Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 25 Наурыз, 2024

Сәндік өнер – наным-сенімнің бір көрінісі

Археологиялық және жазба деректерге қарасақ, қазақ халқының сәндік қолданбалы өнері сонау тас дәуірінен басталған. Адамның мойнын, омырауын, жалпы дене бітімін ажарлау мақсатында қолданылатын бұйымдар ерте заманнан бері бар. Ертедегі адамдар жануар сүйегінен, бамбук ағаштарынан, сондай-ақ қоладан сәндік әшекей бұйымдар жасаған. Осындай сәндік бұ­йымдардың қатарына айна, тарақ, моншақ, білезік, жүзік, бойтұмар, түйреуіш сияқты заттар жатады. 
Сақ, ғұн мәдениетінде әшекейлердің сан алуан түрі кездеседі. Атап айтсақ: сырға, білезік, салпыншақ, тоға, жүзік, шаш түйреуіш және моншақтар.  Сырғалар, шаш түйреуіштер және антропоморфты, зооморфты бейнеде көркемделген сақиналар – сол кезеңнен мол мәлімет беретін ақпарат көзі. Моншақтардың магиялық күш ретінде қасиеті оның қандай материалдан жасалғанымен қатар, қатарының көптігіне де негізделген. Бай, ұрпағы көп адам қатары көп моншақ таққан. Моншақтар тіл-көзден, бәле-жаладан, ауру-сырқаудан сақтау үшін де тағылған. Демек, сәндік өнер туындылары – халықтың байырғы наным-сенімінің өмірдегі көрінісі. Осы тұрғыдан қарасақ, моншақтың адам өмірінің жалғасы – ұрпақтың өсіп-өнудегі тәрбиелік мәнін көрсетсе керек. 
Білезік –  әшекейлердің ішінде ең көп кездесетін сәндік бұйым түрі. 4–5 жастағы қыз балаларға ата-­анасы сән-салтанатқа, әсемдік пен әдемілікке бой түзеп өссін деп бала білезік соқтыртқан. Білезіктерді көлемі, жасалу техникасы мен материалдарына қарап, бірнеше топқа жинақтауға болады. 
Сақ мәдениетінен жеткен сәнді бұйымдардағы асқақ дүниетанымдық рухта берілген бейнелер мен әшекейлер Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінде, бүгінгі таңда қолданбалы өнерде, ел өмірінің басқа да салаларында жиі қолданылып жүр. Б.з.д. IIV–IV ғасырларда қалыптасқан сақ өнерінің аң стилі дүниежүзілік адамзат өркениетінің тамаша жетістіктеріне жатады. Нақышта жыртқыш аңдар мен басқа жануарлар, сондай-ақ антропоморфты, зооморфты құбыжықтар түрінде жасалған бейнелер көрсетіледі. Бұлар жекелеген бұйымдар немесе олардың бетінде бейнеленген бейнелер, аралас тұрған күрделі композициялар арқылы беріледі. Табиғатты ерекше құрметтеп, оны астарлы мағынада қабылдай білген сақтар арқар, таутеке, жолбарыс, қабан сияқты жануарлардың өздеріне етене таныс тұлғаларын шебер бейнелеген. 
Сақтардан жеткен аң стилін қазір қазақ халқының қолөнер шеберлері күнделікті тұрмыстық бұ­йымдарға, сән әлемінде ұтымды әрі жаңаша бағытта қолданып жүр. Дегенмен сонау сақ кезеңінен бастау алған композициялық туындылар жандана түскен. Мәліметтерге ден қойсақ, ою-өрнектің мазмұндық ерекшелігі дүниетану, салт-дәстүр, наным-сенімнен туындаса, ал сондағы бояу түсі адамның жан дүние­сін көрсетсе керек. Сондай-ақ атәбзелдеріндегі ерекше қолөнер туындылары сақ кезеңінен бастау алған жылқыға деген ерекше құрмет пен пір тұту, серік ету сияқты дүниетанымдық көзқарастардан басталған.  Мәселен, ердің қасына салынған аңдық және геометриялық ою-өрнектер салу, өсіп-өну, құт-береке, байлық нышандарымен тығыз байланысты екені белгілі. 
Кейбір мәліметтерге назар аударсақ, аң стиліне тән зергерлік бұйымдардың бірсыпырасы Шілікті қорымынан табылған. Бұл тоналған қорған болса да, осы жерден табылған кейбір алтын әшекейлер зергерлік техниканың әртүрлілігімен таңғалдырады. Деректерге назар аударсақ, күн символы мен тірі және өлі табиғат туралы дүниетанымдық түсінік барша сақ әлеміне тән екені белгілі. Сақтар бұғы мүйізін өмір ағашымен байланыстырса, шеңбер тәрізді шиыршықталған арқар мүйізін өсіп-өну культімен өрбіткен. 

Гүлмира ЖҰМАЙ,  

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени  музей-қорығының аға ғылыми қызметкері

144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз