Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 26 Наурыз, 2024

Табиғатқа қорған болғым келді

Адам баласы – табиғаттың төл баласы. Айналаңа пайдаң тимесе, зияның да тимеуі керек. Алайда қазір адамның қоршаған ортаға тигізер пайдасынан зияны көбірек. Қоқыстар қоқыс жәшігіне дейін жетпей қалып жатады. Түрлі алкогольді сусындардың бос құтылары, темекі қораптары мен қалдықтары т.б. жол жиегіндегі сайлар мен көпқабатты тұрғын үйлердің жанында да шашылып жатқанына сіз бен біз куәміз. Балаларға арналған ойын алаңы да қоқысқа толған. Өкініштісі сол, мәдениетсіз, қоршаған ортаға жанашыр емес адамдар кішкентай баланың кеңістігінің де шырқын бұзады. Шашылып жатқан қоқысты көрген бір бала жиіркенсе, екінші бір бала қоқысты кез келген орында лақтырып кету қалыпты, дұрыс жағдай ретінде қабылдай бастайды. Бала естігенін емес, көргенін істейтіні рас. Осы орайда «Үлкендер кішілерге үлгі ме?» деген сұрақ туындайды. Бұл – үйдегі ата-анаға ғана емес, айналадағы үлкен адамдарға қойылуға тиіс сұрақ. Тәрбие – тал бесіктен. Мәдениетті, қоршаған орта мен табиғатқа қамқор болсақ, өскелең ұрпақ бізге қарап бой түзейтіні  анық.
Ауылда өскендіктен болар, жер үйдің айналасын тырмалап, қоқыс жатса, жинап, тазарту жұмысын жиі жүргізетінбіз. Ауылдан қалаға келгенде тынысым тарылғандай күй кешетінмін. Студент кезде сенбіліктерден қалмай, белсенділік танытатыным сондықтан болар. Табиғатқа қорған болғым келді. 
4-курста сабақтар азайып, жұмысты қатар алып жүрген кездері әр демалыс күнімнің 3–4 сағатын сыртқа шығып, қоқыс жинауға арнасам қайтеді деп ойлай бастадым. Осы идеяны іске асыра алдым. Бастапқыда қоқысқа арналған қаппен жүргенімде көшеде кездескен адамдардың біртүрлі қарайтынын байқайтынмын. Ең алғаш қоқыстан тазартқан көшем әлі есімде. Ол – Елемесов көшесі. 3 сағат ішінде кішкентай ғана көшеден 6 қап қоқыс жинап шықтым. Әр демалыста қолым босай қалса, қоқыс жинау дәстүрге айналғанына 1 жылға таяп қалды. Қоршаған орта сіз, біз болып біріксек, күш жұмылдырсақ, таза болмақ. «Әлемді өзгертемін десең, алдымен өзіңнен баста» деген қанатты сөз бар. Үлкен әлемнің кішкентай бөлшегі ретінде әр адам баласы оған қолынан келгенше қамқорлық көрсетсе жеткілікті. Менің ұсынысым – қалада ұйымдастырылып тұратын сенбіліктерден мүлде қалмаңыз. Жасалып жатқан жақсы істі әлеуметтік желілерде белсенді түрде жариялап жүріңіз. Кім біледі, жақсы ісіңізге куә болған қаншама адамның ішінен дәл сізге қосылғысы келетіндер табылып қалар. 

Баян ЕСБОЛҚЫЗЫ, ерікті 

134 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз