Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

Қызылағаш толығымен қалпына келтірілді

 

Бірлесе көтерген жүк – жеңіл. Толығымен су астында қалған Қызылағаш ауылы төрт айдың ішінде қайта түледі. Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған су тасқынының зардаптарын жою мен қалпына келтіруге байланысты жұмысшыларды үйлестірген жедел штабтың қорытынды жиында бұл оқиғаның салдарын жоюда жанын салған азаматтар құрмет пен қошеметке бөленді.

 

Басқосуда сөз алған Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов: «Бүкіл ел Қызылағашқа қайырымдылық көмектерін жөнелтсе, ардагерлер зейнетақысын аударды. Тұрғындардың қайғысын бөлісіп, қолұшын беруден еш адам шет қалмады. Бүгін сіздердің және өзімнің атымнан баршаға алғыс айтамын. Мәселен, апаттан зардап шеккен тұрғындарға 3 ай бойы 15 мың теңгеден материалдық көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 145,3 млн. теңге бөлініп, 3310 тұрғынның дербес есептеріне қаржы аударылды. Мемлекеттің материалдық резерві мен қайырымдылық ұйымдарынан 245,3 млн.теңгенің азық-түлігі мен заттары келіп түсті. Осындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитын 70 балаға облыс әкімінің гранты берілсе, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жүзеге асырғандарға алғыс айтқан жөн. Бүгінгі жедел штабтың соңғы отырысын Қызылағашта аяқтап, су тасқынынан кейін оның зардаптарын жоюға жұмыла кіріскендерді марапаттауды жөн көрдік», – дей келе Қызылағаш, Егінсу, Ақтоған ауылдарын қалпына келтіруге белсенді үлес қосқан азаматтардың мемлекеттік наградаларға ұсынылатынын жеткізді. Әкім сондай-ақ  қиын қыстау кезінде бұл ауылдардағы орын алған жағдаймен бүкіл елді шынайы мәлімет жеткізіп, хабардар етіп отырған БАҚ ұжымдарын да назардан тыс қалдырмады. 35 облыстық және республикалық БАҚ өкіліне 84 алғыс хат табыс етті.

Тамыз айының басында Жетісуға жұмыс сапарымен келген Елбасы Қызылағаштағы атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын берген еді. Аз уақыттың ішінде Қызылағаш ауылында 465 үй тұрғызылып, 30 үй түбегейлі жөндеуден өтті. Әлеуметтік маңызды деген 9 нысан ғимараттары – Мәдениет үйі, ауыл әкімдігінің ғимараты, мешіт, «Қазпошта» ғимараты, АІІБ қосыны, ауыл мектебі, аурухана, балабақша түбегейлі жөндеуден өтіп, 12 коммунальдық пәтер салынды. Ауылда алғаш рет үйлерге су құбыры жүргізіліп, су тартылды. Көшелерге жарық беріліп, асфальт төселді. Интернетке қосылатын телефон желілері тартылды. Тұрғындар заманауи құрылыс материалдарымен жаңадан салынған, қажет жиһаздармен, тұрмыстық техникамен жабдықталған үш-төрт бөлмелі жаңа үйлерге қоныстанды.

Ауыл бүгінде қайта түлеп, жаңа кейіпке енді. Қиын күндерді артта қалдырған тұрғындар бар қиыншылықққа төзіп, оны жеңе білді.

 «Қазақстан тарихында тұңғыш рет осыншама қысқа мерзімде толығымен бір ауыл барлық коммуникациясымен, тұрғын және әлеуметтік нысандарымен қайтадан салынып бітті. Бұл еліміздің экономиаклық қуатын, оның әлеуметтік бағытталғанын, оның барлық тұрғындарының бетпе-бет келген қиындыққа қарсы тұруда ұйымшылдығын көрсетеді», – деді облыс әкімі Серік Үмбетов, әлеуметтік нысандарды ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде.

 

Құралай Мұратқызы       

 

880 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз