Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 13 Мамыр, 2010

Қазақты тентіреткен қарыз

Жақында Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Мұны Парламенттің бюджет және қаржы комитеті ұйымдастырды. Жоба бойынша Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова баяндама жасады. Несиенің қай түрі болса да құйтырқылық әрекетпен беріледі. Қаржылық сауаты болмауының кесірінен арамызда басындағы жалғыз баспанасын банкке кепілге қойып, қарызын өтей алмай, опық жеп отырғандар аз емес. Банктердің саясаты тым қатал. Несиені алдың ба, уақтылы төле. Қарызды қайтармасаң кепілге қойғаның кетті дей бер. Ал әлемдегі қаржы дағдарысы, оның салдарынан несие алушының жұмыссыз қалуы, яки жалақысының қысқаруы – банкирдің басын қатырмайды. Өйткені, екіжақты келісім-шартта несие алушы «шартыңа келісемін» деп қол қояды. Тұтынушы қарызын өтей алмай қалған жағдайда, банктің мұрты да қисаймайды. Кепілге қойылған жылжымайтын мүлік қамқоршы қаржы ұйымының қанжығасында қала береді. Ал несиенің буы бойын қыздырған тұтынушы бұл туралы мүлдем ойланбайды. Тіпті келісім-шартты оқымай-ақ қол қоя салады. Несін жасырайық, бұл – бәріміздің басымызда бар жағдай.

«Қазақы» бизнес

Санжар ол кезде танымал фармацевтикалық фирмалардың бірінде экспедитор-жүргізуші-тін. Оның міндеті – қаладағы дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізу еді. Ал аймақтарға шойын жол арқылы жібереді. Фармацевтика – табысты сала. Санжардың жалақысы жаман емес, ара-тұра жолшыбай табысқа да мүмкіншілігі бар еді. Бірақ ол бәрінен тәуелсіз болғысы келді, кәсіпкерлікпен айналысқанды қалады. Сөйтіп, банкке бас сұқты. Әрине, таныс арқылы. Өжеттегі үйін кепілге қойып, әлгі делдалға «шәпкісін» беруге келісті. Үшжылдық, қысқа мерзімді несиеге қол жеткізді. Жылдық 20 пайыз мөлшерлемемен 50 мың АҚШ долларын алды. Айына 250 мың теңгеден төлеп тұруға шарттасты. Ойы – Үрімжіден көліктің дөңгелегін әкеліп сату. Бұрын-соңды сауда-саттық, алып-сатарлықпен айналыспаған адамға мұның оңай еместігін туыстары Санжарға ескертпеді емес, ескертті. Дегенмен «шешінген судан тайынбас» Сәкең ағайын-туыстың жырмаштауынан қалған қаржысын «бизнес-бикешке» салып кеп жіберді. Бұл «бикештің» де әркімге «бөксесін» сипата бермейтіні мәлім. Әкелген тауары өтпей, қарызды қайтарудың өзі мұң болды. Ақырында қалған қаржысын қағып «бизнес бикеш» те жоғалған. Санжар қол қусырып қарап қалды. «Жығылғанға жұдырық», өзі де жұмыстан қысқармаса да, жалақысы кесілді. Не істеу керек? Банктен алған несиенің 8 айы ғана төленді. Санжар жүгіріп жүріп үш айға банктен «үзіліске», яғни шегерімге өтініш жазып, мұрсат алды. Шегерімнің шарты бойынша үш айдан кейін бірден 750 мың теңге төлеу керек екен. 250 мың теңге таба алмай отырғанда 750 мың теңге қайдан шықсын? Үш айдан кейін баяғы қарыз берген қамқоршы кепілге қойылған үйге ауыз салды. Нағыз сергелдең осы кезден басталды. Банкке БАҚ араласты, басқасы араласты әйтеуір несие өтеу кестесіне ілікті. Бірақ өсімпұл (пеня) шотқа бірге түсіп, бұрынғы 250 мың теңгенің орнына енді бұлар 400 мың теңге төлейтін болып, кесіліп-пішілді. Қалған бір жыл сегіз айдың қарызын 400 мың теңгеден құйып, «қарқ» боп отырған жай бар. Әйтпесе, бастағы жалғыз баспана банкке өтіп кетеді.

Құйтырқы саясат – әшкере

Біз әңгімеміздің басында Елена Бахмутова басқаратын мекеме жасаған заң жобасы жайлы айттық. Осы заң жобасында әлеуметтің мүддесіне қарайласады-ау деген бір бап бар. Күні бүгінге дейін банк атаулы кепілге қойылған мүлікті сотсыз-ақ қанжығасына байлап алуға немесе басқа да операция жүргізуге қақылы екен. Енді осыған қаржы-қадағалау мекемесі тыйым салмақшы. Осы жерде мәжілісші Сансызбай Есілов былай деді: «Түйінді ипотекалық кредиттердің ішінде кезінде кепілге қарыз алып, бірақ қазіргі қалыптасқан ауыр экономикалық-қаржылық дағдарысқа байланысты олардың 10-20 пайызы жұмысынан айырылған немесе қарызға белшесінен батқандар. Банк бұлардың басындағы жалғыз баспанаға көз алартып отыр ғой. Осындай тұтынушылардың жағдайын біз ойламағанда, кім ойлайды?» деді. Бұған Елена Бахмутованың жауабы да дайын боп шықты: «Егер біз банктерге борышкерлердің жалғыз баспанасын сатуға тыйым салсақ, онда олар кепілге несие беруді мүлдем доғаруы мүмкін, сондықтан біз мұндай қарекетке бара алмаймыз» деді. Бас бақылаушы осы жерде қарыз беру мөлшерлемесінің шекті мөлшерін заң жүзінде белгілеуді қарастырып жатқанын, келісім-шарт талаптарын банктердің біржақты бұзуына тыйым салғалы отырғанын тілге тиек етті. Бұған қоса, банк атаулы болашақта келісімшартта комиссиялық қызметтің тізімін және оның мөлшерін көрсетуі шарт. Әйтпесе, тұтынушы комиссиялық қызметтің не екенін, көлемін білмей опық жеп қалып отырған жағдай көп. Сондықтан мұның мөлшерінің көрсетілуі несие алушыға жан-жақты мағлұмат беруі тиіс. Әйтпесе, банктердің құйтырқы саясатының құрбаны боп отырған ел-жұрт арамызда аз емес. Мәселен, алматылық қарапайым инженер Жамбыл Төлегенов несие мөлшерлемесінің құйтырқы құпиясын әбден зерттепті. Бұған ол кездейсоқ бармапты, осыдан біраз жыл бұрын банктің шырмауына түскен бір танысы өз-өзіне қол жұмсаған. Осы оқиға оны бей-жай қадырмайды. Зерттейді, саралайды, қорытынды шығарады. Бүгінгі күні Жамбыл банктің тұзағына түскендерді қорғап-қолдаушы. Ж.Төлегенов былай дейді: «Несие беру туралы келісімшарттарда банктер сыйақы мөлшері туралы есеп-қисапты анық көрсетпейді, сөйтіп, тұтынушыларды саналы түрде шатастырады». Оның пайымынша, қарыз беру есеп-қисабының, нақтырақ айтқанда, пайыздық мөлшерлемені шотқа салудың бес амалы бар екен. Бес амалдың жиынтығы бірдей. Ол «жылына 10 пайыз» бен «жылдық 10 пайыз» арасында айырмашылық бар ма, жоқ па, соны шарқ ұрып іздейді. Ақыры айырмашылық барын дәлелдеп шығады. Егер қарыз алушы мысалы, жылдық 18 пайызбен 12 жылға несие алса, 18 пайызды 12 жылда төлеуі керек екен. Ал бізде банктер қалай есептеп береді, сол бойынша алдымен пайыздық мөлшерлемені содан кейін негізгі қарызды өтеуге тура келеді. Ақырында тұтынушы мына жағдайда негізгі қарыз сомасынан 144 пайызды артық төлейді екен. Несие алушы адам алған жалпы қарыз мөлшерінен бір жарым есе артық ақша төлеп, банкті асырайды». Демек банк пен тұтынушы арасындағы бұл түйін заң жүзінде қадағалануы тиіс және оны бұзған қаржы институты жауапқа тартылуы шарт. Тіпті мұндай банктердің лицензиясы қайтарылып алынуы керек. Әйтпесе, олар қаржылық сауаты таяздау ел-жұртты қанауын қоймайды. Бұл туралы неге екені белгісіз әлгі жиында айтылмай қалды.

Маман пікірі

Несиені есептеу – тұтынушылардың мүддесіне сай емес

Ғалым Байназар, қаржыгер:

Әлемдік тәжірибе деген желеумен соңғы бес-алты жылда несиенің мөлшерлемесін есептеу амалы өзгеріп кетті. Тұтынушы алған қарызының негізгі бөлігін де, пайызын да бірден, бірінші жылдан бастап өтеуі керек-тін. Ал бізде олай емес. Бірінші, екінші, үшінші жылы тек пайыздық мөлшерлемені өтеп барып, негізгі қарызға содан кейін көшеді. Банктер несие алушыға осылай есептеп, төлеу кестесін қолына береді. Бұл – қате амал. Банктер өзінің табысын, пайдасын ойлап, әдейі осылай істеп отыр. Сонда алдымен пайыздық мөлшерлемені өтеп бір ұтылады, содан соң негізгі қарызды төлеу арқылы екі ұтыласың. Мұның жай-жапсарын қарапайым тұтынушы біле бермейді. Білмеген соң, банктен талап ете алмайды. Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігі заң жобасында осы мәселені ескеруі тиіс. Әлемдік тәжірибені оңды-солды, қалай болса, солай бізге тели беруге болмайды. Оны бейімдеп, елеп-екшеп, кесіп-пішіп барып, қолданысқа енгізген абзал. Бізде «ана елдің тәжірибесі, мына елдің тәжірибесі» деп зерттеу-талдаусыз енгізілген амал көп. Сол сияқты, жалпы мен шет ел валютасымен несие беруге қарсы адаммын. Әсіресе, ипотекалық несиені шет ел валютасымен беруге болмайды. Өйткені, валюта бағамы біздің экономикамыздық күшті-әлсіздігіне байланысты емес. Әлемдік конъюнктураға орай түзіледі. Оның үстіне біздің экономика шикізатқа негізделген экономика. Нәтижесінде теңгенің долларға шаққандағы бағамы бірде өсіп, бірде түсіп, құбылады. Бұл – тұтынушыға тиімсіз. Несие алушылардың көбі шет ел валютасының арзан пайыздық мөлшерлемесіне қызығып алады. Несиенің мұндай түрінің пайыздық мөлшерлемесі төмен болғанымен, ұлттық валютаға шаққандағы бағам айырмашылығынан тұтынушылар ұтылады. Несиелік қарыз алған кезде осы мәселені ескеру қажет.

Ал қаржылық дағдарыстың ушығуына банктердің де, тұтынушылардың да белгілі бір деңгейде кінәсі, ықпалы болды. «Азаматтық Кодекс» бойынша банк пен қарыз алушы арасындағы келісімшартқа үшінші жақ араласа алмайды. Жылжымайтын мүлік бағасы құлдырап, яки қымбаттап кеткен кезде оны екеуара шешуі керек. Осының салдарынан Үкімет жылжымайтын мүліктің құнын қайта қарауға, бағалауға құлықсыздық танытты. Егер қарыз алушы алған несиесін уақтылы төлеп отырса, оның ешімге залал-зияны келмейді. Үкімет пен құзырлы органдар елдегі экономикалық өсім мен халықтың төлем қабілетін және банктердің амандығын жүйелі түрде реттеп, бақылап, қадағалап, байланыста ұстап отырса, экономика тығырыққа тірелмейді. Мәселен, қазір мен бірінші тоқсанның қорытындыларын қарап, саралап отырмын. Жыл басынан бері берілген несиелердің деңгейі төмен. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда үлкен айырмашылық бар. Бұл ненің белгісі? Құзырлы мекемелер банк жүйесінің қызметін қатайтып отыр. Бұрынғыдай оңды-солды несие беру қазір жоқ.

Көпшілікке кеңес

Еркебұлан Айнамбеков, несие менеджері:

  1. Несие алардан бұрын төлем қабілетіңізді есепте.
  2. «Кепілді-кепілсіз несие»: осының қайсысы тиімді? Екеуіне тән келісім-шартты салыстыр.
  3. Несиенің мөлшерлемелік пайызы мен комиссиясына мән беріңіз. (Өйткені, несие алушылардың көбі мысалы, 15 пайыз дегенге қызығып, комиссиясы 8 пайыз екенін білгенде қиналады).
  4. Келісімшартты асықпай, мұқият оқыңыз. Түсінбеген жеріңіз болса, міндетті түрде банк қызметкерінен сұрап алыңыз.

5. Арадағы делдалға жүгінбеңіз. Тікелей банкке барыңыз. Көп жағдайда несие алушылар дайын құжаттарын делдалдарға сеніп тапсыра салады. Ал делдал саусағын қимылдатпаса да, ақшаны қымқырып қалуға тырысады.

Есіңде жүрсін:

Қанат Берентаев, сарапшы: – Ұзақмерзімді несие адамға психологиялық ауыр соққы береді. 15 немесе 20 жылға несие алған адам бес-алты жылдан кейін жан-жақты шаршап, қалжырайды. Күйзеліске түседі. Осының салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған адамдар өмірде кездеспейді емес, кездеседі.

Гүлзат Нұрмолдақызы

1216 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз