Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 05 Сәуір, 2024

Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери қатынастар органдарына – 30 жыл

Елордадағы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында атаулы күнге арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады. 

Әскери қатынастар мамандарының кәсіби мерекесі 1994 жылғы бесінші сәуірден бастау алады. Дәл сол күні Үкімет Қазақстан Республикасының Әскери теміржол, теңіз, өзен және әуе тасымалдарының Жарғысын бекіткен болатын. 

Аталмыш шараға мекемелер мен өңірлік әскери қатынастар басқармаларының бастықтары, Астана және Алматы темір жол комендатуралары мен халықаралық әуежайларының коменданттары, осы қызметтің ардагерлері және көлік ұйымдарының өкілдері қатысты. 

Қонақтар ҚР Қарулы күштері Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне қойылған әскери қатынастар органдарының экспозициясымен танысты. Концерт залында олардың қызметі туралы бейнеролик көрсетілді. 

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақытбек Сыдықов кездесуге келгендерді құттықтап сөз сөйледі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тәжірибе мен кәсіби шеберлік әскери қатынастар органдары офицерлеріне Қарулы күштерді көлікпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді сапалы шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

– Әскери қатынастар органдары әскерлердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге, олардың ұтқырлығы мен жауынгерлік әзірлігін арттыруға елеулі үлес қосады. Жеке құрам Отан алдындағы борышын лайықты, абыроймен орындап, қатынас жолдарды дайындау және әскери тасымалдарды ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді ойдағыдай орындап келеді, – деді министрдің орынбасары.

Іс-шара барысында мерейтойлық күнге арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Басылымда әскери қатынастар органдарының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері, тарихи оқиғалар мен жетістіктер баяндалған. 

Қорғаныс министрінің атынан осы саланың үздік әскери қызметшілері грамотамен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Әріптестер мен ардагерлердің мерейтойлық кездесу соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды. Концертте Үкітай Ерниязовтың айтулы күнге арнайы жазылған авторлық әні шырқалды. Жаңа туындыны шараға қатысушылар жылы қабылдады.

Фото: gov.kz

341 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз