Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Жақсылық жасау үшін туған жан еді

Отан соғысының ардагері, мемлекет қайраткері, белгілі экономист Гарай Қалапашұлы Сағымбаев туралы бір үзік сыр.

Тумақ барда, өлмек бар, өспек барда солмақ бар. Жаратылыстың бұл болмысына кім қарсы шығып, дау айта алар. Дүние есігін ашқан кісілердің қатарға қосылып өмір жолдары сан қилы болып, басталса да ең ақырғы сәті осылай өкініш, ренішпен аяөталады. Алайда адам сол азды-көпті саналы өмірін қалай өткізді, не тындырды, өскен ортасына, туған халқына қаншалықты қызмет етіп, өзіндік ізін қалдырды. Бұл салауатты сұрақ, тілегі түзу, ниеті ақ адамның қайсысын болса да ойландырып, толғандыратыны заңды. Егер осы парасаттылық тұрғыдан әңгіме қозғар болсақ белгілі экономист Гарай Қалапашұлының өмірден ертерек өтуі араласып танысқан замандастарына, әріптестеріне, дос жарандарына қатты батты. Өйткені ол ерен еңбегімен халқымыздың құрметіне бөленген біртуар ұлдарының бірі еді. Қайран елім, туған жерім деп дамылсыз соққан еді жүрегі.

Он сегізінде от кешіп Ұлы Отан соғысына қатысты. Ерен ерлігі үшін көптеген орден медальдармен марапатталды. Туған жеріне екінші топтағы мүгедек болып оралды. Қол қусырып, қарап отырмады.. өмір сүру дегеніміз тынымсыз алға ұмтылу деп ұғып, мүмкіндігінше өз орнын табуға тырысты. Сырттай оқып жүріп қалаған мамандығын алды. Қиыншылықты жеңе білді. Әлбетте «көп білген кемеңгер емес, білгенімен еліне пайдасын тигізген азамат ғана кемеңгер» дейді халық даналығы. Демек осы халық даналығына сүйенсек, Гарай Қалапашұлы қай салада қызмет атқарса да адалдық, іскерлік, ұйымдастырушылық қасиетінің молдығымен көзге түскен екен. Сондықтанда болар қай жерде жүрмей жатыр - Гарай Қалапашұлын сонда жіберу әдетке айналыпты. Кезінде Батыс Қазақстан өлкелік жоспарлау комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып жүріп астанамыз Алматыға ауысуы да осындай ерекшілігінен туыпты.

Таратып айтсақ Мәскеуде мемлекеттік үлкен кеңестің жыл қортындысына арналған мәжілісі жүріп жатады. Мәжілісті ашқан Косыгин:

- Бүгінгі мәселені талқылауға Әзірбайжан мен Қазақстан қатыстырылмайды. Олар жыл қортындысы туралы есепті уақытында тапсырған жоқ. Кінә өздерінде, - деп орынды сынға алады. Республикалық үкіметтің басшысы Мәсімхан Бейсебаев ешнәрсе айта алмай кемшілікті мойындауға мәжбүр болады. Алматыға оралғаннан кейін орынбасары Ільяс Омаровты шақырып болған жағдайды айтып, «берген тапсырманы мұқият орындайтын есеп-қисапқа жүйрік маман экономисті қайдан табуға болады» деп ақылдасып, өтініш жасайды. «Ондай маманды тауып берейін, ол Гарай Сағымбаев деген тәжрибелі экономист бар, Батыс Қазақстан өлкелік жоспарлау комитетінің төрағасы» дейді Ілекең.

Осылай Гаракең республикалық жоспарлау комитетінің жоспар және материалдық ресурстар бөлімінің меңгерушісі болып бекітілді. Адамдарға ең қажет нағыз байлық білімділік қой. Гарай Қалапашұлы алғашқы күннен-ақ көрсетілген сенімді ақтауға, қабілет тәжрибесін салады. Арнайы Мәскеуге барып, республикадан келген жылдық есептердің мазмұнымен танысады. Байқаса олардың жылдық есептерінің беті әрі кеткенде 40 бетке жетіп жығылады екен. Ал біздің Қазақстанның жылдық есебі 200-бетке дейін барыпты.

Осы жайлардың барлығын ескеріп, келесі жылдың қортындысы шығарылып, есебі жасалғанда Гарай Қалапашұлы нақты фактілерді көрсетіп, 18 бетке сыйғызып, тікелей үлен бастығы Мәсімхан Бейсебаевқа тапсырады. Бастығы мұндай қысқа есепті бұрын-соңды көрмегендіктен қатты таңданыпты. Асықпай қарап, риза болып, мақұлдап қолын қойған екен. Есеп Мәскеудегі кеңестерде кедергісіз бірауыздан қабылданады.Осылай өзін нақты іс үстінде көрсете білген маман республикалық жоспарлау комитетінің төрағасы болып бекітіледі.

Гарай Қалапашұлы ел алдындағы азаматтық парызын қалай өтегені жайлы халқымыздың алып тұлғаларының бірі Өзбекәлі Жәнібек өзінің «Алы-артыма қарайлап өмір кештім» деген естелік кітабының 37-38 бетінде былай деп жазған екен: «Жылдар бойы қатар қызмет істесіп аралас-құралас болып кеткендіктен замандастарым жайлы көріп-білгендерімді ортаға салатын болсам, оның ешқандай солекеттігі жоқ сияқты. Мәселен Гарай Қалапашұлы Сағымбаев сияқты көкке көтеруге тұрарлық абзал ағамыздың адамдармен қарым-қатынасын әділеттік пен қатаң тәртіпке негіздеп құратынын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Қызмет бабымен Гарай Сағымбаев сияқты маманмен тікелей қарым-қатынаста болу мен үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Оның бойына біткен тамаша қасиеті қолынан жұмыс келеді-ау деп сенім артқан адамдарын өзіне жақындатып, ақыл-кеңес беруге, жәрдемдесуге әрдайым дайын тұратын еді». Бұл пікірінің дәлелі ретінде Өзбекәлі Жәнібекұлы мына бір жағдайды еске түсіреді.

Мәдениет министрлігінде қызмет атқарып жүргенімде Ғақаң бір күні өзіне шақырып алып: - Өзбекәлі інім, Маңғыстау халқымыздың тарихи және мәдени ескерткіштерінің орталығының бірі екенін жақсы білесің. Ұзын саны он мыңнан асады. Осылардың бәрін жинақтап, есепке алатын, қажеттісін жөндетуді қолға алатын кез жетті. Тарихи ескерткіштерді сақтайтын музей ашсақ, қаражат жағынан қысылмайсың, көмектесеміз, - деп ұсыныс жасады.

Бұл Өзекеңнің ойында да жүрген мәселе екен, ұсынысты қуана қарсы алды. Кешікпей іссапарға шығып, Маңғыстау облысының барлық жерін асықпай аралап ескерткіш орындарымен жете танысады. Жергілікті адамдармен кездесіп ақылдасады. Сөйтіп республикалық жоспарлау комитетіне нақты ұсыныстарын жеткізіп ортаға салады. Қарқынды, алымды шаралар арқасында Маңғыстау мен Үстірттегі заттық ескерткіштер қорығы дүниеге келеді.

Алматыдағы кәзіргі Орталық Музейдің бой көтеріп ашылуына да Гарай Қалапашұлының қосқан үлесі мол. Өзағаңмен жоспарлау комитетінің бөлім бастығы Н.Сансызбаевты Мәскеуге жіберіп, Одақ басшыларымен қайта-қайта сөйлесіп, қоярда қоймай қосымша қаржы алу жолын табады.

«Шынын айтсам» - деп қорытады естелік әңгімесінің соңын Өзекең – Мәдениет Министрлігінде алты жарым жыл қызмет істеген кезімде маған осындай жөн сілтеген Ғаракеңнен өзге басшы болған емес».

Адамның қоғамдағы орны атқарған ісіне, көтерген жүгіне қарай бағаланады ғой. Ғаракеңнің туған ағасы, республикалық дәрежедегі зейнеткер, беогілі журналист Мағзұм Сағымбаев сүйікті інісінің халық мүддесі жолында көрсеткен қайсы бір тапқырлық қырын әңгімелеп бергені бар еді. Жаңадан құрылған Торғай облысының басшылары әйгілі Аманкелді батырға арнап туған ауданында мұражай ашуға қаражат сұрайды. Одақтың үстемдік құрып тұрған шағы. Мұндай қаражатты Мәскеудегі басшылар ғана бөліп бере алады. Сондықтан Гарай ағамыз Мәскеуге іссапармен барғанда Одақтық жоспаралау комитетінің алдына мәселе етіп қояды.

- Иманов дегенің кім? – депті Мәскеулік бастық.

- Ол қазақтың Чапаевы, халықтың құрметіне бөленген атақты батыры.

- Солай ма еді, - деп келісімін береді.

Кейін Шоқан Уәлихановқа Алматыда ескерткіш орнату барысында да осындай амал теңестіру әдәстерін қолданыпты. Тағы да Мәскеуге барып жоспаралау комитетінің бастығына жолығады. Өзімен бірге Шоқанның бұрын орнатылған ескерткішінің суреткөшірмесін алып келіп бастықтың алдына қояды.

- Бұл патша заманындағы аймақтық генерал-губернатордың орыс халқына үлкен еңбек сіңірген қазақ халқының ғұлама ғалымына арнап орнатқан ескерткіші, ал біз кейінгі ұрпақтары жаңасын салуды ұйғарып едік. Қаражат бөлуге қарсы болмассыз, - дейді.

- Бастық Шоқан Уәлихановты менде білетін едім, ұсынысыңыз орынды екен, - деп бірден келісімін береді.

Гарай Қалапашұлының бұрынғы халық шаруашылығы институты, кәзіргі Рысқұлов атындағы университетінің ғимаратын салдырып, іске қосуда да, әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінде араб тілі мамандарын даярлайтын факультеттің ашылуына да сіңірген еңбегі зор. Уақытпен санаспай әлсін-әлсін Мәскеуге шапқылап, мәселені түбегейлі шешіп береді.

Мерзімді баспасөз беттерінде жазылып жүргеніндей Гарай Қалапашұлы республикалық жоспарлау комитетін басқарып жүрген жылдарында отыздан аса институт, жүздеген клуб үйлері, елуден аса театр мен мұражай ашылып, жұмыс істеген екен. Бұған қоса ауруханадағы дәрігерлер саны екі жарым есе өсіп, баспалардан кітап шығару жұмысы қызу қолға алыныпты.

Гарай Қалапашұлының қайраткерлігімен бірге ғылыми-зерттеу ізденістері жөнінде де кеңінен әңгімелеуге болады. Оның «Экология негіздері», «Экология және экономия негіздері» атты кітаптары жоғары құу орындарында оқулық ретінде пайдаланып жүр. Сонымен бірге әр түрлі тақырыпта жазылған 12 кітаптың авторы.

Бұған қоса дүниежүзілік ғылыми-тәжрибелік конференцияларда жасаған баяндамалары жоғары бағаланып, әлем тілдерінде жарық көргені, Бірікке Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының өзі бұл еңбегін бағалап арнайы хат жолдағанында айта кетсекте артық емес.

Ғаракең жасы жетіп, демалысқа шыққаннан кейінде уақытын босқа өткізген жоқ. Алмаы сәулет-құрылыс институтында, әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінде студенттерге дәріс оқыды. Газет, журнал беттерінде мақалар жазып, радиодан сөйлеп, нарықтық экономиканы тиімді жүргізудің жолдары жайында пікір ойларын ортаға салып тұрды. Соның бірі халықаралық «Түркістан» газетінде Парламент депутаттарына ашық хат жазып, еліміздің экологиялық, радиациялық жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылуы туралы мәселе көтерді. Өз тарапынан нақты дәлелдер келтіріп 11 ұсыныс жасады. Депутаттар экономист ғалымның бұл ұсыныстарын ден қойып қарап, талқылап, 1996 жылы радиациялық қауіпсіздік туралы мемлекеттік заңының қабылдауына бас-көз болды.

Елім деп еміреніп, өзі үшін ғана емес, өзгелер үшін өмір сүруді мақсат еткен абзал азаматтың халқына берері әлі де көп еді. Тағдырға не шара, дүние салып, арамыздан ертерек кетті. Алай да артында өшпес ізін, игі ісін, ой кестесін, таным-тағылымын қалдырды.

Қасымхан ЕРСАРИН.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

құрметті журналист

883 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз