Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Жұмыла көтерген... 45 отбасы баспаналы болды

dsc_0749-2222-iiiiҚызылағаш ауылындағы 45 отбасы жаңа қоныстарына кірді. Маусым айының ортасына дейін судан зардап шеккен елді мекендердегі бұдан өзге де 499 үйдің құрылысы аяқталуға тиіс.

45 жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде тапсыру салтанатына облыс әкімі Серік Үмбетов қатысты. Ол әр үйдің иесіне кілтін өз қолымен ұсынып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады. Құттықтау сөзінде Елбасының қысқа мерзім ішінде елді мекендерді қалпына келтіру туралы тапсырмасына сәйкес коммуникация желілері (электр тогы, телефон, жол) жүргізіліп, су қоймасы аумағында саябақ бой көтеретіні, сол маңға қаза болғандарды еске алатын мемориал орын тебетіні туралы атап өтті.

- Орын алған осы апатты жағдай Қазақстан халқының бірлігін тағы да бір айқындай түсті. Қызылағашқа бүкіл жұртшылық болып қол ұшын созды, - деді облыс басшысы.

Кілт тапсыру салтанатынан кейін әкім бірнеше жаңа қоныс иелерінің үйінде болып, дәм ауыз тиді. Жаңа баспанада жақсылықтардың көп болуына тілектестік білдірді. Әрбір үй төсек, үстел, орындықтар, ас үй шкафы секілді қажетті мүліктермен жабдықталған. Сонымен қатар төсек жабдықтары, одеялдар, жастықтар, қасықтан бастап ас үйге қажетті ыдыс-аяқ қоса берілді. Сол сияқты ас үйге газ плитасы орнатылған. Енді жаңа үйге қоныстанған отбасы бұл баспаналарда алаңсыз өмір сүре алады.

Қызылағаш ауылында 337 үйдің кірпіші қаланды, 113 үйдің шатыры көтерілді. Қазір Қызылағаш ауылында тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандардың (балабақша, әкімдік ғимараты, мәдениет үйі, қоғамдық монша, спортзал т.б.) құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұрынғы мектеп-интернат ғимаратының бірінші, екінші қабаттарын 120 орынға арналған балабақша, ал үшінші қабатын 12 пәтерлі тұрғын үй ретінде жасау жұмыстары жүріп жатыр.

16,2 шақырымдық су құбырын жүргізу жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыс 3 мамыр күні толығымен аяқталады.

Негізгі көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Оның құрылысы үстіміздегі жылдың 30 қазанына дейін бітіру жоспарланып отыр.

Ақтоған және Егінсу ауылдарындағы жұмыс жалғасуда. Бүгінгі күні Ақтоған ауылында үй іргетасына арналған 65 траншея қазылып, 47 үйдің іргетасы, 19 үйдің кірпіші қаланды, 6 үйдің шатыры көтерілді. Мұнда 327 адам жұмыс істеуде.

Егінсу ауылында қазіргі кезде құрылыс компаниялары ескі нысандарды бұзып, орнын құрылысқа дайындауда. Бүгінгі күні үйдің іргетасы үшін 16 траншея қазылып, 12 үйдің іргетасы, 8 үйдің қабырғасы қаланды. 2 үйдің шатыры көтерілді. Бүлінген 50 үйді бұзу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 130 адам еңбек етуде. Фельдшерлік-амбулаториялық пункт және ветеринарлық пункт қайта тұрғызу, мектеп пен балабақшаға жөндеу жұмыстары басталды.

Зардап шеккен елді мекендеріндегі құрылыс алаңдарында 500-ден астам техника және 4000-нан астам адам жұмыс істеп жатыр.

Қызылағаш ауылдық округінде егіс науқаны басталды. Жалпы округ бойынша 2000 га жерге масақты дәнді-дақыл себу межеленген. Бүгінгі күнге 1800 га тәлімі жер жыртылып, тырмаланды. Бұрын хабарланғанындай, күзде жиналған астық зардап шеккендерге таратылып берілетін болады.

560 га көлемге жаздық арпа, 777 га жерге себілді. Алқаптарда барлығы 17 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеуде.

Қызылағаш ауылындағы суармалы жердің 50 гектарына картоп, 50 гектарына қант қызылшасы, Ақтоған ауылындағы 150 гектар жерге қант қызылшасы себіледі. Ақсу ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге Үкімет резервінен, Ұлттық компаниялардан, Астана, Алматы қалалары мен облыстардан, жеке азаматтардан, қоғамдық және коммерциялық ұйымдардан көмек қаржысы келіп түсуде. 30 сәуір күнгі мәлімет бойынша бұл қаржының көлемі 7 млрд. 129 млн. теңгеден асты.

Елді мекендерді қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың жұмысы ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің жіті бақылауында.

Сағын СЕРІК

781 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз