Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 06 Мамыр, 2010

Қаңғыбастар

Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Осы қитұрқысы көп күндерді біреу қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда түкірігі жерге түспей өткізсе, біреу коңырқай күн кешіп, көрпесін қымтай жамылады, енді біреу «Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар» деп, бүгін – онда, ертең – мұнда, тіршіліктің диірмен тасын иығымен ауырсына айналдырар еді. «Фигаро – здесь, Фигаро – там» деп әндеткендер – олар да өмірде өзіне тән қоңыр әуенін тапқандар. Осы сәт Шәмшінің «Сыған серенадасы» ызыңдап құлаққа естіледі: Тулаған қаны бар, Тұлпар да табылар, Үміт болса, Кун туса басыңа, Мойыма, жасыма, Жігіт болсаң!Шәмші мойыған жоқ, сығандарға ілесіп өмірдің тал бесігін оты маздап жанған қос басында тербетіп, жігіттік төзімін мың бұрау сынға салды, тағдырдың талқысынан өтіп, артында «Сыған серенадасындай» өшпес ән қалдырды. Жарасқан да еске түседі. Сығандарға еріп кетіп жазған «Сыған саздары» циклі, «Мен өмірді талақ етер едім-ау, өмір мені талақ етпей жүр әлі» деуі оның өмірден түңілгені емес, қайта даладағы қаңғыбас өмірден құлшынып, жанына қуат алғаны. Бұлар қаңғыбастар емес еді. Бүгіндері үйің суық болса топталып, әкімшілік алдына ереуілге шығасың, ал қаңғыбастарға ерген бір белгілі прозашы: «Біз түнде ыстық бу жүретін құбырдың астына ұйықтаймыз, нағыз Ташкент, қыж-қыж қайнап жататынбыз», – дейді. Өз өтенінде жан жадыратарлық жылу болмаса да сол аз күнгі дала сыйлаған ләззатты емірене еске алған көзі қарақты азаматтың айтқан сөзіне қалай иланбассың. Ол да жетіскеннен қара жерді көрпе, қара құбырды баспана ғып жүр дейсің бе? Бала кезімізде жиі қойылатын «Бродяга» атты фильмдегі «Аварая а-а-а-а» деп ызалана әндететін Радж Капур да капиталистік қоғамнан теперіш көріп, «ауып кеткен арқар» емес пе еді. Аяқ киім жапоннан, Тар шалбарым Бостоннан. Кең даламен сырласам, Шыққан тегім хиндустан,– деп әндеткен жігіт жүрегіндегі қоғамдық теңсіздікке деген өшпенділік, ақыры, қас дұшпанның алқымына қол салып, қара қан боп ағады. Біздің 1988 жылы шыққан «Орысша-қазақша сөздікте» «бомж» деген сөз жоқ, ал бір жыл бұрын жарық көрген «Советский энциклопедический словарьға» да бұл сөз енбепті, демек кемелденген социалистік қоғамда қаңғыбас атауы болмауы тиіс. Ал 1994 жылғы «Қазақ тілінің сөздігінде» қаңғыбас сөзіне кезбе, қыдырымпаз деген түсінік беріліпті. Егер ол қыдырымпаз болса серіліктің серенадасындай көрінер еді, ол күнкөріс үшін күл-қоқыс жағалаған қоғамның ең әлсіз өкілі боп сөз алып тұрған жоқ па? Пешене – әркімге өмірдің сыйлаған жазу тақтасындай. Сол маңдай-тақтаға біреуге берекені мол ғып, біреуге аз ғып жазады. Ұлттық идеяға айналған Пушкин Кишинев сапарында сығандармен бірге ел кезіп, аз уақыт каңғыбасқа айналады. «За их ленивыми толпами пустынях часто я бродил» деген ақын атышулы «Сығандар» поэмасын өмірге әкеледі. Бұл өмірде біреулер баршылықтан жоқшылыққа қалай жеткенін білмей қалса, біреулер жоқтан бар жасап «қиыннан қиыстырып» күн кешеді. Бұның кұпиясын Чехов «Алтыншы палатада» әдемі айтып, шебер бейнелейді. «Көктем кіріп, қар еріген кезде, – дейді жазушы, – қорым маңындағы сайдан иістене бастаған кемпір мен баланың өлігі табылды, кісі қолынан өлген белгісі бар екен. Қала халқы осы өліктер мен оларды өлтірушілер жайын ғана әңгімеледі. Иван Дмитрич олардың жаласын өзінен көре ме деп қауіптеніп, көшеге шықса күлімсіреп жүретін. Ал таныстарына кездессе бір қызарып, бір бозарып, панасыз пақырлар мен нашарларды өлтіргеннен асқан жауыздық жоғын айтып сендірмек болады». Сене қойса. Кімге кім сенгендей заман еді бұл. «Түрме мен жындыханалар үйі болған соң, онда біреу болмаса біреу отыруға тиіс. Сіз болмасаңыз – мен, мен болмасам – үшінші біреудің отыруы керек қой, әлі-ақ алыс болашақта түрмелер мен жындылар үйі құрығанда халаттар да, терезелердің темір торы да болмайды. Әрине, ерте ме, кеш пе, мұндай кездің болуы хақ! Иван Дмитрич мысқылдай күлімсіреді». Кеңес тұсында да осындай айтқыштар болды, олардың өздерін Чехов жазған торға қамады, ал қазір бұлай сөйлеу тіпті, «модадан» қалды. «Авторитарлық демократиялық коғамда өмір сүріп жатырмыз» деген бір айткыштың сөзіне миығы тартса да, күлкі кысқан пақыр оның бетіне тура қарай алмайды. Өйткені, бүгінде «судың да сұрауы... жоқ». «Құдай жоқ болса, оны адамдардың өздері жасап алар еді», деп Достоевскийде ме, әлде Вольтерде ме, әйтеуір, біреу айтатын. «Егер, мәңгілік болмаса оны да, ерте ме, кеш пе, адам баласының ұлы ойы ойлап шығаратынына өзім шексіз сенем», деген Чехов кейіпкері тектестер қазір аз емес. Қолдан жасалған Құдайдың қылығы теріс болса да оң деп отырғандар қоғам дөңгелегі теріс айналғанын білсе де білмеген боп көрінген Чехов кейіпкерлері тектестерді аңдудан басқа не бітіреді. Қазір бізде инженерлер мен агрономдар династиясынан гөрі «силовой структураның» күші басым боп тұрғандығы да сондықтан. Өзім тілдескен бомж-каңғыбастар арасындағы екеудің бірі –Петербург азаматтық авиация институтын бітіріп, экипаж командирі болыпты. «Эйр Қазақстан» мен «Эйр Астана» келгесін қысқарып түкке аспай қалған. «Күте-күте көзіміз талды, біздей бірінші класты ұшқыштар керек емес екен» десе, біреуі Плеханов атындағы Мәскеу Халық Шаруашылық институтын тәмамдаған білікті экономист. - Ленин революцияны кабылдамаған Плехановты іздеп барып, оның экономикалық көзқарасымен есептесіп, ден қоймап па еді, - деймін. - Мені ешкім іздеп келген жоқ. Қазір экономикаға вундеркиндтердің керегі жоқ, қой бағуға мәмбеттің керегі жоқ, - деп қалтасынан кабығы аршылған ащы сарымсақ шығарып, қарш-карш шайнады. Құбырлардың астын үй ғып алған қаңғыбастар бөшке ішінде өмір сүрген Диогендей өздерін бақытты санамаса да сыр алдырмайды, бірге жүрген тобырдың мерейін аякқа баспайды. Олардың тұрмыс-тіршілігі бәрінен төмен болса да сана-сезімі мен білімі бәрінен биік, биліктегілердің басқару әдісі мен «бизнесін» алақанға сап көріп отыр. Бұлар бәрінен баз кешіп, екі елі аузына төрт елі қақпақ қойып, ППМ-нан бас сауғалап жүрген пақырлар. Бүлар Чехов жазған «Ротшилдің скрипкасындағы» Яковтей арзан шарапты ауызға алғанда «Адамға өмір зиян, өлім - пайда. Мұндай болжал, әрине, дұрыс, бірақ, дегенмен ауыр да қайғылы ғой, дүние тәртібі неліктен осындай жаман болды екен, ол тәртіп бойынша өмір деген адамға бір-ақ рет қана беріледі, ендеше, ол пайдасыз неге бос өте шығады?» - деп аһ ұрады. Өмір қоржынын бостан-бос иықтап бара жатқандарды ойлайды. Өздеріне салса өмірді Чехов кейіпкеріндей бос өткізгісі келмейді. Бірақ көрінгеннің ықпалында кетіп, лас тіршілікке қол соққысы да келмейді. Бұлар да белсенді болды, қабілеттерін көрсетті. Бірақ ала таяқ алдарынан шыға берді. Қолына су құя алмайтындар тыжырынып отырып дұрысты бұрыс деп билік айтқанда қолды бір-ақ сілтеп, кең далаға кетіп, қайран даланың тал-терегін паналар қаңғыбас атанды. Әйтпесе өмірдің бір-ақ рет берілетінін бұлар бір адамнан кем білмейді. «Ал енді бүгінгі күнгі «күнкөріс» деңгейі дегеніміз, алпауыттар қатарындағы санаулы миллиардерлерді, олардан әлдеқайда көбірек миллионерлерді былай қойғанда тамағы тоқ, көйлегі көк, көңілі жай ауқаттылар, орташалар және ең төменгілер болып үшке бөлінеді. Қазақстан Үкіметі белгіленген орташа күнкөріс деңгейі жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жан басына шаққанда айына 7,1 мың теңгеден, ең төменгісі 4,6 мың теңгеден келеді. Наның да, қантың да, суың да соның ішінде. Соңғысы әрбір күнге 153 теңгеден келеді екен. Жоқтан тәуір, әрине». (С.Әсіпұлы, «Айтарым - кедей мүңы», «Ақиқат», №1, 2004). Бүгінгі дағдарыс кезінде де атымыз алға шығып кеткен жоқ, сол күй, сол жанбағу. «Сырт көз – сыншы» десек, Ресейдің сол кездегі Президенті В.Путин «... жекешелендіру қорытындыларын қайта қарай алмаспыз. Бірақ табиғат рентасын байларға басы бүтін беріп қою момын шаруалар мен жұмысшыларға, дәрігерлер мен мұғалімдерге, зейнеткерлерге қиянат екенін мойындамауға болмайды. Ең бастысы, табиғат рентасын денсаулық пен білім демеушісі деп түсініп алайықшы. Қазақ елі сонда ғана азаматтарына тегін медициналық көмек көрсетіп, жастарына тегін білім бере алатынына күмәнім жоқ» (бұл да сонда) дейді. Жекешелендіру - бізде әлі де күнделігін дұрыс толтырмаған баладай елес береді. Күнделікті сынып жетекшісі әркез жинап алып, тексеріп, ата-ана қоса қол қойып отырушы еді. Бізде ол жоқ. «Күнделігіміз таза, күнделікті тірлігіміз талапқа сай, күн өткен сайын алға қарай қарыштап, келесі сыныпқа көшуге дайынбыз» дейді. Лайым, солай болғай. Бірақ күл-коқыста нәпақа іздеген қаңғыбастарға да көз салып қояйық та. Меніңше, қаңғыбастар қоғамның жанды бөлшегі. Сол бөлшек церрозға ұшыраған бауырдай залалсызданбай еркін құлаш сермеуге болмай ма? Мешіт – Алланың үйі. Ел тоқтығының бір көрінісі – Құрбан айтта кұрбандық шалу. Өткен Құрбан айт мейрамында үсті-бастарын кір шалған қаңғыбастар орталық мешіт маңында қаптап кетті. Ал біздің тәртіп сақшылары атанған қызыл жағалылар мүміндерді қуалағанша сыбағасын алуына мүмкіндік беріп, сый-көңілмен қарсы алып, шығарып салу керек еді. Демек, мешіт маңын күзетуші қызыл жағалыларға Ішкі істер министрлігі тарапынан Құрбан айт ережесі түсіндірілмеген, құрбан мал етін үшке бөлетіндігін, соның ең сүбелісі жетім-жесірдің сыйы екендігі ескертілмеген болса керек. Бүгінде қайда қарасаң да «силовая структура» мән-мағынасыз күш көрсеткеніне мәз. Олар мұсылман елінде өмір сүріп отырып қасиетті Құран шарттарын орындауды үйренетін мезгіл жеткен жоқ па? Қаңғыбастық қанмен келетін қасиет пе? Көшеде жүргеннің бәрі каңғыбас па? Көкбазар маңында үсті-басы мұнтаздай таза, басына құндыз құлақшын киген қазақ жігіті қасына баласын алып, домбыраны мағынасыз тыңқылдатып не ән емес, не күй емес бірдеңені шатпақтап тұрады. Бұл -ұлттан шыққан алаяқ, бұл – «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жанын күткен нағыз жалқау қазақ – қоғамнын киімілгішіне ілініп тұрған тірі сұлба. Ең болмаса, домбыра ұстағасын безілдетіп күй тартса, әйтпесе, әуелетіп ән шырқаса жұрт назар аударып алаңдар еді ғой. Галстук таққан мойнын әркімге бір бұрып, өнер мен қайыршылықты қатар ұстап тұрған сұлбаның көзі де ойнақшып қашқан еліктей бір орнында тұрмайды. Бұдан жан-дүниесі таза қаңғыбас та шықпайды. Қоғамнан күйінген қаңғыбастар мұндай шала-жансар нантабарларды маңына жолатпайды, олардың да өз «жарғысы» бар, олардын кісілігі, «моральдық кодексі» пысықайлардан әлдеқайда биік. Ал үйінен қашқан балалардың шыққан тегі туралы мына бір мақала бүй дейді: «Но неужели в вашей практике не бывает положительных примеров? Отвечая на этот вопрос Галина Хабарова рассказала о Руслане, которого три года назад пятилетном возрасте нашли около отопительных труб. Родители его бомжевали, а мальчик был ободран, истощен и болен. После того, как отца и мать лишили родительских прав, его определили в детскую деревню «808 киндердорф». Однако «неблагополучные» дети умудряются сбежать даже оттуда. Гены есть гены» («Потяренный рай или почему дети бегут из дома», «Казахстанская правда, 7 февраля, 2009г.). «Көз көргенін, көсеу түрткенін біледі», бұл тұрғыда «Балалар құқығы туралы» Заң ойдағыдай орындалып, ата-ана мен бала мәселесі күн тәртібіне қойылуы тиіс-ақ. Баукеспенің баласы баукеспе болады. Бұл жерде Заңның емес, сананың ықпалы күшті. Мәселен, Алматы қалалық ішкі істер басқармасына қарасты кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және ақтау орталығына қаланың әр түкпірінен қаңғыбас ұл-қыздар жиналады. Мұнда өткен жылы 1800 бала түссе, жақын шет елдерден қаңғырып келгендер де бар. Өзбекстаннан - 214, Тәжікстаннан - 92, Ресейден - 6, Ираннан -1, Белоруссиядан - 3 бала түскен. Олардың арасында жезөкшелікпен айналысатындар, оларды баулитын арнайы жеңгетайлар да кездеседі екен. Ақпарат – жақсылық пен жамандықтың жаршысы. Республикалық екі беделді басылымға шыққан екі қысқа хабарға назар аударалық: «Қазақ қарттар үйіне де қуанатын болды». Ат құйрығындай қысқа ғұмырда қамкөңіл сәбилерге, мүгедектер мен қараушысы жоқ қарттарға көмек бергеннен артық ештеңе жоқ шығар. Осы айтқандай-ақ, жақында бір істің куәсі болдық. Яғни, тағдыр тауқыметін тартып, жарымжан болған, жалғыз қалған жандардың жан дауысын басшы, қосшылар қабыл алды. Сөйтіп, облыстық қарттар үйі тағы да 50 орынға ұлғайтылды. Оған 50 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалып, құрылыс жоспардағыдай тез аяқталды. Және бір көңілге қонарлығы - тендер жеңімпазы атанған Т.Жаңабаев басқарған «УОР - Мастер» серіктестігі бөлмелерге қажетті төсек-орынды, құрал-жабдықтарды өздері жаңадан сатып алып, демалыс, тіпті тұрмыстық бөлмелерді де керек-жарақтармен қамтамасыз етті. Азаматтардың мұндай атымтай жомарттығына ел де, қамкөңіл қарттар да дән риза болуда. Ақтау» («Егемен Қазақстан» 7 ақпан, 2004). Олардың арасында қаңғыбастар да бар. Біз соларға демеу болған атымтай жомарттарға дән ризамыз. Жақсы іс жалғасын тапса жамырай қуанар едік. Бірақ қаңғыбастар заңына сүйенсек, олар ешқашан «қарным аш» деп қасындағы серігіне сыр шертіп, мұң шақпайтын көрінеді. Ал «Жас Алаштағы» мына бір хабар жан-дүниеңді тосын селк еткізеді: «Қаңғыбастар мен қарғалар». Қала жақтан күл-қоқыс тиеген мәшине келіп тоқтады. Қаңғыбастар мен қарғалар әлгіге лап қойды. Бір-бірімен жарысып, ентелеп келеді. Бір-бірінен айырмасы жоқ. Қаңғыбасқа да, қарғаға да нәпақа керек. Қаңғыбастар қоқысты шұқып жүр. Қарғалар шоқып жеп жүр». (18 қараша 2009. ж.). Қаңғыбас - адам, қарға - құс. Екеуі де тіршілік иелері. Біз адам мен табиғатты бірге қорғауымыз керек. Әуелі адамды. Адамын қаңғыртқан қоғам табиғатты қорғап жарытпайды. Жақында ешқандай саяси, діни, этникалық топқа жатпайтын «Рух» пікірталас клубы Қазақстан мұсылмандарына Үндеу арнады. Онда мынадай жолдар бар: «Секталардағы Қазақстан азаматтары, ұл-қыз, аға-іні, апа-қарындастар! Дінбұзарлардың майда сөзі, қайыр-садақаларына қызықпаңдар; мұсылман, православия, католик, лютерон, иудаист ата-бабаларыңың әруақтарын сатпаңдар; өз ұрпақтарыңмен ата-баба дінінде қалатын ұрпақтар арасында алауыздық ұрығын шашпандар; біздің елімізде Варфолемей түні, Ливан оқиғасыньщ қайталануына жол салмаңдар! Ата-бабаларымыздың діні аясына оралыңдар. Құдайдың рахымы мол!» Осы тақілеттес интерсарнды сөздерді, Астана мен Алматыға атбасын тіреген Мәскеу және Русь Патриархының аузынан да естідік. Құдайдың да, қоғамның да рахымы жылу құбырынын астында баз кешіп жатқан, қалтасында Мәскеу мен Петербор оқу орындарының дипломы, жүрегі тәуелсіздіктен әділет дәметкен қаңғыбастарға түссе екен. Қаңғыбастар – домбыра мен гитараның нәзік ішегіндей күйіне келтіре бұралған, болашаққа саусағын созған арманға толы сезімтал жандар. Не шықса да сезімталдардан шығады. Олардың қоржыны ауыр. Қуандық ТҮМЕНБАЙ

2130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз