуы мүмкін деген тұжырымды экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев айтты. Бұл бағдарламаны Іле өзенінің атырабы  мен Оңтүстік Балқаш өңірінде жүзеге асырмақ.

Жетекші маманның сөзінше, дүниежүзінде жойылып кеткен жануарлардың да суреттері, мәліметтері бар. Олардың қатарына қалталы қасқыр, серуендеген кептер, дронт, стеллерона сиыры, тур, қанатсыз гагарка кіреді.

Дронт туралы қызықты деректер сақталған. Оның салмағы 20 килограммнан асып, пішіні үлкен болған әрі көгершін тұқымдасына жатады. Қазір «Додо Пицца» аталатын халықаралық пиццериялар желісі Қазақстан бойынша танымал. Ал соның бейнесіндегі құс осы дронт екен. Додо немесе маврикиялық дронт құстары сенгіш, аңқау келген, сондықтан маркетингте адалдық, сенім символын бейнелеуге қолданылады. Бұл тұтынушыларды тарту үшін жеке «фишкасы» десек те қате кетпейміз.

Бірінші залда Қазақстанның картасы және жеті қорық суреті сипаттамасымен ілінген. Қазіргі таңда елімізде он қорық бар екені белгілі. Мұражайда алғаш көрме 1984 жылы ашылғанын ескерсек, сол кездегі жеті қорық суреттері қойылған. Олардың қатарына Ақсу-Жабағылы, Наурызым, Алматы, Барсакелмес, Қорғалжын, Марқакөл, Үстірт қорықтары кіреді. Қалған үш қорыққа Батыс Алтай, Алакөл және Қаратау қорығы жатады. Әрине келешекте жоспарлар көп, мұражай әлі де экспонат, суреттермен толықтырылмақ.

Екінші залға тоқталсақ, микродиаграммаларда тіршіліктің пайда болуы көрсетілген. Мәселен, ерте заманда қырықжапырақтар ағаш тәрізді биіктікте өскен. Қазір шөп ретінде өсетіні мәлім. Қолтырауын, мастодонзавр сияқты жануарлар ыстық климатта судың бетінде де, ішінде де өмір сүрген. Юра ландшафтында динозаврлар көптеп таралғанын көреміз.

Кайнозой аталған соңғы дәуір үш кезеңнен құралған. Олар палеоген, неоген, антропоген. Кайнозойда индрикотеридің бас сүйегі табылды. Орысша атауы «безрогий носорог» болып аударылады. Ол ат тұқымдастарының, тұяқты жануарлардың ата тегі. Бойы 4,8 метрге, салмағы 24 тоннаға дейін жететін сүтқоректі жануар 30-20 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Бұта мен жапырақ, шөпті қорек етті. Сулы ормандарда, батпақтарда, құрғақ жартылай шөлді және шөлді аймақтарда жүрген өкілдері бар.

Мұражайда алғашқы адамдар экспонаты да қойылған. Бір-бірін басқа жабайы аңдардан, сыртқы қауіптен қорғаған палеоантроптар тобын көре аласыздар. Чарльз Дарвиннің адамның эволюциялық дамуын зерттеуі тарихқа ауқымды өзгеріс әкеліп, резонанс тудырды. Мысалғы, қазіргі кезде ғалымдар маймыл түрлеріне тәжірибе жасап көрген. Олар өзгермей, сол қалыпта қалды, демек заман ағымының өзгерісіне қарай бұл эволюция қазір іске аспайды. Сол заманда қажеттіліктен ағаштан түскен маймылдар қоршаған ортаға, туындаған жағдайға үйренісе бастаған.

Келесі тілге тиек етер экспонат – 2,5 млн жыл бұрын Қазақстанда өмір сүрген Іле түйеқұсы. 1958 жылдардан бастап жұмыртқаларының қалдықтары табылған. Мұражайда макет орнатылған, ол тұлып та, жәдігер де емес. Ғалымдар, зерттеушілер реконструкция жұмыстарын жүргізіп, жұмыртқаның мөлшері, қалыңдығы, құрамына қарай  түйеқұс макетін жасады. Бүгінгі күні түйеқұстар ыстық климатты аймақтарда, Африка елдерінде таралған. Ал кезінде Іле түйеқұсы біздің де территориямызда болғандығын осы экспонат дәлелдейді.

Қазақстанда кездесетін ландшафтарға арналған үшінші бөлімде Сырдария маңындағы тоғайларда қырғауыл, тұран жолбарысы тектес аң-құстар мекендегені көрсетілген. Қызыл кітапқа енгізілген және енгізілмеген құстар толы үлгілер көрмесінде су бойында, жағалаулардағы түрлер қойылған, ішіндегі ең әдемі құстың бірі – қоқиқаз. Тек баршаға белгілі қызғылт түсінен өзгеше ақ түсті қоқиқаздар Қорғалжын, Марқакөлде таралған. Чомга деген келбетті құс суда жүзіп, балық аулайды, жақсы ұшады әрі елімізде кездеседі. Савка үйрегі Қазақстандағы әдемі құс, тұмсығы көк, ал әлемдегі әдемі үйрек ретінде мандаринканың аты әйгілі. Ол құс Қытайда, Ресейде, Жапонияда кездеседі.

Мұражайды аралау барысында жетекші маманға өзге де сұрақтар қойып, тазарту, реставрация жұмыстары қала жүргізілетінін білдік.

- Біздің мақсатымыз айту, көрсету, сақтау. Экскурсияны қазақ тілі мен орыс тілінде өткіземіз. Мұражайымыздың терең тарихы бар. 1930-жылдардан бері нақты жинағымыз толығып келеді. Реставрация жасау жұмыстары жүргізіледі деп үміттенеміз. Біздің мұражайдың ерекшелігі – Қазақ Ұлттық университеті, биология факультетінің ішінде орналасқандығы. Студенттер кез келген уақытта жазылып, ақпарат алуына мүмкіндігі бар. Мұражайда Қазақстан бойынша және дүниежүзінде кездесетін биоалуантүрлер жинақталған, ал сыртқы витриналарда жануарлар мен өсімдіктер систематикасы көрсетілген, - деді жетекші маман.

«Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» дегендей, қоршаған ортаны қорғау адамзаттың міндеті екенін есте сақтау қажет. Келешекте тарихи жәдігерлерді аялау игі істеріміздің қатарында мәңгі болғай!

Альмира Бауыржанқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

журналистика факультетінің

2-курс студенті

 

 

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз