Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 13 Мамыр, 2010

Ислам журналистикасы туралы не білеміз

Оқырмандар газетімізде жарияланған материалдар арқылы ислам экономикасы, ислам банкингі сияқты қазіргі заман талабы өмірге әкелген ұғым-түсініктерден бірқыдыру хабардар деп ойлаймыз. Хақ дініміз құндылықтары коммуникация және ақпараттық технологиялар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің жүрегіне жол табуда. Осы орайда «ислам журналистикасы» деген жаңа терминнің пайда болып, ғылыми айналымға еніп те үлгіргенін атап өтуге тиіспіз.

Журналистика-замана айнасы, өмір шындығының бейнелі көрінісі. Бүгінгі БАҚ типологиясын зерттеген мәскеулік профессор Е.Прохоров осы қоғамдық құбылыстың қалыптасу және даму даму заңдылықтарын зерделей келіп, журналистиканың тарихи типтеріне діни-клерикалдық, сондай-ақ буржуазиялық және социалистік журналистиканы жатқызады. Осы орайда діни журналистика зерттеу нысаны ғана емес, сондай-ақ кәсіп түріне де айналып үлгіргенін атап өтуіміз керек. Ғалымның пікірінше, діни–клерикалдық журналистика қазіргі заманғы ақпарат нарығында да өзіндік орынға ие. «ХХ-ғасырдың соңында дәстүрлі идеологиялардың дағдарысқа ұшырауына қарай және адамзат өркениетінің жаңа сатысына өту барысында түрлі қиындықтардың кез болуы себепті берік те жалпыға ортақ құндылықтар талап етілген жағдайда дін мен шіркеудің өзіндік бір «қайта өрлеуі» өмірге келіп, мұнымен бір мезетте діни-клерикалдық журналистика жандана түсті... дін иелерінің қоғамдық өмірдегі рөлі артты, шіркеу ұйымдарының ақпараттық қызметі күрт жанданды» - деп түйеді Е.Прохоров.

Зерттеуші тілге тиек еткен ақиқат біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Халқының 70 пайыздан астамы ислам дінін ұстанатын Қазақстанда бүгінгі таңда жергілікті жерлерде мешіттер саны жылдан-жылға өсіп келеді, дін қызметкерлерін даярлайтын орта және жоғары оқу орындары ашылу үстінде. Сондай-ақ жүздеген шәкірт Түркияның, Египеттің, Малайзияның білім ордаларында тәлім-тәрбие алды. Рухани тақырыпқа қалам тербейтін журналистер легі, арнайы басылымдар пайда болды.

Қазіргі таңда әлемнің барлық елдерінде дерлік діни журналистика инфрақұрылымы қалыптасып үлгірген. Профессор Е.Прохоров «бұл (діни-Ж.Б.) журналистика діни және клерикалдық ұйымдар құрған дербес басылымдар және ТВ мен радиохабар арналары арналары түрінде, сондай-ақ зайырлы газеттер беттеріндегі, теле және радиожелілер құрылымдарындағы арнайы айдарлар мен айдарлық бағдарламалар түрінде көрініс табуда. Сонымен қатар арнайы діни радио және телеуағызшы кәсібі өмірге келіп, олар жүргізген хабарлар аса ауқымды аудиторияны қамтып отыр»- деп жазады.

Өзге ТМД елдері сияқты, Қазақстанда да діни журналистика тәуелсіздік жылдары жедел дамыды. Араб елдері журналистикасы, журналистика және дін тақырыбына оқулықтар, ғылыми еңбектер жазылды. Осы орайда профессор, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев пен доцент, филология ғылымдарының кандидаты Рахима Бегімтаеваның еңбектерін атап өтуіміз керек. Осы аталған авторлардың 2000 жылы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Қазіргі шетел журналистикасы» атты оқу құралы бұл саладағы алғашқы қарлығаш болды. Діни журналистика ғалым Р.Бегімтаева зерттеулерінің өзегі болып табылады. Оның «Араб журналистикасы» атты оқу құралы елімізде ғана емес, сондай-ақ ТМД кеңістігінде осы тақырыпта жазылған тұңғыш еңбек саналады. Рахима Шәріпқызы бұқаралық ақпарат құралдарында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бейнесінің көрініс табу ерекшеліктерін зерттеп жүргенін айитуымыз керек.

Ғалым Р.Бегімтаева «Дін және журналистика» атты еңбегінде Қазақстанда діни журналистиканың қалыптасу және даму ерекшеліктерін зерттейді. «1992 жылдың 6-қаңтарынан бастап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни-танымдық тəуелсіз газеті - «Иман» қазақ тілінен өзге шешен жəне ұйғыр тілдерінде шығып,көп ұзамай жабылып қалды. Оған қаржы табу қиынға түсті. Қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни-танымдық «Ислам жəне өркениет» тазеті мен 2003 жылдан бастап, «Иман» діни-танымдық журналы да шыға бастады. 1992 жылы Астана мешітінің үні «Нұр» газеті де жарық көрді-деп жазады ғалым.

1996 жылы жарық көрген «Ислам əлемі» діни-мəдени көпшілік журналы оқырманын имандылыққа, тура да таза жолға бастайтын басылым ретінде көрінді. Шағын ақпараттан бастап, танымдық, прблемалық мақалалар, діни дастандар, тəпсірлер көптеп кездеседі. Тілі таза, түсінікті бұл басылым діни баспасөздің көшбастаушысы.

1998 жылы шыққан Ислам тану журналы - «Шапағат нұр» деп аталады. Бұл журнал Бухариден келген хадисте Пайғамбарымыздың «Дінді заманына сай үйретіңдер» деген өміршең өсиетін басшылыққа алады. Журналдың көптеген айдарлары бар. Сондай-ақ бұл журналдың ерекшелігі-қазақ тілімен қатар орысша да шығуында. 1990 жылы Ə.Нұғыманованың басшылығымен «Қазақстан мұсылман əйелдері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Соған орай осы бірлестіктің үні болып, «Алтын қазық» журналы, бас редакторы Г.Жебесіннің жетекшілігімен «Алдаспан» тəуелсіз журналы 1997 жылы дүниеге келген еді. Бұл басылымдардың мақсаттары да Ислам құндылықтарын жан-жақты уағыздап, тəлім-тəрбие беру еді.

2001 жылдың желтоқсан айынан бастап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан қажылары қауымдастығының «Ислам» газеті шыға бастады. Жаңа ғасырда Қазақ теледидары жаңа діни хабарлармен толықты. «Қазақстан-1» арнасында Б.Тілеуханның, С.Ыбыраевтың, Б.Сапаралының діни хабарлары Қазақ теледидарын мазмұндық жағынан байытып, ұлттық санаға серпіліс тудырды. Қазіргі кезде діни хабарды «Рахат» арнасы тұрақты жүргізіп келеді. Діни хабарды қалыптастыруда «Қазақстан теледидары мен радиосы» корпорациясында бас директор болып қызмет атқарған М.Тоқашбаевтың да еңбегін айта кету орынды. Жыл сайын Сауд Арабиясының Ақпарат Министрлігі қажылық таупа етушілерді бұқаралық ақпарат құралдарында көрсету үшін мұсылмандар елінен журналистер шақырады. Сол үрдіспен қырық мұсылман мемлекетінен Мекке-Мəдинаға шақырылған журналистердің ішінде 1999 жылы М.Тоқашбаев та барып, қажылық сапардан көп мағлұматтар əкеліп, көрерменнің ықыласына бөленген болатын.

Р.Бегімтаева Қазақстанда діни журналистика, атап айқанда ислам журналистикасы өзіндік жеке инфрақұрылым ретінде қалыптасқанын атап өтеді. Осы орайда ислам журналистикасы инфрақұрылымын қазіргі кезеңде жұртшылықпен байланыс институты толықтырып отырған атап өтуіміз керек. Бүгінгі таңда «Асыл арна» арнайы телеканалы рухани құндылықтарды насихаттауда тәжірибе жинақтап үлгірді. Төреғали Тәшенов, Күлпара Жұмағали, Сәрсенбек Бекмұратұлы сияқты қаламгерлердің өз оқырман аудиториясы бар.

Діни журналистика, атап айтқанда ислам журналистикасы Ресей Федерациясында, атап айтқанда Татарстанда өркендеп келеді. Бір айта кетерлігі, Ресейде «ислам журналистикасы» ұғымы ғылыми-көпшілік айналымға енген, құқықтық тұрғыда танылған. Еділ-Жайық өңірінде қазіргі таңда 18 ислам газеті жарық көреді, оншақты мұсылман ұйымдарының екінші деңгейдегі домендерде өз интернет-өкілдіктері бар. Татарстан мұсылмандары Діни басқармасының және Ресей ислам университетінің баспасөз қызметтері жұмыс істейді. Жуырда «Исламтат» ақпараттық агенттігі құрылып, ресми тіркеуден өтті. Агенттік Ресейдің 15 қаласында тілшілір қосынын ұстайтын болады, сондай-ақ Қазақстанда, басқа да мұсылман өлкелерінде меншікті тілшілер тағайындамақ. Агенттіктің орталық интернет-сайты www.islamtat.ru.

Ресей, сондай-ақ бүкіл ТМД кеңістігінің ислам журналистикасы үшін 2008 жылғы қарашада Қазанда өткен жалпыресейлік мұсылман журналистері конференциясының маңызы ерекше болды. Танымал ислам журналистері мен публицистері, саясаттанушылар, билік органдарының өкілдері қатысқан алқалы жиында Татарстан Республикасы Министрлер кабинетінің Дін істері жөніндегі кеңесінің төрағасы Ренат Валиуллин, Ресейдегі тұңғыш "Бадр-Форте" ислам банкінің президенті Адалет Джабиев, Ресей Мемдумасының депутаты Шамиль Султанов, "ИсламНьюс" Интернет-Порталының редакторы Ринат Незаметдинов, "Ислам.Ру" Интернет-Порталының бас редакторының орынбасары Абдулла Ринат Мухаметов, "ТатарНьюс" сайтының редакторы Айнур Сибгатуллин, "Портал-Credo.Ru" сайтының бас редакторы Александр Солдатов, "Смысл" журналын редакторының бірінші орынбасары Орхан Джемаль сөз алды. Қазақстаннан келген мейман, республикалық «Наш Мир» газетінің бас редакторы Айдар Қайыповтың баяндамасы зор ықылас туғызды.

«Исламтат» агенттігіне берген сұхбатында Татарстан Республикасы Министрлер кабинетінің Дін істері жөніндегі кеңесінің төрағасы Ренат Валиуллин «Болашақта Ресей ислам университетінде ислам журналистикасы және ислам экономикасы факультеттерін ашу жөнінде мәселе көтереміз. Бұған қажетті әлеует жеткілікті, сондай-ақ Үкімет Татарстандағы ислам ілім-біліміне жеткілікті көңіл бөліп келеді» - деп атап көрсетті. Осы орайда біраз шегініс жасап, бірқатар мұсылман елдерінде «ислам журналистикасы» бойынша мамандар даярланатыны туралы айта кеткеніміз жөн.

Татарстан ислам журналистерінің алқалы бас қосуында мұсылман БАҚ-тары мен баспаларының алғашқы конкурсы мәреге жетті. Әртүрлі номинация бойынша 15 жүлдегер сый-сияпатқа бөленді. Атап айтқанда Ракип Гафаров, Рашит Минхажев, Хатип Гарай, Сулейман Назмиев, Рустем Валиуллин және Рифат Юсупов сияқты талантты журналистер марапат ретінде қажылық сапарға жолдама алды. Үздік телесюжет номинациясында ТНВ арнасының "Насыйхат" бағдарламасы, үздік БАҚ номинациясында "Ислам-инфо" газеті, зайырлы БАҚ-тарда мұсылман өмірін көрсеткені үшін «Российская газетаның» тілшісі Светлана Брайловская, мұсылман БАҚ-тарында мұсылман тыныс-тіршілігін жан-жақты көрсете білген Нурия(Светлана) Максимова сыйлыққа лайық деп танылды.

Қазіргі таңда Қазақстанда экономикалық, құқықтық, саяси-әлеуметтік журналистика өркендеп келеді. Халықты ізгілікке баулитын, рухани құндылықтарды игеруге үндейтін ислам журналистикасы осынау мәртебелі санаттан лайықты орын алатын сәт те алыс емес.

Жетпісбай Бекболатұлы

2703 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз