Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Мамыр, 2024

Алматыда жыл басынан бері 3 мың адам қызылша жұқтырған

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шаһардағы қызылша дертінің тарауы және оған қарсы вакцинациялау жұмыстары жайлы деректермен бөлісті.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың басынан бастап 02 мамырды қоса алғанда қызылшаның 3014 расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде: 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 1828 жағдай (60,7%), 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында – 133 (4,4%) және ересектер арасында – 1053 (34,9%). Департамент балалар арасында бұл дерт тарауының басты себебі ретінде вакцинациядан бас тарту екенін хабарлайды.

«Қызылшаны жұқтыруды, сондай-ақ оның асқынуын болдырмайтын жалғыз тиімді құрал – вакцинация. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 2 рет, біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. 2023 жылғы 10 қараша мен 2024 жылғы 02 мамырдың аралығында қалада қызылша, қызамық, паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау шеңберінде барлығы 161 620 адам қамтылды. Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі», – деп хабарлайды Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Сондай-ақ департамент тарапынан аурудың белгілері пайда болған кезде келесі қағидаларды қатаң түрде ұстану ұсынылады:

- өзін-өзі емдеумен айналыспау, дәрігерді үйге шақырып және дәрігердің нұсқауы бойынша ем алу;
- үйде болу, жұмыс және оқу орындарына, сондай-ақ қоғамдық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар орындарына бармау. Әсіресе, амбулаториялық емделіп жатқан науқастар үйде оқшаулауды қатаң сақтауы керек;
- ауырған балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептерге, МДБҰ-ға, т.б жібермеу.

89 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз