Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 11 Сәуір, 2024

Өңірлік мерзімді басылымдар: оқырман тарту және тарату мәселелері

Алматы қаласындағы «Достық үйінде» өтіп жатқан өңірлік мерзімді басылымдардың ІІ республикалық форумына қатысушы сарапшылар түрлі панельдік сессияларда дәстүрлі мерзімді баспасөздің өзекті мәселелерін талқылауды жалғастырды.

Форумның 2-панельдік отырысы «Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық аспект» тақырыбына арналды. Жиынға «Халық үні» медиа-холдингінің директоры Ринат Кертаев модераторлық етті.

«Осыдан 33 жыл бұрын, яғни еліміз тәуелсіздік алған жылдары  барлығы 350 мерзімді баспасөз тіркелген екен. 2024 жылдың 3 сәуіріндегі ақпаратқа сүйенсек,  дәл қазіргі уақытта 5848 БАҚ тіркелсе, соның 3999-ы мерзімді баспасөз. Олардың басым бөлігі аймақтарда орналасқан. Астанада – 580, Алматыда – 1273  мерзімді басылым болса, қалғандары аймақтарға тиесілі. Қазір мерзімді баспасөз барлық платформаларда жұмыс істеу керек. Өйткені заман талабы солай. Оқырман бізге қашан келеді деп күтіп отырмай, әлеуметтік желінің түрлі платформаларын тиімді пайдалану қажет», - деді модератор.

Форумда 2020 жылдан бері мемлекеттік басқарудан жекеменшік басқаруға өткен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев «Өңірлік баспа БАҚ жұмысының ерекшеліктері: басымдықтар мен бағдарлар» тақырыбында баяндама жасап, өзі басқарып отырған мекемедегі 11 мерзімді басылымға оқырман тарту және таратудағы тәжірибелерімен бөлісті.  Келесі болып сөз алған «Дала мен қала» ЖШС директоры Нұрлан Жұмахан дәстүрлі БАҚ-тың әлеуметтік желімен интеграциялануы мәселелеріне тоқталса, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ жетекшісі  Нәзия Жоямергенқызы журналистика менеджменті және қазіргі заманғы медиажүйе туралы айтып өтті.

«Өкінішке қарай, еліміздегі, оның ішінде аймақтардағы БАҚ-тың табыс көзі мемлекеттік тапсырыс пен жергілікті басқару органдары беретін қаржы көзіне тіреліп отыр. Медиаменеджменттің дамымай отыруының тағы бір себебі, мемлекеттік тапсырыспен қатар БАҚ-ты идеология құралы деп есептейді», - деді Нәзия Жоямергенқызы.

Ал «Alatay Aqparat» ЖШС бас директоры Ержан Қалымбайұлы өңірлік БАҚ-тарда контент сапасын арттыру тақырыбы жайлы айта келе, ақпаратты визуализациялап беру, сурет, инфографика, карикатураны ұтымды пайдалану жайын қозғады. Сонымен қатар журналистикада құқықтық, қаржылық, саяси, діни сауаттылықты дамыту мәселесін тілге тиек етті.

Форумының 3-панельдік отырысында сарапшылар «Салалық журналистика» мәселелерін ортаға салды.  Алғаш болып сөз тізгінін алған «Заң-медиа» ЖШС директоры Досымбек  Өтеғалиев үшінші панельдік отырысқа модераторлық жасады.

«Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры Талғат Қалиев этножурналистика ерекшеліктері жайлы тарқатып айтып берді. «Этножурналистика дегеніміз – басқа этникалық мәдениеттер туралы әңгімелейтін ұлттық қатынастар мәселелеріне арналған журналистика саласы. Жалпы, көп тіл білген сайын, жер шарын аралаған сайын адамның көкжиек танымы кеңейе түседі. Бұл – мәдениеттің бір арнасы», - деді алғашқы спикер.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты этносаралық ахуалды мониторингілеу орталығының басшысы Гүлдана Оқасова Бұқаралық коммуникация құралдарының этносаралық қатынастарға әсеріне тоқталды.

«Медиа мен БАҚ соңғы онжылдықта дүние жүзі бойынша адамдардың өмірінде етене орын ала бастады. Адамның психологиялық жай-күйіне БАҚ пен әлеуметтік желілер, ақпарат таратушы, ақпараттың берілу тәсілі әсер етеді», - деді.

Сондай-ақ, жиынға қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы  Ержан Нүкежанов діни журналистиканың ерекшеліктері туралы ойын ортаға салды.

«Дінге қауіпті орган ретінде қарамауымыз керек. Діннен емес, радикализациядан сақтану қажет. Дін халықтың наным-сенімімен, дәстүрімен байланыста жүруі керек», - деді ол.

«Салалық журналистика» панельдік отырысының қатысушысы, «Бас редакторлар клубы»  ҚБ жауапты хатшысы Бибігүл Құламан журналистік этика және стандарттар мәселесі жөнінде: «New York Times» газетінде журналист этика құжатына келіссе ғана, редакция қызметкері бола алады. Өйткені журналист редакция саясаты, қоғамда болып жатқан мәселелерге жеке адам ретінде емес, сол газет атынан пікір береді. Және онда қызметкер 25 доллардан асатын сыйлықты алмауы керек», - деді. Ал «ГИС Әскери медиа» ЖШС директорының орынбасары Тимур Кубеков әскери журналистиканың ерекшеліктеріне тоқталып, елдегі әскери басылымдар тарихы жайлы айтып берді.

Айта кетейік, Өңірлік мерзімді басылымдардың  форумы ертең де жалғасады.

 Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері" ЖШС

Суреттерді түсірген: 

Азамат Құсайынов

165 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз