Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 10 Мамыр, 2024

Жүйріктердің жүйрігі

«Айбын-2024» әскери-патриоттық жастар жиынына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің намысын қорғағайтын «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы тыңғылықты дайындық үстінде. Әсіресе клуб тәрбиеленушілері қатарында Диана Мұсатаева автоматты атыс қаруын бөлшектеу және жинау сайысында алдына жан салатын емес. 

Приозерск гарнизонында орналасқан 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы 2017 жылдың күзінде ашылған болатын. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Кенжебеков жетекшілік ететін клуб тәрбиеленушілері 2018 жылдан бері Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына үзбей қатысып келеді. 

Сол жылдардан бері клуб тәрбиеленушілері –  Алтынай Қаланбай 2018 жылы жеңіс тұғырының биігіне үш рет көтерілсе, 2020 жылы Сәулет Исаев оқуда үздік танылып, мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен тәмамдады; 2021 жылы Дулат Дүрназаров пен Ардақ Есиргеев Шучинск қаласының Шоқан Уалиханов атындағы Кадет корпусына оқуға түссе, 2022 жылы клубтың алғашқы капитаны болған Нұрхан Алшымбеков Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып қайтты. Сол игі жолды үзбей жалғастырушы Диана Мұсатаева «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының құрамында ІХ Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынында қыздар арасындағы автоматты атыс қаруын бөлшектеу мен жинау сайысындағы алғашқы бөлшектеу түрінен 7 секунд көрсеткішпен тұғырдың биік сатысына көтерілді. 

Өрімдей жас қыз Диана Мұсатаеваның клуб қатарына қосылғанына екі жылдан асып барады. Өзі 2022-2023 оқу жылын табысты аяқтап, Қарағанды облысының білім басқармасы Приозерск қалалық білім бөлімінің «1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 10 сыныбына көшкен еді. Алдымен, Мұсатаевтар отбасындағы екі қыздың үлкені Жасмина 2020 жылы клуб қатарына қабылданып, сол жылы онлайн-режимде ұйымдастырылған «Айбын-2020» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысады. Жасмина әпкесінен үлгі алған Диана 2022 жылы жас сарбаздарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісінің білікті маманы Тілек Кенжебеков жетекшілік ететін «Жас жеңбірекші» әскери-патриоттық клубына қабылданды. Диананың алғырлығы мен шапшаң қимылын бірден байқаған клуб жетекшісі Тілек Алшымбекұлы: «Диана Мұсатаева біздің клуб тәрбиеленушілерінің қатарына қосылған алғашқы күнінен бастап, бірден іске кірісіп кеткені есімде. Айтқаныңды екі етпей, көрсеткеніңді ұмытпай есінде сақтап алатын жақсы қасиеті бар. Болашағынан зор үміт күтетін болғандықтан, Диананы сенімді түрде Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатыстыру керек деген мақсат қойдым», - дейді.

Республикалық «Айбын-2022» әскери-патриоттық жастар жиынында Диана қыздармен бірге денені арқаға жатып көтеру сайысында бағын сынап көрген болатын. Сол тартыста «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының қыздары командалық есептегі қолда бар жеңісті уыстарынан жіберіп алған. Дегенмен де, Диананың клуб құрамындағы құрбысы Назгүл Байназар берілген мүмкіндікті жіберместен, жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлап қайтқан еді. Құрбысы Назгүлдің жеңісінен соң жетекшісі Тілек Кенжебековке қараған Диана Маратқызы: «Ағай, мен алдағы жылы тағы келем, қайтсем де жеңіске жетем», - деп уәдесін беріпті. 

Мектеп оқушысы бола тұрса да уәде берген Диана Мұсатаева сөзінде тұрды. Тынымсыз дайындықтыңарқасында жеңіске жетті. Жетекші ТілекАлшымбекұлының айтқанын екі етпеген қыздартобы алдымен денені арқаға жатып көтерусайысында жүлделі екінші орын иеленсе, келесікезектегі автоматты атыс қаруын бөлшектеу мен жинаудан қыздар арасында топ бастап, алдарынажан салмады. 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы Диана Мұсатаева сынды көшбасшылары бар кезде әлі талай биіктерді бағындыра беретіні сөзсіз. 

Думан Жұмашұлы, 

 Приозерск гарнзонының баспасөз хатшысы

86 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз