Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 12 Сәуір, 2024

Мерзімді баспасөз: бағыт пен бәсекелестік

Бүгін Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Баспа басылымдары – халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбында өтіп жатқан өңірлік мерзімді басылымдардың ІІ республикалық форумы жалғасып жатыр.

Екінші күннің панельдік отырысы «Баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер» тақырыбына арналды. Ұлттық дәстүрлі басылымдарды дамытудағы цифрлық технологиялардың рөлі, әлеуметтік платформаларды оқырман тарту мақсатында пайдалану, жасанды интеллект арқылы медиа жұмысын жеңілдету мәселелерін талқылаған жиынды ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес жүргізді.

«Қазір заман өзгерді. Газет-журналдарды қалай бәсекеге қабілетті етеміз, баспасөзге оқырманның ықыласын қалай аудару керек деген сұрақтар туындайды. Кезінде аға буын аңыз етіп айтатын "қойшының етігінде «Жалын» журналы жүруші еді, диханның қосында «Қазақ әдебиеті» тұрушы еді, жастар бригадасында «Лениншіл жас» оқылушы еді" деген күндер артта қалды. Ол кезде ақпарат көзі баспасөз еді. Қазір бір телефонның өзі тұтас телеарнаның, бір гаджет бір редакцияның жұмысын атқарып отыр. Сондықтан жаңа заманның талабына сай әрекет ету басылымдардың басты міндетіне айналды. Бүгінгі отырысымызда бәсекелестік артып отырған кезеңде қағаз басылымдардың ғұмырын қалай ұзақ ете аламыз деген мәселелерді талқылаймыз», - деді.

Форумда баспа басылымдарында YouTube арнасын қалай дамытуға болады, ерекшеліктері мен менеджменті турасында «Сұрауы бар» YouTube жобасының жетекшісі  Ербол Сейілхан  кеңінен тоқталды.

«Әр басылымның редакциялық саясаты бар. Сол бағытына сай YouTube арнаның белгілі бір форматы болуы керек. Youtube платформасында қазақ тіліндегі контентті арттыру қажеттілігі туындап отыр. Қазақша контенттің аздығынан біздің көрермендеріміз басқа тілдегі видеоларды көруге мәжбүр. Бізде қазір өкінішке орай, басылымдардың Youtube арналары иесіз қалғандай күй кешуде. Канал ашылып, 1-2 видео салынғаннан кейін оның жұмысы әрі қарай тоқтап қалады. Ондай каналды ешкім қарамайды. Каналда ең алдымен авторлық материалдар түсірілсе және кем дегенде аптасына екі рет видео салынып отырса, бұл каналдың тұрақты көрермені қалыптасар еді. Мақаланы шағындап, видеоға айландыру арқылы баспасөздің мақаласын жарнамалап, оқырман тарту мүмкіндігі зор», - деді сарапшы.

Форумда сондай-ақ, баспа басылымдарын онлайн форматқа өткізу туралы «Курсивъ» сайтының бас редакторы Мира Халина сөз қозғап, тәжірибесімен бөліссе, әлеуметтік медиа, жасанды интеллект туралы коммуникатор, медиа-тренер Ақерке Берлібай айтып берді. 

Өңірлік мерзімді басылымдарға арналған ІІ республикалық форумға еліміздің аймақтарынан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген 100-ден астам медиа маман қатысып жатыр.

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері" ЖШС

Суреттерді түсірген

Азамат Құсайынов

151 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз