Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 09 Мамыр, 2024

Жаз жадырап, күн күлдіре ме?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың төрағалығымен «Ылғал тапшылығы қаупі жағдайында көктемгі дала жұмыстарына дайындық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында ғалымдар мен сарапшылар шаруалар үшін климаттық және нарықтық жағдайларға қатысты қысқа және ұзақмерзімді болжамдарын айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

 

«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, мамыр айы ыстық болады деген болжам бар. 
– Еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын, республиканың батысында орташа  климаттық шамадан жоғары болады. Мамыр айын­да атмосфералық құрғақшылық күтілетін Қызылорда  облысының ауа райы жағдайы алаңдатады, – деді Агрометеорологиялық мониторинг және болжау департаментінің директоры Нонна Лоенко. 
Метеорологтердің айтуынша, маусым айы ыстық болады, жауын-шашынның болмауымен бірге құрғақшылық қаупі де бар. Шілде айында астықты облыстар үшін ауа райы жалпы қолайлы болады. Шілдеде жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде қалыпты, ал Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарында, Қостанай облысының басым бөлігінде, Қарағанды облысының қиыр солтүстігінде қалыптыдан жоғары болады деп болжанады.
Биыл жауын-шашынның болмауы мүмкін деген болжамға байланысты мал өсіруші фермерлер жем-шөп қорын жинақтауы қажет.
Назарбаев университетінің «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі» жобасының авторларының бірі, ғалым Дәурен Жұмабаев климаттың өзгеруінің әзірленген моделі туралы айтты. Ғалымдардың ұзақмерзімді болжамы Қазақстанда жазғы жауын-шашынның азаю қаупі жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар температура көтерілген сайын жауын-шашын тезірек буланады.
Дәурен Жұмабаевтың айтуынша, ғалымдар топырақ түрлерінің оңтүстіктен солтүстікке қарай ауысуын күтуде. Жасалған болжамдарға байланысты сарапшылар фермерлерге климаттың өзгеруіне бейімделу стратегияларын әзірлеуді, оның ішінде егіс үшін дақылдарды таңдау, егіншілік әдістерін, оның ішінде суаруды дамытуды ұсынады.
А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы орталығының аграрлық-ғалымы Қанат Ақшалов биылғы жағдайға қатысты негізгі мәселе су ағыны екенін айтты. Маман судың 80 пайызы егістік алқаптан ағып кеткенін, сіңіру қабілеті әлсіз болғанын айтты, бірақ бұл ылғал топырақты қайта зарядтай алады дейді. Су эрозиясын болдырмас үшін Қ.Ақшалов егістік алқаптарды еңіс бағытта өңдеуді ұсынады. Сонымен қатар агротехнологияларды, оның ішінде тыңайтқыштарды қолданудың маңызды екенін жеткізді.
Дөңгелек үстелдің тағы бір қатысушысы, Егіншілер одағының төрағасы Виктор Асланов ел диқандары үшін басты шектеуші фактор тек сыртқы ғана емес, ішкі бәсекелестік екенін атап өтті. Осыған байланысты сарапшы олардың егіс алқаптары мен тәуекелдерін әртараптандыруды ұсынды, сонымен қатар келесі маусымға бірқатар маркетингілік болжамдар жасады.
Атап айтқанда, В.Асланов Ресей мен Түркияда қатты бидай, сондай-ақ Ресейде қазақстандық өндірушілермен бәсекеге түсе алатын зығыр өндірісі артады деп болжайды. Бұл ретте сарапшы соя егіс көлемін ұлғайтумен қатар, ішкі сұранысқа ие болатын азықтық дақылдарға назар аударуды ұсынады. 2023 жылы бұл дақылдың тапшылығы мен рекордтық импорты болды.
Виктор Асланов диқандарды шөп өсіруге шақырады. «Биыл шөп үшін қолайлы жыл және сұраныс бар», – деді сарапшы.
Қазақстан Химиктер одағының вице-президенті Тахмина Нағұманова қазір 4 облыста ғана тыңайтқыш жөнелтіліп жатқанына тоқталып, қалған аймақтарға жұмысты жеделдетуді ұсынды. «2023 жылғы қиын жағдайды және шаруалардың жаңа маусымға өткен қарыз ауыртпалығын ескере отырып, тыңайтқыш өндірушілер шаруаларға қолдау көрсету мақсатында қыркүйекке дейін тауарды бөліп төлеу әдісімен беруді бастады. Шаруалар әзірге ештеңе төлеп жатқан жоқ. Бұл тәжірибені заң жүзінде бекіте алар едік», – деді Т.Нағұманова. Бұл тәсіл тыңайтқыштарды бөліп төлеуге алатын шаруаларға егістікті сақтандыруды міндеттейді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Сұлтанов ғалымдар мен сарапшылармен ынтымақтас­тық жалғасатынын, ұзақмерзімді болжамдарды ескере отырып, климаттың өзгеруіне бейімделу стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылардың ұсынысы өңірлерге жеткізіледі.

М.БИСЕНБАЕВА

144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз