Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 13 Мамыр, 2010

Кедендік одақ: Не істеу керек?

Бүгінгі күні Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы кедендік одақ – де-факто жағдай. Дегенмен бұл одақтың бізге пайдасы қандай, жоғалтарымыз қаншалық деген мәндегі сауалдар әлі ел аузынан түспей келеді. Бұл түсінікті де. Қандай да бір жәйттің жақсы жағымен қатар жағымсыз тұсы да болатыны секілді, отандық экономиканың келешегіне тікелей қатысты бұл мәселенің оң-терісі, пайда-зияны қандай болмақ деген сауал жұртшылықты бейжай қалдыруы мүмкін емес. Осыған орай белгілі экономистер Қанат Базарбайұлы мен Ораз Әлиұлына «Не істеу керек?» деген сұрақ қойған едік.

Қанат БЕРЕНТАЕВ, қоғамдық мәселелерді сараптау орталығының директоры:

Кедендік одақтан үркудің қажеті жоқ

– Қазақстанның кедендік одаққа кіруі – де-факто жағдай екенін түсінуге тиіспіз. Кедендік одақтың бірыңғай экономикалық кеңістікке айналуы – әзірге тек саяси шешімнің еншісіндегі мәселе. Қазірде Кедендік одақтың құрылуына байланысты екі түрлі көзқарас қалыптасып отыр. Біріншісі – ресейлік бизнес Қазақстан нарығына енген соң отандық өндірушілерді басып тастайды. Сондықтан алдымен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керек, шекараны содан кейін ғана ашу керек. Алайда өткен жиырма жылға таяу уақыттың ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті аяғына қоя алмадық, ал енді Кедендік одаққа кіруді кейінге қалдырғанмен, бұдан ештеңе өзгере қоймасы анық.

Екіншісі – үшінші елдерден келетін импортқа баж салығы жоғарылайтын болғандықтан, көпшілік қолды арзан қытай тауарларының көлемі шектеледі, бағасы көтеріледі, нәтижесінде жұртшылықтың қалтасы қағылады. Сонда қалай, бұған дейін отандық өндірушілер арзан қытай тауарымен бәсекеде озып келген де, енді ресейдің одан гөрі қымбат өнімдерімен тайталаса алмай ма?

Яғни біреулердің айтуынша, баға көтеріледі, отандық бизнес құлдырайды, екіншілердің айтуынша – баға арзандайды, бірақ нәтиже тағы сол, жергілікті кәсіпкерлік басылып қалады. Бұл жерде біреулер қытайға қарсы болса, енді біреулер ресейге қарсы пікірде. Бірақ, әрине, мұның бәрі осы екі жақтың әрқайсысының тарапынан өздерінің мүддесін қорғау тұрғысынан емес, халықтың жағдайын ойлағандық деп түсіндірілуде. Алайда, менің ойымша, Кедендік одақтан халық жапа шеге қоймайды.

Ал, соңғы уақыттағы бағаның көтерілуі – таза сәудегерлік әрекеттердің нәтижесі. Бұл жерде кедендік одақтың еш қатысы жоқ. Байқап қарасаңыз, бұған халықты алдын-ала дайындады: Кедендік одаққа кірумен тауар атаулының бағасы қымбаттайды, көктемде бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысы көтерілуіне байланысты баға тағы да өседі. Міне, қарап отырсаңыз, баға өсуінің ешқандай объективті себептері айтылмайды. Тек жұрттың миына еңбекақы мен зейнетақының өсуі бағаның кезекті көтерілуіне әкеледі деген ой сіңірілді. Бұдан басқа ешқандай себеп жоқ.

Жалпы экономиканың қарқынды дамуында кедендік одақ сондайлық бір рөл атқарады деуге болмайды, ол тек елдер арасындағы сауда-саттық қатынастарды жеңілдетуге қолайлы. Ал үш елдің арасында бірыңғай экономикалық кеңістік қызмет еткен жағдайда, ресейлік және белорустық өндірушілермен бірыңғай технологиялық тізбек құруға мүмкіндік туады.

Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы арқасында отандық кәсіпорындар бірыңғай өндірістік тізбекке қосыла алады, яғни кепілдендірілген тапсырыс пен оны өткізу мүмкіндігіне ие болады. Кедендік одақтың басты артықшылығы да осы. Кедендік одаққа Украина қосылған жағдайда, бұл тізбек – шикізат өндіруден дайын өнімге дейін толық айналымды құрайтын болады.

Кедендік одақтың бізге берері қандай дегенде, елімізде ғылыми және заманауи өндірістік базалардың жоқтығын да ескеруіміз керек. Мәселен, біз нанотехнологияларды өз бетімізше жасай алмаймыз. Бұл тұрғыда Ресейдің технологиялық артықшылығы барын мойындауға тура келеді. Сондықтан Кедендік одақтың пайдасы, әрине, әлдеқайда көп. Үкімет ендігі жерде осы мүмкіндіктерді отандық экономиканы көтеру мақсатында тиімді пайдалануы керек.

Ресей және Беларусьпен кедендік одаққа кірудің нәтижесінде бұрынғы одақтың қамытын киіп, өз тәуелсіздігімізді жоғалтпаймыз ба дегенге келсек, дербес экономикалық саясат бұрыннан жоқ бізде. Негізінен оны шетелдік инвесторлар кеңесі анықтайды. Үкімет болса, солардың тапсырысын орындайды. Сондықтан белгілі эволюциялық өзгерістер орын алған қазіргі таңда бұл туралы айту аңғалдық дер едім. Алдағы елуінші жылдардың ортасында ұлттық тәуелсіздік деген ұғымның талаптарына АҚШ, Бразилия, Қытай, Үндістан, Ресей сынды 5-6 ел ғана сай келуі мүмкін.

Ораз ЖАНДОСОВ, «Ракурс» экономикалық сараптау орталығының жетекшісі:

Бизнестің дамуына қолайлы ахуал қалыптастыру керек

– Әрине, үлкен саясаттың қайсыбір бағытындағыдай, экономикалық бұл мәселенің де өзіндік жақсы жағы да, жаман жағы да болуы түсінікті. Көңілге қонымсыз жағы – Кедендік одақтың іске кірісуімен, әсіресе алғашқы кезеңде қазақстандық тұтынушылар үшін үшінші елдерден келетін көптеген тауарлар қымбатқа түседі. Бұл жекелеген азаматтарға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда өнім өндіруге немесе қызмет түрлеріне қажетті нәрселер мен қосалқы бөлшектерді шетелден әкелетін кәсіпорындарға да қиын соғады.

Ал, пайдалы жағы – бұрынғыдан әлдеқайда кең сауда алаңына, ауқымды тауар нарығына шығуға мүмкіндік туады. Бұл, әрине, бизнестің дамуына өте қолайлы. Алайда бұл тұрғыда, яғни бизнестің дамуы үшін алдымен Қазақстанда Ресей мен Беларусьпен салыстырғанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Дәл қазіргі уақытта бәрі осылай болады деп айту қиын. Егер біздің үкімет өзі жоспарлаған шаруаның бәрін діттеген жеріне жеткізе алса, онда отандық компаниялар мен Қазақстанға қаржы құйып, сонымен қатар Кедендік одақтың бүкіл нарығына жұмыс істеп отырған шетелдік инвесторлар бәсекеге қабілетті отандық өнім өндірісін көтеруі мүмкін. Мұндай жағдайда, әрине, кедендік одақтың пайдасы біз үшін күткендегіден көп болары анық.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1236 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз