Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 30 Сәуір, 2024

Жас зеңбірекшілер дайындығы

Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны биыл Алматы облысындағы С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына қарасты оқу-жаттығу орталығында өтеді. Осы ретте, жиынға 2018 жылдан бері үзбей қатысып келе жатқан ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері құрамындағы «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Клуб құрамы жаңадан жасақталғанымен, қалыптасқан үрдісті сақтау мақсатында топ ішінде Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына екі жыл қатарынан қатысып келе жатқан тәрбиеленушілер бар. Атап айтқанда, клуб тәрбиеленушісі Толғанай Таткен «Айбын жұлдызы» атты шығармашылық сайысында үзбей бағын сынап жүрсе, клуб тәрбиеленушісі Диана Мұсатаева ІХ Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынында Калашников автоматын жартылай бөлшектеу және жинау сайысында жүлделі бірінші орын иеленген болатын.

Бір ерекшелігі, биылғы Х Халықаралық «Айбын-2024» әскери-патриоттық жастар жиынының әскери-қолданбалы жарыс түрлеріндегі сайысқа ер балалар үшін 3000 метрге жүгіру енгізілсе, қыздарға 1000 метрге дейін жүгіріп өту көзделген. Осыны басты назарға алған клуб жетекшісі Тілек Кенжебеков күнделікті құрама сапындағы тәрбиеленушілермен бірге шеберліктерін шыңдап, спорттың жүгіру түріне көп көңіл бөліп келеді.

Ер балалар кермеге тартылып, спорттық қалпын шыңдаса, қыздар тобы арқамен жатып, денені көтеру жаттығуы бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, клуб тәрбиеленушілерінің әскерилендірілген эстафета сайысындағы дайындық барысы да көңіл қуантады.

Жалпы, жастарды отансүйгіштікке баулу және оларға әскери-патриоттық тәрбие беру жолында жыл сайын өтетін «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының пайдасы зор екені анық. Ендеше, осы әскери сайыс түрлеріне дайындықты ерте бастап кеткен «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері атынан өнер көрсететін 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілеріне сәттілік тілейміз!

Думан Жұмашұлы,

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

 

 

208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз