Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Ұлы Жеңіске 65 жыл Мүсірғазы, Ханзада, ..., Қадыр Мырза Әлі

Ұлы Отан соғысы жайлы жазылған, жарияланған дүние көп. Ал жарияланбағаны қаншама?! Осы жай маған қолыма қалам алғызды. Сыр-ағаң ақын Сырбай Мәуленов «Қазақстанның Ленинграды» атаған Торғай ауданындағы (бүгінде Жанкелдин ауданы) мен туған ауыл – Аманкелді атындағы ұжымшарға сол соғыс қандай қасірет әкелді? Сол жайлы оқырманмен азкем ой бөлісуді жөн көрдім.

Мен ол жылы он жаста едім. Соғыстың басталғанын Қабырға өзенінің бір шұрайлы жеріне орналасқан пионер лагерінде жүргенімде естідім... Құлақпен естігенді көзбен көреді, - дейді дана халқымыз. Бұған дейін оқулықтан оқып жатталған:

Жаз жайнатып күн күлдіріп,

Біз лагарьге барамыз.

Жасыл жібек гүл үстінде

Аунап, ойнақ саламыз, - өлең жолдарындағы лагерьді біз өз көзімізбен көрдік. Оқулықтан оұу бар да, сол лагерьде дем алу бар. Оның бар қызығын айтып тауыса алмайсың. Қабырға өзенінің бұл тұсы (Ақсуат аталады) нағыз жер жәннаты.

Шығыс беті шығырға таптырмайды.

(Ақтарыны қай қазақ жақтырмайды?!)

Сағасына сыймаған сары сазан

Ақсуатқа жылқыны жаптырмайды... бар гүл сонда, бар арасы сонда. Мектеп қабырғасындағы барлық спорт ойындары сонда. Қай баланың қандай өнері бар, бәрі осында ашылады. Ән шырқалады, күй шертіледі (мен «Кеңес» күйі деген күйді сонда Сепен Әбділдин деген вожатыйымыздан үйрендім). Әбдірахманов Сейдағазы деген оқушы аузымен құланның дауысын салады... Осындай тамаша күндеріміз бір сәтте бұзылып жүре берді.

Ертеңгі тамақтан кейін спорт алаңына жиналыңдар деген хабар тиді. Бардық. Лагерь басшылары түп-түгел сонда екен. Кеше аудан орталығына кеткен лагерь нәшендігі Ерназар Досмағамбетовте келіп үлгеріпті. Лагерьдегі балалар отрядтарға, олар взводтарға жіктелетін. Жиында олардың басшылары – біздің тікелей кәмәндірлеріміз де тұр. Бәрі де бұрынғыдай емес, қабақтары түсіп кеткен. Былайша да сұсты көрінетін Ерназар ағай ерекше қатулы. Әңгімені сол бастады.

- Балалар, біздің Отанымызға фашистік Германия опасыздықпен соғыс жариялады. Туысқан Украина мен Беларуссияның біраз жері отқа оранып жатыр, - деп күңірене сөйледі. Он жасар бала нені біледі. «Неге соғыс жариялады?», «опасыздық деген не сөз?». Өзіммен бір киіз үйде жататын, жоғары сыныптың оқушысы Қоянбаев Сүлейменнен сұрадым. Ол жарытымды жауап бере алмады. «Отқа оранса, үйлерді өртеп жатқан болды ғой», - деді де қойды. Ерназар ағай бізді лагерь тәртібін қатаң сақтауға шақырды. Кәмәндірлерімізге қарап: «Кім Отанын қорғауға өз еркімен жазылғысы келеді? Соны да ойласыңдар. Аудан басшылары маған осыны тапсырды», - деп сөзін аяқтады. Біз, балалар, күнделікті «шаруамызға» кірістік. Бірақ бір де біреуімізде күндегі ашық рай, жайдары күлкі жоқ. «Соғыс» деген суық сөз бәрімізді электр тғымен соғып өткендей, селсоқпыз. Түскі астан кейін естігеніміз Сәрсекеев Жолкеш, Еспанов Аманжол, Иманғалиев Мырзағали (Тосын жағынан еді), Нұрпейісов Әбдіхалық, Шіренов Әбдірәсіл ағайлар тілек білдірушілертізіміне бірінші болып тіркеліпті. Алғашқылардың ішінде Сепен ағайда бар екен. Нәшәндіктің өзі «Әбділдин, сен әлі он алтыдағанасың, жассың», - деген екен, қатарына қарағанда ірі денелі, қайсар мінезді «өткір шоттай» (бұл Әкпар ұстаның Сепенге қойған теңеуі) ол айтқанынан қайтпапты. Лагерь нәшәндігі оған ағайын болып келетін, сонысын пайдаланып:

- Ағай, мен «халық жауының» інісі деген аттан Отанымды қрғап құтылғым келеді, - деп көнбепті... ерназар ағай Торғайдан «Социалистік Қазақстан» газетінің «Совинформбюросының» хабары жарияланған санының бірнеше данасын ала келген екен, түстен кейінгі «ісіміз» сонымен танысу болды. Әлі есімде газеттің бірінші бетінің оң жақ шетіне үш бағанды алған сайқымазақ кескін (карикатура) беріліпті. Онда Совет жауынгері арсылдап ұмтылған, мойнында свастикалы қарғы бау бар қара төбет бейнеленген. Оған біздің қызыл әскер винтовка штигін тіреп тұр. Астында бірер шумақ өлең-памфлет:

Уа, сұмырай құзғын жау,

Аттамайсың кейін қайт.

Қайт дегенде қайтпасаң

Обалыңды мойныңа арт.

Елім саған ұмтылса,

Бір кісідей уралап,

Қанды басың қаңбақтай

Қалар жерде домалап... Неткен жалынды пафос! Неткен отансүйгіштік! – десейші. Әдетте мұндай суреттердің мәтініне автор жазылмайды. Сәуегейлік-ақ емес пе! («С.Қ» архивінде авторы сақталса, осы қос шумақтың иесінің зиратына гүл шоғын қойса ғой, шіркін!).

Соғыс жылдары хат пен қарақағаздың көп болғаны есімде жоқ. Кейін белгілі болғаны, Албарбөгет ауылдық кеңесіне қарайтын шағын-шағын алты ұжымшардан 143 адам оққа ұшыпты. Соның қырық жетісі біздің ауылданекен. Ол Көкалат ауылының орталығында мрамор тақтаға ойып жазылған ескерткіште сақталыпты. Және бір орны толмас өкініш, жоғарыдағы қырық жеті боздақтың ішінен Әубәкір, Ғалиасқар, Әбілхайырдан ғана бір-бір бала қалды (Әбілхайырдың жалғыз қызы Базаркүл де алты жасында қайтыс болды).

Менің анам: «Алладан қысқа тілек тілемеңдер», деп отыратын. Сол сөздің шындығына бірер мысалкелтіре кетейін.

... Көршіміз Әбдібек ағай әскерге алынғанда Айман апай екі қабат қалды. Ол кезде хат тасушы бола қоя ма, әрі соның келгеніне шыдамай күн сайын пошта бөлімшесіне ағылатынбыз. Менің үш нағашым, Қуанышбай ағай, Сақтаған жездем. Мүсірғазы бөлем, Ғалихан жиен-ағайым майданда болғандықтан Айман апайға ілесіп мен де поштаға бартынбыз. Менің жеті туысқанымның бірінен болмаса бірінен хат алып, үйге жеткенше жүгіріп келетінмін де, Айман апай азаматынан хат болмаған жолы мамырлап басып зорға келетін. Оның жағдайынкөрген анам: «Шырағым, берік бол, бұл жолы келмесе, келесіде келер» деп уәж айтса,

- Әй, әже-ай, құдай мені алып Әбдібегімді аман келтірсе, риза болар едім, - деп апайдың еңірегенде етегі жасқа толатын. Сол Апай баладан қайтты. Әбдібек ағай соғыста Будапеште аяқтап, елге дін аман оралды.

Сыздықбаев Қабди деген нағашымыздан да «қара қағаз» келді. (Бұл Торғай ауданы бойынша «қара қағаз» келген екінші адам еді). Қайнысының қазасын естігенде жеңгесі Шырай шашын жұлып, бетін жыртып қатты қайғырды.

« ... Ажалына тура келді жалғыз оқ.

Осы жолдан аман келсе, Ортаншым.

Жүзін көріп өліп кесем, арман жоқ. ...»

Деген зары әлі күнге құлағымнан кетпейді.

Құданың құдіреті десейші. Қабдидің жанына гаубицаның үлкен снаряды түсіп жарылады. Қабекең үстін топырақ басып, аман қалады.бөлімшедегілер шабуылдан кейін тексерсе, оралмағандардың ішінде ол да болады. «Қабди Сыздыкбаев проал без вести» деп елге қара қағаз келеді. Ал нағашымды басқа ротадағылар топырақ арасынан аршып алып, өздерінің қатарына қосады. Қайдан келгенін, нешінші ротадан екенін түсіндіріп айтатын Қабекеңде орысшасы жоқ... Не керек, Қабекең соғыстан бір қолын мойнына асып, тірі оралды. Ал, Шырай жейгей сүзекпен ауырып жатқан екен. «Ортаншым, келдің бе?» - деуге ғана шамасы келіп, о дүниеге аттанып кете барды.

Қабдидің адасып барған ротасында да қазақ тілін білетін бір де бір ұлттың қкілі болмайды. Не деген әділетсіздік!

Менің бөлем Мүсірғазы Жатқановтың өлең шығаратыны бар еді. Ол әр хатында төрт-бес ауыз өлең де жазып салатын. Мен бұл жерде екі-ақ шумағын келтіруді орынды көріп отырмын:

Жатқан жерім қалың орман арасы,

Көрімбейді не қала, не даласы.

Әзіл айтып көтерелік көңілді

Қасымда жоқ бір мұсылман баласы.

Мен осы күні ойлаймын: «Мұсылман жігіттердің басы біріксе орыстарға қару көтерер деген пасық ой болған-ау жоғарғы жақта».

Мүсірғазы ағайдан келтіргелі отырған екінші шумақтың да өз сыры бар. Оқыңыз!

Албарбөгет есепсіз еді өнімің.

Алла жазса қисын емес көруім.

Әуеден оқ, жайнаған шоқ жауғанда

Өлемін, - деп сескенбейді көңілім.

Асылы, адамға сенімі серік болуы керек. Алланы ауыздан тастамауы керек. Сол ағамыз соғысқа аттанғанда бір ұл, бір қыз қалып еді, Гүлжан жеңгеміз соғыс кезіндегі ауыр бейнеттен ауру тауып, ері келген соң көп ұзамай дүние салды. Кейінгі Жамал апамыздан алтын асықтай жеті-сегіз ұл-қыз сүйді.

... Соғыс басталған жылы күзге салым ауылға Қожамқұл нағашымыз көшіп келді. Үлкендерге келу себебін, «мына соғыстың беті жаман, жалғыз Әбілқайырымды әскерге алса жұдырықтай келін мен, кішкентай Базаркүлімді далада қалдырмайын деп ойладым», - деп түсіндіріпті. Марқұмға топырақ туған ауылынан бұйырды, ал жалғызы Украин даласында қаза тапты.

Кейінірек білдік, нағашымның келіні Ханзада

Ақмолда, Есенжолдай ақын өткен

Жайылып Қырым, Хиуа аты кеткен

Халқына қазынасын үлестіріп,

Көмейден күміс, маржан сөзін , - төккен деп халық ақыны Нұрхан Ахметбеков өлеңіне өзек еткен Есенжолдың ұрпағы екен (Ал Есенжол Ғафу Қайырбековтің ұлы нағашысы). Сонан болар Ханзада жеңешем де өлең шығаратын. «Үш күннен соң тозақта да от шашып ойнайды», - деген бар. Жеңгелеріміз де ара-тұра жұмыс астында жүріп сырласатын, мұңдасатын, өлең айтатын. Ханзада жеңешем ондайда өз жанынан өлең шығарып, өзінің ауыр халін жырына желі ететін. Менің есімде жеңешемнің (топырағы торқа болсын!) бірер шумақ өлеңі есімде қалыпты.

Жоғары ақ орамал іле алмадым,

Бұл істің не боларын біле алмадым.

Жұмыстан діңкем құрып келгенімде,

Қаңырап тұрған үйге кіре алмадым.

Жыламаш, айналайын, Базаркүлім,

Осы ма Көкең жоқта көрген күнім.

Кешегі өткен күнді ойлағанша,

Құдайым онан дағы берсін өлім.

Бұл өлең емес, зар. Он тоғыз жасында жесір қалған жас жанның жарына деген адал махаббаты екеніне ешкімнің күмәні болмас.

Зейнолла Қабдолов ағамыз Қадыр Мырза Әліні «сен тірі классиксің» деген көрінеді. Өзім бұл сөздің куәсі болмасам да Қадыр шынында классик ақын. Оған көз жеткізу үшін «Ой орманын» аралап, «Бұлбұл бағын» тамашалау, «Иіріміне» үңіліп әуре болмай-ақ мына бір жыр жолына көз салайықшы (Бұл тәуелсіздігіміз қолға тимес бұрын жазылған):

Бола ма соғыс?

Біздікі жеңіс!

Сонда да соғыс

Болмасын! – деңіз.

Жер басып, өмір сүріп жүрген әр адамға, тіпті әр халыққа бейбітшілік керек. Біз сияқты саны аз, сол аздың өзі бір шаңырақтың астына келіп үлгірмеген халыққа бейбітшілік жүз есе, мың есе қымбат. Егесіп ел болмайды. Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарайық. Сонда жеңіс біздікі.

Тұрғынбек ЖЕТПІСБАЙҰЛЫ

Мына аза-жыр Отан үшін оққа ұшқан 47 қыршынға арналған еді.

Реквим

(Қыршыннан қиылған қырық алты)

Мұным - өлең емес, өртім.

Мұңым, жанымды жеген дертім.

Қитаба, Түйішкенің жас ұрпағы,

Қалдырып кету саған – менің сертім.

Сонау соғыс жылдарынан,

Соның сойқан ызғарынан

Ана-жесір, бала-жетім, ...

Опат болды қаншама адам?

Сан аяулым оққа ұшып,

Көкалатқа оралмаған.

Осылардың хатқа тіздім,

Есімдерін есте қалған.

Жақыпбек пен Шайхыстаным,

Сақтаған мен Қалиханым.

Айтқазы мен Ерғалиым,

Ұжымақта болсын жаның!

Қалиасқар мен Бірлікбайым,

Ғарып, Құрмет, Бүтінбайым,

Мырзаболат, Төлеп, Ерхан,

Әруағыңнан айналайын!

Байғабыл менОразбегім,

Қуанышбай мен Қошырбегім,

Самат пенен Ділдәбектің

Ұл туар ма қуар кегін.

Жаңаберген, Тәшмағамбет,

Өтеген мен Жармағамбет,

Әбдіғали, Молдаш, Кәрім,

Әміралыдан қалмад дерек.

Амандық пен Орынбайым,

Ізтелеу мен Құрманбайым.

Маудан, Шәмен, Қали, Аппаз,

Арғынғазым, Боранбайым.

Сейітқали мен Батырхайыр,

Үсен, Шәкір, Әбілхайыр,

Екі Әубәкір, Сепен, Бүркіт –

Ел мақтаны еді-ау Зайыр!

Түйін:

Ойға батып Алпыс жыл бұрын өткен,

Сұрапылда сұраусыз қыршын кеткен.

Қырық алты ардақтымды жырға қостым,

Тағдыры Тұрғынбекті зар еңіреткен.

Бәрі де қызық көрмей өткен жандар.

Тірілер, қыршындарды еске алыңдар.

Сендердің бақытың үшін шаһит болды,

Рухына дұға арнап, қол жайыңдар.

1007 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз