Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 13 Мамыр, 2010

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына соны серпін берілмек

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тез дамып келе жатыр. Екі мемлекеттің басшылары жиі кездесіп тұрады. Және де бұндай кездесулер өзара экономикалық байланыстардың нығая түсуіне соны серпін беріп жатады. Бұның құр айтыла салған сөздер емес екенін нақты салыстырмалы фактілер арқылы дәлелдеуге болады. Мәселен, 2005 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 5 млрд. доллардан астам болған. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 12 млрд. доллардан асып түскен. Басқаша айтқанда, айналасы төрт жылдың ішінде екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі екі еседен астам ұлғайған. Бүгінгі таңда Қытай Қазақстанның халықаралық сауда-саттық саласындағы Ресейден кейінгі екінші ең ірі серіктесі болып табылады.

Жақында ол елде Шанхайдағы бүкіләлемдік ЭКСПО-2010 көрмесінің ашылу салтанатына қатысу мақсатында ҚР үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов болып қайтты. Пекинде Қазақстан премьер-министрін ҚХР президенті Ху Цзиньтаоның өзі қабылдады. Осы кездесу барысында алып Қытай мемлекетінің басшысы өзінің біздің елімізге өткен жылы желтоқсан айында жасаған жұмыс сапарын еске алып, онда қазақ елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, үкіметінің және халқының тарапынан жылы қабылдауды көргенін және осының бәрінің оған терең әсер еткенін айтты.

Қытайдың Қазақстан үшін айрықша маңызды болуының тағы бір себебі ресми Пекиннің қазір елдің батыс бөлігіндегі аудандарды дамытуға көп күш жұмылдырып жатқандығында болса керек. Бұл туралы «Батыс Қытайдың әлеуметтік және экономикалық атласы» деген жинақтың оқырмандарға арналған алғысөзін жазған Қытай Ғылым Академиясының академигі Чень Шупень былай дейді: «Батыс Қытайды дамыту – Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен Мемлекеттік Кеңесінің жаңа ғасырға арнап дайындаған стратегиялық бағдарламасы». Бұл стратегия қазірдің өзінде қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.

Иә, осы мемлекеттiң Еуропа және КСРО мен ТМД ауқымындағы байырғы түсiнiктерге негiзделген бiздiң санамызға таң көрiнетiн бiр ерекшелiгi осынадай. Ондағы дамыған аймақтар батыста емес, шығыста орналасқан.

Ал мемлекеттiң қазба байлықтары, ормандары мен гидроэнергетика ресурстарының басым бөлiгi дамуы жағынан кейiнде қалған болып есептелетiн батыс аймақтарда шоғырланған. Бiздiң елiмiз құрамынан кеше ғана шыққан бұрынғы патшалық Ресей мен кейiнгi КСРО ауқымында аз ұлттардың басым бөлiгi шығыс пен оңтүстiк жақта орналасқан болса, Қытайда ондайлар, керiсiнше, батыс пен солтүстiк жақта орналасқан. Басқаша айтқанда, бәрi тура керiсiнше.

Уақытында патшалық Ресей мен КСРО экономикалық даму барысын батыстан шығысқа қарай таратса, қазiр Қытай тап сондай үрдiстi шығыстан батысқа қарай қарқындата дамытып жатыр. Және де ҚХР үкiметiнiң «Батысты дамыту саясаты» деп аталатын бағдарламасы қамтитын Қытай Батысы дейтiн атау жалпылама кеңiстiктi емес, тура нақты географиялық және саяси-экономикалық аумақты бiлдiредi.

Ол 12 провинциалдық бiрлiктен (яғни провинциядан және автономиялық ауданнан) тұрады. Олардың жалпы көлемi 6,86 млн. шаршы километрдi құрайды. Бұл дегенiңiз - бүкiл Қытай Халық Республикасы жерiнiң 71,45% немесе үштен екiден астамы. 2001 жылдың аяғына таман осыншама ғаламат кеңiстiкте 364,5 млн. адам тұрған. Бұл - КХР халқының 28,1%. Яғни үштен бiрiне де жетпейдi. Бұл - Қытай мемлекетінің стратегиялық резерві.

Жақында Кытайдың Лондоннан Пекинге дейінгі жолды Германия, Қазақстан және Шыңжаң провинциясы арқылы екі күнде жүріп өте алатын поезды жүргізу жоспарын қарастырып жатқаны туралы хабар тарады. Теміржол кеңесшісі және Қытай инженерлік академиясының мүшесі Ванг Менгшу Лондон маршруты 2025 жылға таман дайын болуы мүмкін деп болжамдайтын көрінеді.

Басқаша айтқанда, Қытайдың өзінің батыс бөлігіндегі аудандарын дамытуға арналған стратегиясы мен оны жүзеге асыруға арналған инвестициялары Орталық Азия аймағын, оның ішінде Қазақстанды да, бұрыннан қалыптасқан геосаяси және геоэкономикалық тұйықтан шығаруға септігін тигізбек болса керек. Ол елдің батыс аудандарының, оның ішінде, мәселен, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының экономикалық дамуы біздің аймағымыз бен біздің еліміз экономикасының дамуына жаңа серпін беру мүмкін.

Сәуле САМАТҚЫЗЫ

932 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз