Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 29 Наурыз, 2024

Bala media-да тек балалар ойнайды

Балалар, жақында Bala media кино жобасын көретін боласыңдар. Қысқа метражды кино десек те болады. Біз алғашқы көрсетіліміне барып, көзайым болдық. Кинода балаларды дамыту, тәрбие беру және қолдау көрсету мәселесі көтеріледі. Әр бөлімінде әртүрлі тақырып, оқиға бар. Бір қызығы, басты рөлде тек балалар ойнайды. «Үлкендердің қателігі» бөлімінде балалар ата-анасының үйде жиі айтатын сөздерін айтады. Келесі бөлімі де қызық. Мұғалім оқушылардың тоқсандық бағасын айтып, әрқайсын орнынан тұрғызады. Кезек Мейрамбековаға келеді. Ол төмен баға алғанына қуанып: «Рақмет, апай. Анам сабақтан «3» алсаң екі апта далаға шықпайсың деген. Маған үйде жүрген ұнайды» деп апайын құшақтайды.

Жобаның авторы және бас продюсері Жанар Жақанованың айтуынша, түсіру жұмысына балалар белсенді қатысыпты. «Еліміздегі 21 мыңнан астам балаға фестиваль ұйымдастырумен айналыстым. Сегіз жыл талантты, өнерлі балалармен жұмыс істедім. Сол кезде талантты балалардың экранда көрінбейтінін білдім. Идея осылай пайда болды. Толық метражды фильмге көп қаржы қажет. Сол үшін қысқа метражды ролик ретінде түсіріп бастадық. Бұл коммерциялық жоба. Демеуші – балалардың атааналары. Жобаға кез келген баланы қабылдаған жоқпыз. Алдымен кастиңнен өтіп, келісімшартқа отырамыз. Кастиңге 100 бала өтініш білдіріп, оның ішінен 18-і өтті. Актерлік қабілеті, сөйлеу әдебіне қарай таңдадық. Енді Астанада киномюзикл түсіреміз.

Bala media Youtube арнасында, сосын телеарнада көрсетсек дейміз. Үш күннен соң түсіру тобы жұмысын қайта бастайды. Эпизодтар балаларды креатив және іскерлік ойлауды дамытуға шабыттандырады. Әрбір оқиғаның астарында балаларға қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және экология мәселесі бар. Сценарийді арнайы мамандар жазды. Өйткені, балаға арналған дүниеге бейжай қарауға болмайды».

Көрсетілім алдында балалармен танысып, сөйлескен едім.

Қорлан: «Бәрімізге киноға түскен ұнады. Қазақша сөйледік. Осы жобадан кейін кейбір қыздар басқа фильмдерге шақырту алды. Мүмкіндік деген осы емес пе? Енді блогер болсақ болады».

Жансая: «Апайдың рөлінде ойнадым. «Тәк» деп сөйлеймін ғой. Сыныптағы апайдың жүрісі, сөйлегені таныс болғасын қиналғам жоқ. Бәрін шынайы ойнауға тырыстым. Жанар апайға, түсіру тобындағы ағайларға алғыс айтқым келеді».

Bala media-ны экраннан көрген соң ойларыңды жолдарсыңдар.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №13
26 наурыз 2024 жыл


 

837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз