Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Жеңіс бізге оңай келген жоқ

Биыл Ұлы Отан соғысына 65 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің легі азайып бара жатыр. Алдағы бес-он жылда соғысқа қатысқан бір адамды таппай да қалатын түріміз бар. Осы күні Ұлы Отан соғысы жөнінде сан мың пікір қалыптасты қоғамда. Біреуі «не үшін, кім үшін жан беріп, жан алыстық?» десе, екіншілері «төл тарихымыздан сызып тастайық» деген көзқараста. Ал үшіншілері «соғыс жылдары қоғамға жалған ақпарат таратылды» деген ұстанымды көлденең тартады. Енді біреулері «ер есімі – ел есінде, тарихты қалай ұмытамыз?» дейді Осы күні қандай пікір айтылып, не делініп жүрсе де, тарихтың аты – тарих. Оны өмірімізден де, тарихымыздан да алып тастай алмаймыз. Өйткені, сол соғысқа Қазақстаннан 1 млн 366 мың адам аттанса, олардың 660 мыңы елге оралған жоқ. Соғыс салған сызат арада 65 жыл өтсе де ұмытыла қойған жоқ. Біреулер жарын, әкесін, атасын әлі күнге дейін күтіп жүргені өтірік емес.

Шыны керек, биыл басқа жылға қарағанда, 65 жылдық ерекше аталып өтуде. Мысалы,

Ұлы жеңістің 65 жылдығына орай ел ішіндегі 300 мыңнан астам ардагерлердің бәріне бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Бұл шара үшін республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. Майдан шебінде болғандарға 65 мың теңгеден бір реттік , ал соғыс мүгедектері мен қатысушыларға теңестірілгендерге, соғыста қаза тапқан майдангерлердің ата-аналарына, жұбайларына – 25 мың теңге, тыл еңбеккерлеріне 10 теңгеден бір жолғы материалдық қолдау, көмек берілмекші. Ал күні бүгінге дейін басты мәселе – баспана кезегінде тұрған 123 алматылық ардагерге пәтер берілетін болды.

Сол жылдары мойынға түскен үлкен ауыртпашылықты көтерген ардагерлерге, барша халыққа қандай құрмет, қандай марапат көрсетсек те жарасады. Біздің пікіріміз осындай.

Сіз не дейсіз?

Ермек Сейітов, запастағы полковник:

– Ұлы Отан соғысының жеңісіне 65 жыл толып отыр. Осы күні білсін-білмесін жылы жерде отырып-ақ соғыс жайлы орынды-орынсыз пікір айтатындар көбейді. Осыған менің жаным қиналады. Өз Отанын жаудан қорғаған миллиондаған адамның қандай жазығы бар? Ең бастысы – жеңіс біздікі. Осы жеңіс арқылы, осы соғыс арқылы біз бүгінгі ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялатуымыз керек. Кейбір білгіштер «жеңіске адамның аз шығынымен жетуге болар еді» дегенді айтып жүр. Мен кәсіби маман ретінде мұның өте оғаш, қате пікір екенін жеткізгім келеді. Себебі, соғыс уағында олар болған жоқ, жағдайды көзбен көрген жоқ, білген жоқ, енді арада пәленбай жыл өткеннен кейін пікір айтады. Оның не керегі бар? Мен соғыс кемшіліксіз болды дегеді айтып отырғаным жоқ. Арада осыншама уақыт өткеннен кейін оның қыр-сырын қазбалағаннан не ұтамыз? Одан да осы бейбіт күннің шуағына шомылып жүре бермейміз бе? Бәріне уақыт сыншы, уақыт таразы. Сондықтан бізге жеңіс әперген ардагерлерге құрметпен қарайық.

Михаил Ломтадзе, «Kaspi Bank» АҚ-ның басқарма төрағасы:

– Ұлы Отан соғысының жеңісі бізге оңай келген жоқ. Оны жұрттың бәрі біледі. Мың сан адам өмірін жан пида қылды. Төрт жыл бойы оқ пен оттың ортасында жүру оңай деймісің? Сол жылдары еліміздің тұрмысы қандай болды? Біз соғысты көргеніміз жоқ, көрмей-ақ та қоялық. Бірақ ата-әжелеріміздің аузынан естідік, көркем әдебиеттен оқыдық. Тіпті теледидардан соғыс туралы кино көрсең жаның түршігеді. Ал осыдан кейін Отан соғысының жарасын жүрегіңнен қалай сызып тастайсың? Мен осыған түсінбеймін. Рас, соғыс болған соң тек жеңісті ойлайсың, оның кем-кетігі болып жатады. Бірақ сол үшін әркімді бір жазғырғаннан не ұтамыз? Одан да сол соғыстың азабын көргендерге, басынан өткізгендерге, елі үшін, жері үшін құрбан болғандарға құрметпен, ізетпен қарауды үйренейік. Ең бастысы, қарттарымызға қолымыздан келгенше қолдау көрсетейік. Сөйтіп, әлемге ізгілік нұрын шашайық. Менің тілегім осындай. Өздеріңіз көріп-біліп отырсыздар, қазір бүкіл әлем ауыр экономикалық кезеңді басынан кешіруде. Алайда осынау экономикалық қиыншылықтарды Ұлы Отан соғысы жылдарының ауыртпашылығымен салыстыруға мүлде болмайды. Соғысқа қатысушылардың қайсарлығы, еңбегі мен ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ардагерлерге үлкен құрмет көрсете отырып, біздің банк ізгі дәстүрмен бүкіл Қазақстан бойынша банктің 4 мыңға жуық ардагер-клиенттеріне материалдық көмек көрсетеді.

Былтырғы жылы банк 13 млн теңгеге жуық қаражат бөліп, 2,5 мыңнан астам ардагерге қолдау көрсеткен еді. Биылғы жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан банк клиенттерінің саны 40 пайыздан астамға көбейді, соған сәйкес банктің бөлетін көмегі де 20 миллион теңгеге артып отыр.

«Kaspi Bank» АҚ-ның клиенттері қатарына жататын ардагерлердің көбі Шымкент, Алматы және Қарағанды қалаларында тұрады.

Зухра Ауғанбаева, Петропавл қалалық білім басқармасының қызметкері:

– Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге Ұлы Отан соғысына деген көзқарас, түсінік, ұғым өзгергенін біздің қоғам жақсы біледі. Қалай болған күннің өзінде де бұл тарих. Әрине, кезінде «Отан үшін жан пида» деген ұран болды, қаншама адам соның жолында құрбан болды. Осы күні Отанымыз – өз еліміз, әрине, жаның да, жүрегің де ауырады. Дегенмен, бұл қоғамдық-тарихи өзгеріс. Күйінгенмен, өкінгенмен өткенді кері айналдыра алмайсың. Әйтсе де, менің ойымша, Ұлы Отан соғысы біржақты емес, жан-жақты, терең зерттелуі керек. Ғалымдардың зерттеу-талдау жұмысынан кейін оң бағаның берілгені абзал. Бірақ бұл бір жылдың шаруасы емес. Ұзақ жылғы зерттеуден кейін болатын аса маңызды жұмыс деп ойлаймын.

Гүлзат Нұрмолдақызы

4873 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз