Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ, жазушы-ғалым: Пәкістанның дәстүрін Қазақстанға әкелуге болмайды

dsc_0407Соңғы кезде ұлттық дәстүріміз бен дінімізді бір-біріне қарама-қайшы қою үрдістері көрініс тауып жүр. Ата-бабамыздан келе жатқан болмысымыздан айыру үшін жасалатын қасақана әрекеттер қанымызды қайнатты. Барған сайын мұндай келеңсіз жағдай өршіп барады. Осыған байланысты Тұрсын ЖҰРТБАЙ ағамызбен сұхбаттастық.

– Сізді алашқа мәшһүр еткен, дұрысы тұлға ретінде қалаптастырған ұстаздарыңыздан кімдерді атай аласыз?

– Өмірде ұстаздан жолым болған адаммын. Өмірде маған үйретті, мен де өмірге бейімділік таныттым. Білімге құштарлық бала кезімде болды деп есептеймін. Алғашқы ертегі аңыздарды шешем марқұм айтып отыратын. Содан кейін балалық тентек жылдар және жүгенсіз тентек кездерім болды. Сол жылы ағам Нұрғазы Райбайұлы атан өгіздің белін қайыстыратындай немесе асыл тұқымды бір жарым тонна болатын бұқаның жонын тіліп жіберетін бейжікпен сабамағанда мен тәубеге келмейтін едім. Бұл жақсы жол емес шығар. Бірақ сол тәубе осы күнге дейін менің жон арқамды тіліп тұрғандай болады. Өмірге алға қарай жетелеп, кейбір тұйықтылып «шаршадым» дегенде ағамның бейжігі арқама тигендей әсер аламын.

Ұстаздарымнан кәсібіме байланысты 4-5 сыныпта Жәңгір Исаевна деген апайым әдебиеттен сабақ берді. Ол кісі қазірде көзі тірі, жасы 90 келді. Бір жолы күзгі егіс туралы шығарма жазғанымда сондай мақтап «біздің ортамызда болашақ жазушы отыр» деп еді. Ылғида еркін шығарма жазып, еркін тақырыпта кітап оқыдым. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасынан» бастап 7 сыныпта Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқыдым. «Абай жолын» бітіргеннен кейін көңілге көп сұрақ туды. Мен Семейдің Абай ауданының қазағымын. Сондықтан да біздер көзімізді ашқаннан бастап көретініміз – Абай мен Шәкәрімге байланысты жерлер. Тыңдайтының Абай мен Шәкәрімге, Құнанбай мен Әуезовке байланысты сөздер. Оның сөзін білмей өсу мен ұқпау кешшелікке жатады. Ондай баланы ұлым деп айтуға немесе ақсақалдардың ортасына барып құлақ алып әңгіме тыңдауға қақың жоқ сияқты.

Алаштың идеиясын үлкен шалдармен әкемнің аузынан естіп өстік. Сондықтан бұл маған таңсық емес. «Абай жолындағы» Әзімханмен Әлихан Бөкейханның образдары, Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешуіндегі» алаш туралы идеиялар... «Бұлар неге бір-бірімен қабыспайды» деп сұрақ қойып және өзге балаларғада оқытатынмын. «Әуезов Әзімханның образын алған ба? Неге жағымсыз кейіпкер қылып көрсеткен. Қазақтың мұңын мұңдап отыр ғой» деп әдеби айтыстар ұйымдастырымын деп мектептен шығып қалған жайымда болған. Университетте Нұрғали, Қайыржан Бекхожин ағаларымның тәрбиесін алдым.

– Бала күніңізде кім болуды армандаушы едіңіз?

– Балалық деген таңғажайып құбылысты әлем. Көз алдыңда ұшып жүрген көбелектер мен олар қонған гүлдер, мөлдір аспан мен қақаған аяз, аптап ыстық, осының барлығы мәңгіліке құпия сияқты әсер қалдырады. Менің ойымша, адамның, оның ішінде шығармашылық адамының балалығы, оның жан дүниесі мен көркем ойлау жүйесінің иманының иуі басты мәйек сияқты. Алғашқы өлім деген ойдың басыңа келуі. Өзіңнің күндердің күнінде көз жұматыныңды білу. Өзгелердің жылауын, жоқтауын естумен жер қойнына кірген алғаш адамның тәнін көру. 8-9 жасар балаға өз шешеңді өзің көр қазып көму оңай шаруа емес. Өлімді көп көргендіктен бе, жоқ бойға біткен шығармашылық қиял болды ма, мен өлім мәселесін 9-11 жасымда 3 сыныптың мөлшерінде жеңдім ғой деп ойлаймын. Кез келген шығармашылық иесі өлім туралы не құрлым ерте ойлап, өлімнің уайымы мен жұбанышын ертерек іздеп, ертерек тапса, соғырлым оның көркем шығармашылықтағы жолы ашылады деп ойлаймын. Өмірдің мәнін ертерек түсінуге мүмкіндік береді. Сол тұста жалған уағыз емес қажет емес, жалған уағызбенен баланың көңілін ала алмайсың.

5-6 жасымда немесе одан ертерек пайғамбарлар туралы хикаия мен дін, тозақ пен жұмақ, қиямет-қайым туралы ертегілер мен аңыз-әфсаналарды естіп өстім. Кейде өмірден өтетініңді емес өмірді бастамай жатып көрмеген қызығыңның қалып қалатынына жұбаныш табасың. Сондай кезде дін дегеніміз үлкен жұбаныш. Ағашқы үлкен әсерлерім, тіпті Қыз Жібек дастанын жатқа айтып отырып Төлегеннің алты-аққазбен қоштасатын толғауын жылап отырып оқығанда осындай ой менде болды. Сондықтан да бұл өте құбылысты дүние.

Қазіргі балалардың дін мен ұлттан аулақ болуы ананың әлдейіндегі, атаның уағызындағы байланыстың үзіліп қалуынан. Өйткені өзің әкесің, қазақша білмейсің. Немерем мектепте оқиды. Ондағы ата-аналардың психологиясы мүлдем басқа. Олар қазір дүние жүзінде не бар, соның барлығын оқытқысы келеді. Балалары қазақша, өзі орысша сөйлейді.

Бала бір текті бір бағытты ортада өсуі керек. Сол бойына сіңгеннен кейін дүниенің кез келген ғылымын алуға болады.

- Жас жұбайлардың арасында «түсінісе алмадық» деген желеумен айырылысып кетушілер кездеседі. Жар таңдауда жастар неге баса назар аударғаны дұрыс?

- Махаббат көзқарас бірлігі мен тіршілік ғадауаты, ортақ өмірдің арпалысы. Қазір еркетай қыз бен боз өкпе ұлдың махаббаты имани сезімге ұйымай, хайуани түйсік пен сезімге бейім тұрады. Біз балаларымызды сахнаға шыққанда, билеп өнер көрсетсе – соны өнер дейміз. Бұл әурекіліктің басы деп есептеймін. Ол әурекілікке әу бастан әуейленіп кеткен адам, қайтып белін билеп мықынына ие болады. Билеу бір басқа. Мысалы өз басым билегенді жақсы көремін. Кезінде жақсы биледім. Бірақ кәдімгі өз жасым мен көзқарасыма және билеген адамға байланысты. Ал жаңағы еркетотай қыз бен бозөкпе ұлдың үріп үшіп, үрлеп төгіп, тегін дүниеге ие болған адам өмірмен бетпе-бет қалған кезде даңдарып қалады. Оларды егер көзқарас пен иман біріктіріп мүдде және өзара достық пейлді біріктірсе әңгіме басқаша.

Өмір кесесінің ернеуіне ерні тигеннен бастап ернін күйдіріп алады. Сол кезде тек «әкел әкел, бер бер» деп өскен қыздың өзінің бойынан шыққан балаға не береді. Өзінің бойынан шыққан балаға ештеңесін бермей өскен шеше мен ана немесе ене жаңа көзқарастың иесін өз үйінде қабылдауға дәрменсіз. Қазіргі айырылысып жатқан ұл мен қыздардың 99 пайызына басты кінәлі ене. Бұл заманда ене деген бәле шықты. Ене би болды. Ол әкенің де көңіліне қарамайды. Әкенің көңіліне қарамаған шешеден туған қыз әкесін адам деп есептемейді. Қыңқыл-сыңқыл мен шайтан құлағы аңқылдайды да тұрады. Шеше өзінің жалғызын немесе ұлын Үпіл Мәліктей көреді. Пайғамбардың сүннеті бойынша қыз басқа ауланың ішіне барып түскен дән. Сол аулаға лайық болып өсіп шығуы керек. Ұлда солай болуы керек. Қазақ қыз баланы қатты сыйлайды. Бірақ оларды өз бетінше өмір сүруге тәрбиелемейміз. Қай бала өз бетінше өмір сүріп, өз бетінше тұрмыс құрып күнін көріп жатыр? Тағдыр басқа салған адамдар мен ауылдың жанкешті тамыры берік ұлдары ғана. Ол қандай ортаға келіп жатыр? Ондайлар көп, жақсы білемін де. Өз күндерін өздері алып кетіп жатыр.

Достық дегенді қалай түсінесіз? Жалпы «менің досым» деп кімдерді атай аласыз?

– Жас күнде дос деген ұғымды мүмкін шағын ауқымда қараған шығармыз. Қазіргі ұғымымдағы дос Алланың саған берген қайрымы. Достық адамның тілеуі мен пейілі және пыйғылымен тікелей байланысты деп ойлаймын. Менің досым тілегіме тілек қосқан адам емес, менің досым тілеуімді тілеген адам. Тіпті ол адам мені білмеуі де мүмкін және мен ол адамды білмеуім мүмкін. Ондай адамды аңғарған бетте бірден «дос, дос болайық» деп айтамын. Өйткені, енді бір адаммен дос болатындай, ол адамды іздеп табатындай ғұмыр бізде қалған жоқ. Кім «болсын десе» – сол менің досым. Ал, өмірдегі және жұмыстағы араласып жүргендерді жақсы ниетті адамдар яғни дос көңілді адамдар деп ойлаймын. Ал енді өзің дос санайтын немесе мен оны дос тұтатын құрбы- құдастар бар. Құдайға шүкір, олармен ашық сөйлесіп өз пікіріңді емін-еркін айтатын, кейде жорта, кейде шын ренжіп жатасың. Бірақ оның сенен, сенің одан басқа сыр айтатын адамың жоқ. Ол мүдде – рухани мүдде емес. Мен енді іздеп таба алмаймын және менің бүкіл өмірімнің құбылысын ол адам білмейді. Әуелі Алла одан кейін дос. Шүкіршілік бар.

– Кімдерді атай аласыз?

– Әуелі Алланың өзі берген сыйын өзіммен бірге қалдырғым келіп отыр. Өйткені менің жанымды кім түсінеді. Алла түсінсе болды. Мен Алланың құлымын, Мұхаммедтің үмметімін. Сол игі тілекті тілеген жандардың барлығын досым деп есептеймін. Бата берген кезде де «Игілікті тілектеріңізге Алла жар болсын» деймін. Содан кейін өмірлік ұраным –жұрттың барлығы бай болса екен, болсын болмасын деген оңбасын. Бірақ бай екенмін деп мені менсінбеуге болмайды. Жұрттың барлығын әкім болса екен деп тілеймін. Болсын болмасын деген оңбаған. Бірақ әкім болдым деп маған тізе батырмауы керек. Үшінші дүниедегі адамдардың барлығы Қаһім болмса екен, ғалым болса екен, оқымысты болса екен деп тілеймін. Болсын болмасын деген оңбаған. Бірақ оқымысты болдым екен деп мені сауатсыз деп есептемесе екен деп тілеймін. Осы үш ұстанымға лайық адам – менің досым. Дүниенің қабылдайтын адамды екіге бөліп қараймын. Біреуі пейілдің, біреуі пыйғылдың адамдары деп. Пейілдің адамдарының барлығы – маған дос. Кездескеннен соң екі-үш сөзден кейін ағымнан жарылып айтамын да, адаммен адамның танысып білісуіне кететін ұзақ уақытты үнемдеймін. Ал пыйғылына бағыттап маған жақсы атты көрініп, өзінің мүддесі мен пікіріне қарай қақпайлаған адамдарға бірден тұла бойым түршігеді де, аяғымды тартып ала қоямын. Қайтып ол адамға менің жүрегім жылымайды. Ол өйткені пейілін емес, пыйғылын ұсынып отыр. Ал пыйғыл жүрген жерде шайтан өрмек салады.

– Сіз өз бойыңыздан рушылдықты жиі байқайсыз ба, әлде ұлтшылдықты ма?

– Мен ұлтшыл емеспін. Ұлтшыл болатындай қатыгез емеспін. Ұлтшыл болатындай пейілімді пиғылға жеңгізгім келмейді. Егер ұлтшыл болсам, мұсылман болмас едім. Өйткені Абай да, Құранда айтылған «Адамзатты сүй бауырым» деп. Егер ұлтшыл болсам қазақтан басқа ұлттың бәрін жек көрген болар едім. Мен Алланың құлымын, пайғамбардың үмметімін. Егер қазақтың мүддесі тапталып жатса, ол менің ұлтшылдығымнан емес, Алла сызып берген және талап еткен әділеттілікті орнына қою үшін күресемін. Біреу қазақты кемсітіп өзіне тиісті сыбағанын тартып алып жатса, ол әділеттіліктің бұзылғаны. Біреу қазақтың жерін алып, намысын қорлап жатса немесе оның тілін кесіп жатса мұндай әділетсіздікке қалай төземін. Оны неге айтпауға тиіспін. Неге ол мүддені екі беттеніп сатуға тиіспін. Демек мен әділетсіздік көрген ұлттың жоқтаушысы шығармын. Сол үшін күресемін. Ал руға байланысты сұрақ маған қойылмауы керек. Ру қазақ үшін нағашы мен жиеннің арасындағы әдемі әзілдің себепкері. Ондай әзілді мен де айтамын. Бірақ, нағашыларым мен жиендеріме. Қазақы тәрбие қалыптасып қалған. Кейде осым артық-ау деп ойлаймын.

– Отбасыңызда дінге бет бұрып, намаз оқып жүргендер бар ма?

– Бес уақыт намаз оқып сәждеге басымызды тигізіп жүрген жоқпыз. Менің туған апайым әу бастан көз жұмғанаша намазын оқып, дәретін алып жүрді. Бірақ бала-шағамызбен бір мезгіл ораза ұстап, намазға бас қоюға бейімделген кезіміз болды. Астанаға ауысып, жалғызілікті өмір сүрген кезімде ол шарттарды орындау мүмкін болмады. Сондықтан обалына қалмайын деп өзімнің осы тұрғыдағы ұмтылысыма тыйым салуға тура келді. Өйткені жалпы ұстанғаннан кейін әр нәрсенің жөн-жобасымен ұстаған дұрыс деп есептеймін. Ал намазға барамыз. Өз ойымызша мұсылманбыз. Мұсылмандық идеияларды айтып өзара пікір айтып, кейбір жағдайларды түсіндіреміз. Бірақ сырттай ұстап, іштей бұзғанға түгелімізбен қарсымыз. Сәлде киіп жүргеннің бәрін шын мұсылман ретінде қабылдамаймын.

Қазір әр түрлі ағым мен бағыт, түсінік ұстанатын жастар мен үлкендер бар. Біздің толқындар «Ойбай анау қыз орамал тағып кетіпті, сақал қойыпты» деп шошып жатады. Шошымаңдар. Ол өзінің сенгені. Бастысы содан қайтпаса болды. Орынды, орынсыз қазаққа мұсылмадық жараспайтындай көрінетіндер бар. Құдайдан қорқыңдар, иманнан қорқыңдар. «Жоқ Алланы мойындаймыз ғой. Бірақ...» дейді. Бірақ дейтін сөз жоқ. Содан кейін иманға бойын толық ұйыды ма, ұйымады ма көсемсіп шешенсіп сол жолды ұстағансып, әр нәрсеге тыйым салып, жоқтан барды ашып көсе тақуалар шықты. Мен осыларға күдікпен қараймын. Қарсы шығып көргем жоқ. Бойына қараймын, осында иман бар ма, жоқ па деп. Мына сөзді кім айтқызып отыр. Оның барлығы діни сауатсыздықтан шыққан шаруалар. Алла сенің бойыңдағы иманды игілікке ұйытқан. Осының бәрін біліп тұрып әр-кімге бір қарап намаз оқитындар бар. Онымен қоймай намаз біткеннен кейін «сен үйттің сен бүйтің» дейді. Шын мүмін болатын болса, намаз оқып отырғанда алладан басқаға қаперін бұрмау керек қой. Кім қалай намаз оқып отырғанын көзімен байқап отырса, оның көзі ұры яғни дұрысы ұры ит емес пе? Оны ұры мұсылман деп ойлаймын. Содан кейін күнделікті дәстүр-салтқа байланысты әр түрлі тыйымдарды айтады. Оны айтып жүргендер шала сауатты және әр медреседе әртүрлі бағытта оқыған молдаларымыздың әсері. Пәкістанда оқыған пәкістанның дәстүрімен қалыптасқан оны Қазақстанға әкелуге болмайды. Сәлде киіп қырық гродус аязда жүріп көрші. Ондай аяда барлығымыз үсіп өліп қалмаймыз ба? Сәлде деген 2,5 3 метрлік ақыреттік емес пе? Сонау Арабстанда жүрген Бергерлер мен Бәдауйлер жалғыз келе жатқанда өліп қалатын болса үстіне ақырет болсын дегеннен шыққан дәстүр емес пе? Оны қырық градустағы аязда киеді? Неге біз түріктің сопысын алып келеміз? Ондай заң қай жерде жазылыпты өзі. Құран сөзі мен хадис сөзін – жәдиттік көзқараспен қабылдауымыз керек. Әйтпесе бұл діннің толық қасиетін бойға сіңіре алмаймыз. Иман жүрекке би. Өкінішке орай, осы бағыттағы уағыздар толққанды жүргізілмейді деп айтуға болады. Мен жылына 355 күннің кем дегенде 200 күнін үш-төрт уақыттан намаздың уағызын тыңдауға жіберемін. Жұма намаздың уағыздарын күніге естіп отырамын. Уағыз айтылған кезінде сол адамдардың мақамы мен ұстамына, түсіндіруі мен ойын дамытуына және алған мысалына қарап кейде өз өзіңнен ойың бұзылады. Мысалы, «егер сен мынадай шартты орындасаң алдыңда алланың гауһарлары мен маржандары төгіліп тұрады немесе шашылып жатады. Сен жұмақта гауһарлармен маржандардың ортасында жүресің» деген сөзді айтады. Ол қайдағы маржан, қайдағы гауһар төгіліп тұрған? Ол саған керек пе? О дүниеде иманнан басқа ешнәрсе керек емес. «Маржан мен гауһар алдыңда төгіліп тұрады». Өй, ол төгіліп тұрған аршы мен күрсідегі алланың нұры, асылдың нұры емес пе?

Шариғат дегенімізді өмірідің жаратылыстары деп түсіндіреді. Шариғат пен мағриғат, тариқат пен ақиқат таным жолдары емес пе? Шариғат бар. Шариғат бүкіл жаратылыстың заңдылығы.

Жалпы өзім бала кезімде намазды жақсы білуші едім. Шынымды айтайын, кейін қара тартып қалдым. Менің шет тілім – араб тілі. Сондықтан аз-аздап түсінігім бар. Бір өкініштісі араб тілін мүлде ұмыттым деуге болады. Тек төтенше шағатайша оқитындай қабілетім сақталып қалды.

Әңгімелескен Серік ЖОЛДАСБАЙ

1028 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз