Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Қ.Жақанов: Соғыста «Қазақстанның жерін басып өлсек, арман жоқ» дейтінбіз

Мен, Жақанов Қайыр Жақанұлы, 1920 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылында дүниеге келіп, туып өстім. Ойыл ауданындағы «Қызыл жұлдыз» колхозының ауқымына кірген 17-ауылсоветте 5-кластық білім алдым.

Содан соң сол кезде Қазақстандағы Ембі мұнай өндірісінің орталығы болған Доссорға барып, шопырлық курсқа жазылдым. Оны 1939 жылы бітірген соң, автомашина айдаушы куәлігін (правосын) алып, өндіріске жұмысқа кірдім. 1940 жылы әскер қатарына шақырылдым.

Сол жылы қазан айының 24-інде Хабаровск аймағының Миянский ауданына әскери қызметімді өтеуге кеттім. Соғыстың басталуына 1 ай қалғанда бізді жабық вагондарға тиеп, батысқа қарай аттандырды. Негізі, неміс-фашист шапқыншылығының боларын жоғары жақтағы әскери басшылық алдын-ала білген болар.

Біздің әскери эшелон жүріп отырып Саратов қаласына жеткенде, соғыстың басталғанын естідік. Сол жерде вокзалда радиомен ол туралы хабарлады. Сол маусымның 22-сі күні соған дейін жабулы күйінде келген вагондардың бәрі ашылып, солдаттар сыртқа шығарылды. Сонда білдік, бізбен бірге офицер-командирлерді де, сержанттарды да, керекті машиналардың бәрін де алып келе жатыр екен. Сосын мен де машинаға мініп, команда берген жаққа қарай соны айдап жүре бердім.

Содан маусымның 27-сінде соғысқа кірдім. Украинаның Львов және Житомир деген қалаларында кескілескен ұрыс басталып та кетті, екі жақтан көп шығын болды. Арттан солдаттарды әкеліп, майдан шебін ұстаған әскери күштердің қатарын толықтырып жатты. Бірақ сонда да шақ келмейтін еді. Көптеген кескілескен ұрыстар болды. Біз берілмеуге тырысып бағып, тыным табатын бір минут те уақыт таппай, тіресіп бағумен болдық. Бірақ соғыстың алғашқы кезеңінде жаудың екпіні де, тегеуріні де қатты болды. Соған шыдау қиынға соқты.

Жау Қызыл Армияны шыдатпай, тықсыра беруге барын салып бақты. Сол 1941 жылы екенін не 1942 жылы екенін, әйтеуір, қамауға түсіп қалдық. Қоршауда қалғанымызды командирлер айтып жатты. Солдаттар қой сияқты болып, қайда барарын білмей, шұбырып жүрген. Содан командирлер бәрін жинап алып: «Біз қоршауда қалдық, енді сендерді өзіміздің Қызыл Армияға алып шығамыз, бізге еріңдер», - деді. Содан шұбырта алып жүріп, жақын маңда орман бар екен, соған кіргізіп, барынша үгіттеп, түсіндіріп жатты. «Күндіз жатамыз, түнде жүреміз. Қалың орман, ұшы-қиыры жоқ, біріңді–бірің ұстап жүріңдер», - деп айтты командирлер. Содан 17 күн журіп, қоршаудан шықтық. Қамаудан шықсақ, жағалай күзетшілер орманның шетінде бірінен соң бірі тексеріп жатты. Қоршауда көп адам болған, соның төрттен бірі шыққан болатын.

Тексеруге маған да кезек келді. «Қоршаудан шыққандарды атамыз», - деп жатты. Бәрін қарап, тексеріп жатты. Маған да кезек келді. «Шешін», - деді. Шешіндім. «Етігіңді шеш», - деді. Шештім. Етігімнің ұлтарағының астынан комсомол билетімді алып шығардым. Барлық документтерді жинап жатты. Комсомол билетімді алып шығарғанда, жүздері жылып кетті. Мені сол бойда босатып, басқа солдаттарға қосты. Сол жерде бір түн, бір күн ұйықтаппын. Ертеңіне әрқайсымызды әскери мамандығымыз бойынша бөліп, қайтадан майданға қарай жіберді. Мені өзімнің мамандығыма сай машинамен майданға алғы шепке (передовойға) жіберді. Сол шайқаста машинам жанып кетті де, өзім аман қалдым. Содан жаяу әскерге қосып, әрі қарай майданға жіберді. Сонымен 1943 жылы жазда Курск доғасы шайқасына қосылдық. Сол сұрапыл шайқастан соң мені коммунистік партия қатарына қабылдады.

Сол 1943 жылы мен бұйрық бойынша жаңа әскери мамандықты игеріп, наводчик, яғни зеңбіректің көздеушісі болдым. Маған біздің жаяу әскердің жолын бөгеген жаудың арнайы бекіністі оқ ату ұяларын жоюға бұйрық берілді. Мен наводчик ретінде сол тапсырма бойынша 5 дзотты қиратып, істен шығардым да, зеңбірегіммен бірге кейін қарай шықтым. Содан командирлер келіп, мені құттықтап, бетімнен сүйді.

Осы тапсырманы ойдағыдай орындағаным үшін мені «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградтады. Содан әрі қарай майданға кіріп кеттік. Сол Курск доғасындағы шайқас барысында екі қолымнан жаралы болдым. Жазылып шыққан соң, басқа әскери бөлімшеге мамандығым бойынша аударып жіберді. 1944 жылы Днепр көпірінің үстінде үлкен шайқас болды. Мен ол кезде Америкадан әкелінген брондалған машинаны айдағанмын. Жалпы, қандай машина болса да айдадым. Қандай машина берсе де, айдайсың, «айдай алмаймын» деп тұрмайсың. Астаң-кестең ұрыстарда біреуді біреу біліп болмайды, қаптаған түтін, бомба жарылып жатады, командирлер айқайлап жатады. Соның ішінде түсінгеніміз бойынша айтқан жағына қарай жүретінбіз.

Сол шайқаста көп адам қырылды екі жақтан да. Көпірдің үстінде адам басар жер жоқ еді. Мен соның үстінде тұр едім. Біреу қол бұлғап, айқайлайды. Қарасам, бұрынғы наводчик болғандағы командирім мені танып, «Сенің «Красная Звезда» орденің бізде жатыр, алып кет», - деді. Осы шайқаста машинама оқ тиіп, ол бұзылып, жүрмей қалды. Оны оңдап жататын уақыт жоқ. Машинам бұзылғасын, енді мені связист, яғни байланысшы қылып жіберді. Содан связист болып жүргенде оң аяғыма оқ тиіп, жаралы болдым.

Содан жараланған адамдардың бастарын қосып, ұйымдастырып, көлікпен госпитальге жіберді. Ол кезде тәртіп өте күшті. Қиян-кескі айқаста алдағы адамға тамақты жеткізбей, солдаттар қолдарына не түссе, соны тамақ қылған не шөпті суға қайнатып, суын ішкен. Шөбін жеп, уланып өлгендер де болды. Ең қиыны тұзсыз қалу екен. Тұзсыз тамақ ішкен адамдар екі бүктеліп қалады екен. Ашыққанда, адамның жағы қарысып қалады екен.

Мен Польшаны азат етуге де қатыстым. Ол елдің адамдарының мінездері біртүрлі көрінді. Су сұрасаң немесе дәретханасына баруға сұрансаң, «Герман забрал», - дейтін.

Соғыс басыларда мен сол бұрынғы немістің қаласы Кенисберг, қазіргі Калининград өңірінде болдым. Мамырдың 8-і күні түнде Жеңіс туралы естіп, көшеге шығып, қаптап кеттік. Балтық теңізіндегі аралда бекініп жатып, кейін беріліп, қолға түскен тұтқындарды жағаға шығарып, 8 қатар етіп тізіп, алдында командирлерін, ең артында власовшыларды жүргізіп айдады. Екі жағынан арасы 1 метр сайын солдаттар қарауылдап, бақылауға алған екен. Көзден таса болғанша қарап тұрдық. Содан ертеңіне Жеңістің құрметіне той жасап жатық. Солдаттарды асханада тамақтақтандырып, ескертті. «Сақ болыңдар, ауылда әке-шешелерің, тума-туысқандарың күтіп отыр. Күтпеген жерден дұшпандардың көзіне түсіп, мерт болып қалуларың мүмкін. Сақтық керек», - дейтін.

Сол Калининградта жүргенімде: «Осында қал, үстіңе үй, алдыңа мал, жер береміз», - деп үгіттеді. Менде елде күтіп отырған туған жоқ. Сосын «Елге барып келуге 2 ай демалыс береміз. Жол шығыныңа қаражат береміз», - деді. Соғыста жүргенде: «Қазақстанның жерін басып өлсек арман жоқ», - деп айтқанбыз. «Бөтен ел, бөтен жер, өзіміздің каракөздерімізді көрсек болды», – деп ойладым да, елге қайттым.

Жазып алған

Аманкелді ШОПАН

709 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз