Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

3 млн теңгені «Свет-аке» алды

21-25-і қыркүйек  аралығында ҚР Мәдениет министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, ҚР Кинемотографистер одағы, «Еуразия» ХКФ дирекциясының ұйымдастыруымен Алматы қаласында VI «Евразия» халықаралық кинофестивалі болып өтті. Өз мәресіне жеткен бұл шара жылдағы дәстүрінше кино әлеміндегі жаңа есімдерді айқындап берді. «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік фильм», «Үздік ер азамат рөлі» мен «Үздік әйел рөлі» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталады.

Гран-приге лайық деп танылған «Свет аке» – Қырғызстаннан келген режиссер Ақтан Арым Құбаттың туындысы. VI «Евразия» халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін иеленген бұл фильм 3 000 000 теңгемен қоса «FIPRESCI» тағайындаған арнайы жүлдені де қанжығалады. 80 минутқа созылған картина әділ-қазыларды халықтығымен, шынайлылығымен қызықтырыпты. Режиссердің өзі басты рөлді сомдаған фильм ел «Жарық-әке» атап кеткен мейірімді, ақкөңіл электрик жөнінде. Режиссері, басты рөлдегі кейіпкер, әрі сценарий авторларының бірі (біреуі – Талип Ибраимов) – Ақтан Арым Құбаттан басқа Таалайкан Абазова, Аскат Сулайманов, Асан Аманов, Станбек Тойчубаевтар өз рөлдерін шынайы сомдай отырып, көрерменнің жүрегіне жеткізе білген. Картинаның продюсері – Алтынай Койчуманова, қоюшы суретшісі – Талгат Асыранкулов, қоюшы операторы – Хасанбек Кыдыралиев, композиторы – Андре Маттиас. Сондай-ақ 63 Канн кинофестиваліне қатысқан бұл фильм 19 қыркүйекте Анапа қаласында (Ресей) өткен ХІХ «Киношок» кинобайқауында «Үздік ер азамат рөлін» (Ақтан Арым Құбат) жеңіп алған болатын. Осылай айыр қалпақты ағайындарымыз 2007 жылы Орталық Азия фильмдері байқауында бас жүлдені қырғыз режиссері Эрнест Абдыжапаровтың “Боз Салқын” фильмінің жеңіп алғанын ескерсек, кинематографиясының “10+” бағдарламасы атты даму стратегиясын ойдағыдай атқарып жатқанын биыл тағы бір дәлелдеп кеткендей.

«Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясын түрік режиссері Пелин Эсмердің «10-нан 11-ге дейін» атты туындысы жеңіп алды және 1 500 000 теңгені де иеленді. 2009 жылы түсірілген бұл фильм – Пелин Эсмердің үшінші жұмысы. Бұған дейін 2002 жылы «Коллекционер», 2005 жылы «Ойын» деген кинокартиналарымен танылған ол «10-нан11-ге дейіннің» сценарийін де өзі жазған. Қоюшы операторы – Озгур Екен, қоюшы суретшісі – Наз Эрайда, композиторы – Каспер Мунк-Хансен, ал рөлдерде ойнағандар – Неят Ишлер, Митхат Эсмер, Таянч Аядын, Ладжин Джейлан, Саваш Аккова, Синан Дуйменджи, және Тулин Озен.

            «Үздік ер азамат рөлі» мен оған тігілген 750 мың теңге Ахан Сатаевтың «Адасқандар» (Қазақстан) фильміндегі ойыны үшін Андрей Мерзликинге бұйырды. Ал «Үздік әйел рөлі» және тағы бір 750 мың теңге «Гастарбайтер» (Ресей) картинасындағы рөлі үшін Дарья Горшкалеваға тиесілі болды.

Татарстан актрисасы Разида Хадиулина «Бибинур» картинасындағы рөлі үшін »а «Кинодағы жаңа есім» номинациясының жүлдегері атанса, кинематографияның дамуындағы ерекше еңбегі үшін американдық киноактер Кэвин Костнер марапатталды. Фестивальдің жабылу салтанатынан кейін ол өз тобымен рок-н-ролл бағытындағы концертін қойды.

VI «Евразия» халықаралық кинофестиваліне 20 елден 130 кинематографист қатысты. Олардың арасында фестиваль шымылдығын ашқан отандық жаңа өнім – «Кешіккен махаббат» картинасында басты рольді сомдаған танымал француз актеры Жерар Депардьемен қатар Софи Марсо, Кристофер Ламбер, Эммануэль Беар; ирандық Лейла Хатами, Фатимех Мохаммед Арри; американдық жұлдыздар – Гари Бьюзи, Жаклин Биссет, Лейн Дэвис, Үндістаннан Нандита Дас және сол сияқты Ресейден – 39, Франциядан – 22, АҚШ-тан – 9, Өзбекстан мен Қырғызстаннан – 8 адамнан және т.б – барлығы 130 адам қатысты. Азияның Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Таяу Шығыстың – Египет, Сирия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Түркия, Иран; Оңтүстік-Шығыс Азияның – Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай, Үндістан; Еуропаның – Франция, Германия, Ұлы­британия, Италия, Испания сияқ­ты елдің кино жұлдыздары жи­налатын бұл  фестиваль негізінен төрт бағдарлама аясында өтті. 1 – «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы», «Бүгінгі француз киносы», «Әлемдік киноның гала-премьералары» және «Халықаралық байқау шеңберіндегі кинолар». Барлығы фестиваль шеңберінде 40 шақты кинокартина көрсетілді. Оның ішінде қазақстандық «Адасқандар», «Секер», «Келін», «Бәйтерек», «Рывок», «Біржан сал» сияқты бірқатар туындылар көрермен назарына ұсынылды. Түрік режиссері Мустафа Алтиоклар, ресейлік кинорежиссер Андрей Звягинцев, қазақстандық қоюшы режиссер Дәрежан Өмірбаев төрелік еткен бұл байқауда Қазақстан атынан қатысқан Ахан Сатаевтің «Адасқандары» «Үздік ер азамат рөлімен» алға шықса, Фархат Шәріптің «Қызғылт қоян туралы хикаясына» еш жүлде бұйырмай қалды.

1998 жылдан бастау алған байқаудың биылғы жылғы қорытындылары осылай болды. Фестивальдің арт-директоры, кинотанушы Гүлнара Әбікеева: «Жалпы алғанда фестиваль – байқау күндері, жұлдыздармен кездесулер, сұхбат, дөңгелек үстелдер мен фото-сессиялар бәрі дерлік ойдағыдай өтті», – деп қорытындылады. 

 

 

 

 

Андрей Мерзликин, актер (Ресей):

– Мен негізі фестивальдерге қатыса бермеймін, ал бұл байқауға мен сыйақы үшін емес, «Адасқандар» картинасы мен үшін өте қымбат болғандықтан келдім. Фильм жүрегімде өз ізін қалдыра алды.

 

Жерар Депардье, әйгілі француз актері:

– Маған қазақ киносына түсу өте ұнады. Өйткені онда шындық және өмір бар. «Кешіккен махаббат» фильміне түсірілім барысында көптеген актерларға бауыр басып кеттім. Бұндай фильмге түсу үлкен тәуекелділікті қажет етеді. Себебі мұнда ешқандай коммерциялық табыс көзі жоқ. Мені адами жағы өте қызықтырды.

 Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

599 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз