Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 13 Мамыр, 2010

Апта тынысы Беделді күшке айналды

«Нұр Отан» ХДП орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партия саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы өтті.

Отырысқа саяси кеңес бюросының мүшелері, Президент әкімшілігінің жауапты қызметкерлері және үкімет мүшелері қатысты. Онда Елбасының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде алға қойылған тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

Елбасы партия саяси кеңесі бюросының отырысын ашардағы сөзінде «Нұр Отан» ХДП орталық аппараты соңғы кезде халық арасында ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын атап өтті. «Біз мұндай тапсырмаларды бұрын-соңды көрген емеспіз. Қазіргі кезде әрбір нысанды қаржыландыру қамтамасыз етілді, қай нысанның қай облыста, қай салада салынатынын білеміз. Сол нысандардың құрылысы қашан аяқталатыны, қанша жұмыс орны ашылатыны нақтыланған. «Нұр Отан» партиясы осыларға мемлекеттен бөлінетін қаржыға бақылау жасауы тиіс», - деді Президент басты мәселе – Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына байланысты.

Байланыс нығая түседі

Түркияда қазақстандық және түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен екі бірдей бизнес-форум болып өтті. Оған премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Түркияның жетекші бизнес қауымдастығы болып табылатын «ТУСИАД» ұйымы ұйымдастырған бірінші форумға ірі бизнес өкілдері шақырылса, екіншісі шағын және орта бизнес өкілдерінің басын қосқан форум болды.

Әсет Исекешев Түркияның жоғары бизнес қауымының өкілдерімен де жекелеген кездесулер өткізді. Түрік іскерлері министрді Қазақстанға қатысты келешегі үлкен деген жобаларымен және инвестициялық жоспарларымен таныстырды. Өз кезегінде Ә. Исекешев Қазақстанда қабылданған өндірістік және инновациялық бағдарламаның басты бағыты туралы және шетелдік инвестициялардың әлеуетті салалары, оның ішінде нақты инвестициялық жобалар туралы мағлұмат берді.

Машина құрылысы саласындағы қазақстандық үлес

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін техника тапшы. Сондықтан машина құрылысы саласында Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін қажетті осындай құралдар бірінші кезекте тұрады, деді Қазақстан – Австрия бизнес-форумында «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дулат Айтжанов.

«Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы негізінен республикалық бюджет пен ұлттық қордың есебінен қаржыландырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ауыл шаруашылығын дамытуға былтыр ұлттық қордан 1 млрд доллар көлемінде қаржы бөлінген болатын. Басқарма төрағасының айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асырушылардың бірі болып табылатын «Қазагроқаржы» АҚ бойынша бүгінде осы қаржының негізінде жаңа өндіріс ошақтарын ашу мәселесі қолға алынған. Оның ішінде тауарлы-сүт фермаларын ұйымдастыру, жылыжай кешендері мен құс фабрикаларының құрылысын салу секілді шаруалар бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру мен тамшылап суару технологиясын игеру де осы кезектегі міндеттер болып табылады.

Бұл міндеттерді жүзеге асыруға қажетті техникалық құралдар Еуропа елдерінен, оның ішінде Германиядан әкелінеді. «Алайда бұл бағыттағы шаралар барысында қазақстандық үлес мәселесіне баса назар аударатын боламыз. Сондықтан белгілі бір жобаны ұсынғанда шығарылатын немесе құрастырылатын техниканың ауқымды бөлігін біз өз елімізде жүзеге асыруды ұсынамыз», - деді Дулат Айтжанов жиынға қатысып отырған кәсіпкерлердің осы бағыттағы міндеттерді іске асыруға қатысуы туралы ұсынысқа байланысты.

Араб мәдениетінің күндері

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Біріккен Араб Әмірлігінің Қазақстандағы мәдениет күндері екі елдің өнер иелерінің қатысуымен өткен достық рәуіштегі концерттік бағдарламамен ашылды.

Соңғы жылдары екі ел арасындағы мәдениет пен өнер саласындағы қарым-қатынастар жан-жақты дамып, түрлі мәдени іс-шаралармен айшықталуда. Соның бір жарқын мысалы ретінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы наурыздағы Біріккен Араб Әмірлігіне ресми сапары барысында қол жеткізілген екі мемлекет арасындағы мәдениет күндерін айтуға болады. Қазақстанның Араб еліндегі мәдениет күндері екі ел тарихының айтулы бір парағы болып жазылса, енді Біріккен Араб Әмірлігінің Қазақ еліндегі мәдениет күндері аясында қазақ жұртшылығы араптың ұлттық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен мәдениетінің бай қазынасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Дайындаған

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

689 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз