Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

«Өрлікпен өрілген өмір»

Қазақ халқы қай заман, қай кезеңде болмасын батыр ұлға кенде болмапты. Арғыдағы Алаштың баһадүрлерін айтпағанда, кешегі 1418 күнге созылған қанды қасап, Отан cоғысында ұлтымыздың қаһармандық дәстүрін қайта бір паш еткен ардагер азаматтарымыздың өзі қаншама?! Алайда, сол бір жорық жылдарында ердің-ері, батырдың-батыры ретінде танылып, тірісінде-ақ аты аңызға айналған бір қыранжүрек тұлғаның орны бөлек. Ол – Отан cоғысында есімі алтын әріппен жазылған даңқты қолбасшы, жаужүрек сардар Бауыржан Момышұлы.

Бауыржан Батырдың артына қалдырған еңбегі өлшеусіз. Өмірі өрлікпен өрілген Баукең соңына ерлікпен өрліктің, елшілдіктің, ұлтжандылықтың биік үлгісін қалдырды. Бейбіт күнде қаруын, қаламға айырбастап туған халқы үшін аянбай талай жанкешті істерге барды.

Батырдың өзі небарі 37 жасында жазған өлендерінің бірінде: «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп жылар сорлы халқым мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді. Тарихтың түкпірінен сөз келгенде»... деп тебіренген екен. Міне, бабамыздың өзі айтқан ұрпақ атауға тиіс жүз жасы да келіп жетті. Осы жылы 24-ші желтоқсанында Бауыржан Момышұлының туғанына бір ғасыр толмақшы. Әрине, ұлыларын ұмытпайтын қабырғалы қазақ жұрты қаһарман перзентінің 100 жылдығын атаусыз қалдырмасы анық. Тіпті, елімізде қазірдің өзінде түрлі мәдени-көпшілік, тағлымдық іс-шаралар өтіп жатыр.

Халқымыздың аспантау перзентінің ғасырлық тойына арнап, жақында Сырым ауданы, Жымпиты ауылында Алаштың айбоз ұлы Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектепте «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен «Жас Отан» жастар қанаты Сырым аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған Кеңестер Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Бауыржан Бомышұлының 100 жылдығына орай «Өрлікпен өрілген өмір» атты Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Егеменді еліміздің ұландарына Бауыржан Батырдың елшілдік, ұлтжандылық, қайраткерлік, ерлік мұрасын насихаттауды көздеген конференция үш секциялық тақырып бойынша өрбіді. Бауыржан Момышұлы тұлғасының әдебиетте бейнеленуі, оның елшіл ер, ұлтжанды тұлға, қыран қайраткерлігі және жазушылық қыры жан-жақты қамтылды.

Конференция жұмысын, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ж.Батырниязов жан-жақтан келген қонақтарды, Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтап, қошемет білдіріп, салтанатты түрде ашты. Одан кейін, БҚО Жастар қауымдастығы ЗТБ өкілі С.Тоқмамбетов қатысушы жас баяндамашыларға өзіндік лебізін білдірді. Одан кейін секциялық жұмыстар мектептің үш жап-жарық, қазіргі заман үлгісіне сай, интерактивтік тақтасы бар бөлемелерінде өтті. Қазақтың өмірге бір-ақ келер, тау тұлғалы Бауыржан бабамыздың батырлығын, азаматтығын, ақылдылығын үлгі тұтқан студенттер, оқушылар мен жас мұғалімдер зор дайындықпен келген екен.

Конференция жұмысы түстен кейін секциялық жұмыстардың қорытындысы мен пленарлық отырысқа жалғасты. Сарапшылар құрамынан қорытынды сөз сөйлеген Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің ардагер ұстазы М.Бектемісова мен «Нұр Отан» ХДП Сырым аудандық бөлімшесі төрағасының орынбасары Ғ.Рамазанов, ІІ секциядан Сырым аудандық тарихи-өлкетанушылық мұражай директоры Г.Сәлімгерева, ІІІ секция атынан Аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі С.Зиятовтар жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлық табыс етті.

Жеңімпаздар марапатталған соң, конференцияға арнайы келген қонақтарға сөз берілді. Облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Т.Смағұловаға сөз алып, Бауыржан батырды өз көзімен көргендігін, сондай-ақ, оның өнегелі аңгімесін айтып берді. Одан кейін Ұлы Отан Соғысы кезінде «101-қазақстандық ұлттық жеке атқыштар бригадасы» қатарында болып, қаза тапқан қандас бауырларымыздың аты-жөндерін анықтаумен айналысып жүрген, Ресей Федерациясы, Самара қаласынан арнайы келген Әсімова Зоя Зербіқызына сөз берілді. Конференцияға қатысушы барлық қауымға ризалығын білдіріп, құттықтау сөзін айтты. «Сырым жастары» ұйымына Самара қаласында Самара қазақтарының «Ақжол» атты ұлттық-мәдени автономиясының шығарған «Аль-Манах» атты кітабын табыс етті. Ресейдің Ржевск қаласында Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтарға арнап, Ұлы Жеңістің 65-жылдығына орайластырылып ескерткіш тұрғызылатынын, ол Монументтер 100-ші және 101-ші атқыштар дивизиясы сарбаздарының рухына арналатындығын тілге тиек ете кетті. Бұл дивизия мүшелерінің 90 пайызы қазақ жауынгерлерінен құрылғанын және олар ең сұрапыл соғыс операцияларына қатысқандығы жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ, 101-ші атқыштар дивизиясы құрамында батысқазақстандықтар, соның ішінде 9 жымпитылық жауынгердің тізімін тапқанын айтты. Зоя апамыздың бұл сөздері біз үшін күтпеген үлкен сый болды. Бұдан кейін мобилдік телефон арқылы Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыздың алғысы мен батасын естіп, конференцияның символикалық мәні бар тұсы одан сайын әрленді. Жиын аяқтала келе, «Нұр Отан» ХДП, «Жас Отан» жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ә.Сүндетов сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады. Қорытынды сөзді «Сырым жастары» ЖҚБ төрағасы, «Жас Отан» ЖҚ аудандық бөлімшесінің атқарушы хатшысы Исанов Ерболат Рысқалиұлы барша келген қауымға алғысын айтып, бір өзі бір халықтың символына айналған батыр бабамыздың бірінен бірі жалғасын табатын ғасырлық тойына арналған игі-шаралардың әлі талай куәсі болатындығын айтты. «Батыр бабамызға елден, халық тарапынан қандай құрмет жасалса да, орны бөлек тұлғаға жарасымын тауып тұрады. Бұның бәрі Даңқты қолбасшыға лайықты. Бүгінгі конференцияның тағлымы мол, Баукеңнің орны – орасан, ерлігі – ерен. Осында қатысқан мектеп оқушылары, студенттер, жас ұстаздар даңқты ұлдың ұлағатты өмірі және майдандағы отты жылдар хақында терең мағлұматтар алды. Енді біз, бүгінгі жұмыстың қорытындысын материалдарын жинақ етіп шығарамыз. Балалардың өткенді ұмытпай, болашақта да кейінгі ұрпаққа осы ерлік туралы, Жеңіс туралы айтып берулері керек. Ұрпақ сабақтастығын үзбеуіміз керек»,-деген сөзімен аяқтады. Сөйтіп, ғасырдың ғажайып перзенті, батыр ұлдың мерейтойына арналған конференция жастардың есінен кетпейтіндей болды.

Айбек САҒЫНҒАЛИЕВ, Сырым ауданы, Батыс Қазақстан облысы

895 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз