Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

«KAZGOR» Жобалаушыларының жаңа тынысы

Республикамыздағы тұрғын-азаматтық құрылысты жобалау ісінің көшбасшы ұйымы «KAZGOR» Жобалау академиясы биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр.

 

Сексен жыл аз мерзім емес. Сексенге келген қарттың түйгені мол, айтары көп. Осындай бай тарихы бар бұл ұйымның жүріп өткен жылдары да онда жасалған жобалардан, қалаларда бой көтерген сәнді ғимараттардан, мекеме қабырғасында әр жылдары қызмет істеген мамандардан тасқа жазылған хаттай оқылады. Тамыры тереңге бойлаған бәйтеректей, дауылда шайқалмай, аязда тоңбай сексен жылдан бері талай жандардың тағдырлары тоғысып, талай оқиғалардың куәсі болған бұл ұйымның айтары бар.

Өткен ғасырдың 90-жылдары тәй-тәй басқан тәуелсіздіктің қадамын нығайтуға жұмсалған күш зая кеткен жоқ – XXI ғасырда Қазақстан дүние жүзілік ауқымда өзін-өзі танытып, бұрынғы кеңестік республикалардың ішіндегі экономикасы мен мәдениеті әлемдік қызығушылық тудырып отырған санаулы мемлекеттердің алдыңғы қатарынан орын алып отыр. Бұл орайда жобалау-құрылыс кешеніне қатысушылардың үлкен рөлін атап өткен жөн. Солардың ішінде осы салада заман талабының үдесінен шығып, еліміздің құрылыс индустриясын дамытуда ерекше, бірегей идеяларымен, шынайы жетістіктерімен көзге түсіп, келешекке сындарлы жол салған алдыңғы қатарлы кәсіпорын «KAZGOR» жобалау академиясы бар.

«Батар күннің атар таңы бар» деген. Бір қиыншылықты бір жетістік жеңеді. Бүгінде беделі мен абыройы елі ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде де танылып жүрген KAZGOR-дың қол жеткізген табыстары оңайлықпен жүзеге аса салған дүние емес. Бұған көптеген тер төгілген, талай ұйқысыз түндер мен қарбалас күндер жұмсалған.

Кеңестік бесжылдықтардың алғашқы жылдары Қазақстанда күннен-күнге артып отырған күрделі құрылысқа деген сұраныс осы аумақтағы жобалау ісін ретке келтіруді талап етті. Бұл елімізде жобалау ұйымының ашылуына жасалған тура жол еді. 1930 жылы қазанның 5-інде осы мақсатта құрылған бұл ұйым саламыздағы жетекші жобалау ұйымы ретінде басқа да талай ұжымдардың отау құруына ықпал етті. Соңында ұжым «Казгорстройпроект» мемлекеттік бас жобалау институт деп аталды, оның жұмысына Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінді.

Институттың алғашқы директоры Б.Н. Делов, бас инженері Г.А. Калиш, бас сәулетшісі Н.И. Рипинский жоғары дәрежедегі мамандар болды. Сәулетшілер А. Қапанов, Әлихан Мұхтаров, олардың қатарында мен де бармын, алғашқы қадамымызды осы «сәулетшілер ордасынан» бастадық. Бастықтар да, біз де бір-бірімізге деген өзара түсіністікпен қызмет атқардық. Алған әрбір жұмысымызды жоғары дәрежеде іске асырып отырдық.

«Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, республикалық деңгейдегі осы институттың басшылығына Әбдісағит Тәтіғұловтың келуі мекеменің бағын ашты десек қателеспейміз. 1975 жылы білгір, көреген басшы Д.А. Қонаев өзінің батагөй сөздері үлкен басқару ісіне қойылатын жоғары талаптарға мұқияттылықпен, ыждаһаттылықпен қарауға ақыл-кеңесін беріп, Әбдісағитты алдағы сара жолға бағыттаған болатын. Әбдісағит дана тәлімгердің әкелік ақжолтай тілегі мен зор сенімін кейінгі өміріне темірқазық бағдар етіп алды.

Жастық арынмен, тастүйін талабымен жұмысқа кіріскен Әбдісағиттың күні бүгінге дейін таймаған сол қарқыны институтты жоғары талап деңгейіне көтеріп-ақ жіберді. Сонау 70-жылдардың соңынан басталған ірі объектілер мен кешендердің жобаланып-тұрғызылуы елдің құрылыс индустриясының дамуына қосылған зор үлес ретінде әлі күнге дейін өз бағасын жоғалтқан жоқ, олардың ішінде АММК Мәдениет сарайы, Орталық мемлекеттік мұражай, Офицерлер үйі, Саяси ағарту үйі, «Алатау» шипажайы және т.б., сейсмикалық аудандарға арналған тұрғын үйлердің жаңа сериялары, қалалар мен кенттердің бас жоспарлары және басқа да көптеген жобалар бар.

Институт қызметкерлерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе атқарған ерен еңбектерінің арқасында бұл ұйым он жыл ішінде 12 рет аталған Тулармен марапатталып, соңғылары мәңгілік сақтауға берілді, сондай-ақ қол жеткен табыстары үшін ұжымға Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Мамандарының де еңбектері елеусіз қалған емес, көптеген марапаттар мен атақтарға иеленді, ал басшылары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және Еңбегі сіңген құрылысшы болды, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды.

Сондай мамандардың бірі – Әбекеңнің сүйеніші, оң қолы деуге де болады – «KAZGOR» жобалау академиясының бас сәулетшісі Тоқтар Ералиев деген азамат бар. Ол – өте талантты, әр жақты маман. Академиядағы көптеген жұмыстар Тоқтардың басқаруымен, оның ақыл-кеңесімен атқарылып жатыр. Ол дарынды мамандарды өзінің айналасына топтастыра біледі, сәулет өнері саласында болып жатқан жаңалықтарды әрқашанда сәтті қолданады. Бұл салада Тоқтардың ойы Әбеңнің ойымен үнемі сабақтасып жатады. Екеуі ұзақ уақыт үзеңгілес болып, табысты болса екен дейміз.

Елімізде тоқсаныншы жылдардың басында әлеуметтік және экономикалық жағдай құлдырау жағына қарай күрт өзгерді. Қайта құру, экономикада дағдарыс пен тоқырау етек алған осы жылдары көптеген жобалау ұйымдары құрдымға кетіп, ал мамандары күнбағу қамымен түрлі жұмыстарға кетті, тіпті базар жағалап кеткендері де аз болған жоқ. Осы кезде мемлекет меншігіндегі ұйымдарды акционерлеп, ғимараттар мен мүлікті жеке меншіктендіру бірден-бір дұрыс шешім болды. Бірақ заманның ағысына ілесе алмаған талай ұйым жал-жал толқындардың астында тұншыққаны көпке мәлім. Бұған қырағы көз, құрыш мінез керек еді. Тумысынан алғыр, алдын болжағыш Әбдісағит маңайын жіті бағдарлап, дер кезінде жасалған сауатты қимылдарының арқасында ұжымға тілектес маман қызметкерлермен бірігіп, ұйымды толығымен тәуелсіз етіп алды. Сонымен қатар ұжымның негізгі тобы да сақталып қалды.

Институт құлаққа жағымды әрі қазақ тіліндегі «Келешек Архитектурасының Зергерлік-Графикалық Орталығы» деген сөздердің бас әріптерінен қысқартылып алынған «KAZGOR» жобалау академиясы» деген жаңа атаумен акционерлік қоғамға айналды. Осыған дейін 15 жылдай басшылық жасап, әріптестерінің шынайы сеніміне ие болған Әбдісағиттың сол академияның президенті болып бірауыздан сайлануына шәк келтіргендер бола қоймаған шығар.

Азаматтықты, ардың тазалығын ата-ананың тәлімімен бойына сіңіріп өскен Әбдісағит ініміздің ұйымды қайта құрылымдағаннан кейінгі алдына қойған мақсаттарының бастысы және кезек күттірмейтіні – жұмыс орнын сақтап қалу еді. Ол сақтап қана қалған жоқ, жобалаушылардың шығармашылық тобын толықтыру, біліктіліктерін жетілдіру ісін де алға қойды. Жас, білімді мамандарды тарту мақсатында жоғарғы оқу орындарының түлектері ішінен дарынды студенттерді қосымша оқыту ісіне де көңіл бөлді. Сонымен қатар мамандарды іріктеп таңдауда да талапшыл Әбдісағит ұйымның шығармашылық өрісін кеңейтуді көздеді. Менің сәулетшілік жолға түсуіме бірден-бір септігін тигізген халқымыздың тұңғыш сәулетшісі Төлеу Бәсенов ұлттық кадрларды қалыптастыру мақсатын ту еткен азамат болатын, сол кісінің ұлағатын алған Әбдісағит та ұлттық өнерге, соның ішінде ғасырлар бойына қалыптасқан өзіндік дәстүрге жаны ашитын, оны бүгінгі заман талабына лайықтап жетілдіретін мамандарды жинай білді.

Сәулетші-жобалаушылардың құралы қалам мен сызғыштан шыққан өрнектер мен сызықтар иірімдері ғажайып үйлесім тауып, талайды таңдай қақтыратын туындыларды өмірге алып келді. Дегенмен ұршықтай зырлаған мынау дүниенің ағымына ілеспесең, алды-артыңды орап кететіндердің шаңында қаласың. Өмір талабын алыстан аңдайтын Әбдісағит жобаларға тапсырыстар сирей бастағанда-ақ жұмыс процестерін компьютерлеуді қолға алды. Бұл жобалау барысындағы қол жұмыстарын автоматтандырып, сапалық көрсеткіштерді жақсартуға, сонымен бірге компания жұмысын одан әрі жақсартуға күш жұмылдыратын жаңа орталықтардың ашылуына мүмкіндік берді. Баспа орталығын ашып, ондағы шағын полиграфиялық «Басбақан» базасы бірнеше жылдар бойы сәулет, қалақұрылысы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды шығару және тарату міндеттерін орындап келеді.

Жаңа нарық заманының бағамын дер кезінде байқағандар оны өз мүдделеріне пайдалана білді. Аталмыш академия да бұрын зерттелмеген тың бағыт – баға белгілеу жұмысын қолға алды. Кеңес үкіметінің билігі кезінде болмаған үрдіс еді. Сондықтан еліміз үшін аса қажет бұл саланы дамыту жұмысын аса ыждаһаттықпен орындау керек болды. Бұл жұмыстармен айналысқан «KAZGOR» жобалау академиясы көп іздену нәтижесінде диалогтық режімдегі сметалық құжаттаманың есептері жөніндегі «SANA-2001» программалық жасақтамасын құрды. Бұл процесс әлі де жетілдірілу үстінде.

90 жылдардың ортасына қарай еліміздің экономикасы қайтадан көтерілуінің арқасында құрылыс саласы да бірте-бірте жандана бастады. Бұнда шетелдік инвестицияның орасан көмегі болғаны даусыз. Шетелдіктердің тартылуы KAZGOR-дың жаңа тынысын ашты. Академияның жетістіктерін таныған шетел компанияларымен жұмыс істеу жаңа мүмкіндіктерге бастады. Америка, Англия, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан және т.б. елдердің жобалау компанияларымен біріккен соны жобалар жүзеге асырылды. Бұл ынтымақтастық қазір де жалғасын табуда.

Ел айнасы – оның астанасы десек қателеспеспіз. Астана қай заманда болмасын, хан-патшалардың бас қосып, ел тағдырын шешетін ордасы болған. Ел-елден жиналған түрлі халық өкілдері астананың келбетіне қарап, бүкіл мемлекеттің әлеуметтік жағдайын екшелеп отырған. Бұл талаптан қазақ елі де, оның Ақ ордалы астанасы да тыс қалмақ емес. Жаңадан бой көтерген бас қаланы көркейтуге, оның ұлттық әрі заманауи бейнесін көрсетуге лайықты бас жоспарын жасауға халықаралық конкурс жарияланып, оған көптеген елдердің белгілі компаниялары қатысты. Шетелдік сәулет саңылақтарын қатыстыра отырып, көрнекті қазылар алқасы сайланды, оның төрағасы ретінде Әбдісағит Тәтіғұловты ұсынды. Ел қамын ойлаған азамат қазылар алқасына төрағалық еткені де конкурстың әділ әрі табысты болуына кепіл болды ғой деп ойлаймын. Осы конкурста аса лайықты жобалар таңдалып, ел Президенті қазылар алқасына алғысын білдірді.

KAZGOR-дің Астана қаласының сәулеттік өміріндегі қатысы бұл ғана емес. Қаланың күннен-күнге көз жауын алып, құлпырып келе жатқан көрінісін өз бедерімен айшықтау үшін жасалған академияның ірі жобалары да бар, олардың ішінде қаланың жаңа орталығындағы «Нұрсая», «Триумфальный» тұрғын кешендері. «Көпфункционалды орталық», «2500 орындық киноконцерт залы» және басқа жобаларды атасақ та жеткілікті.

Ал Алматының жаңа келбетін ажарландыра түскен кейінгі жылдары жасалған жобалары қандай! Қазір құрылысы қарқынмен жүріп жатқан «Нұрлы тау» көпфункционалды орталығы тұтас бір ірі тұрғын массиві ретінде қаланың көркіне жымдаса үйлесім табарына сенімдіміз. Осы кешенінің жобасы 2001-2003 жылдар бойынша Республикалық конкурста Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының Гран-приі мен Алтын медалін және Тбилисиде өткен XI Халықаралық конкурста Сәулетшілер одақтарының Халықаралық қауымдастығының Гран-приі мен Алтын медалін иеленді.

Алатау кентіндегі Ақпараттық технологиялар паркі де өзінің бірегей келбетімен, заман талабына сай мақсат-маңызымен ерекше. Бұл – елімізді ақпараттық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктермен қамтамасыз етуге, осы салада озық тұрған әлемдік деңгейдегі компаниялармен таныстыруға бағытталған ірі қадамдарды жүзеге асыруға дем беретін бірегей жобалардың бірі. Бұл жоба да үздік сәулет шығармаларының Республикалық конкурсында Сәулетшілер одағының Алтын медаліне, сондай-ақ XII Халықаралық конкурс-байқауда Сәулетшілер одақтарының Халықаралық қауымдастығының «Ерекше сәулеттік шешім үшін» дипломына ие болды.

Академияның тағы бір маңызды бағыты – құрылыс саласындағы нормативтік құжаттарды әзірлеуге қатысуы. Осы орайда еліміздегі нормалық жұмыстарды халықаралық талаптарға сай етіп ұйымдастыруда шетелдік әріптестерімен бірге жұмыстар атқарылып жатыр. Осы құжаттар жөнінде уақытылы ақпарат беріп отыратын «Экспресс-информ» деп аталатын журналдары да бар.

Нормативтік құжаттарды әзірлеу барысында қазіргі талап бойынша оның мемлекеттік тілде дайындалуы техника саласындағы терминологияны жасау, одан әрі жетілдіру ісін тудырды. Осындай сындарлы сағаттарда елдің жүгін көтерер ерлердің болғаны қуантады. Әбдісағит Тәтіғұловтың туған халқына, оның дәстүрі мен тіліне деген жанашырлығы көпке мәлім, оның үстіне тілдің барлық салада заң бойынша реттелетін бұндай қолданысы біраз ізденістерді талап етеді. Осылардың барлығын жүйелеп, техника тілінің қазақшалануына өзі бас-көз болған Әбдісағиттың басшылығымен академияда бірнеше орысша-қазақша сөздік, жоғарғы оқу орындарының студенттері мен мамандарына арналған оқу құралдары шығарылды. Қазақ тілінде шыққан көптомдық «Архитектура мен жобалау негіздері», соның ішінде «Дүние жүзілік сәулет өнері», «Қазақстан сәулет өнері», «Сәулеттік жобалау», «Ғимараттардың құрылымдары» кітаптары – ауыз толтырып айтарлықтай еңбектер. Бұл кітаптардың ресми түрде алған бағасы да оның мазмұнына, қолдану қажеттілігіне сай – алғашқы екі томы сәулет өнері туралы үздік кітап ретінде Сәулетшілер одақтарының Халықаралық қауымдастығының I дәрежелі дипломын иеленді.

Әбдісағиттың бойындағы кез келген адам ерекше тұшынып айтар бір қасиеті – келешек ұрпақ қамын аға буынның ізгі істерімен сабақтастырып отыратындығы. Өмірден озған сәулетшілер, ғалымдар мен бұрынғы қызметтестері туралы естеліктерді сақтау, әруақтарына тағзым етіп, олардың айтулы күндерін естен шығармай атап жүруі көңілінің асқақтығы, жанының мәрттігі деп білемін. Т.Қ. Бәсенов пен Н.И. Рипинский,                 М.М. Меңдіқұлов пен Ю.Г. Ратушный, тағы да басқа белгілі тұлғаларды есте сақтау мақсатында ұйымдастырылатын конференциялар мен кездесулер, жазылған естеліктері мен кітаптары оның өзіне ұстаз немесе бауыр санайтын ел ағаларына, дос көңілді азаматтарға құрметі ғана емес, әлі де талай ұрпаққа жол сілтер өнеге болары хақ.

Әбдісағит Шаймұханбетұлының сәулетшілер Н.И. Рипинский, А.Қ. Қапанов, Ю.Г. Ратушный, Қ. Монтахаев, Т. Ералиев туралы жазғандарын еске алсақ, Әбекеңді инженер-энциклопедист деуге бола еді. Бұл жерде біз ол кісінің сәулет өнері саласындағы төл, көреген көз мақалаларын айтып отырмыз. Мұның өзі бір сала, кең көлемді зерттеулер.

Ұжымның осы жылдар ішінде алған атақ-дәрежелерін санап айту менің мақаламды әлі бірнеше бетке ұзартары анық. Өнер жұлдызының бағасы оның көрерменінің не тыңдарманының ықыласынан көрінеді. KAZGOR-дың да ең үлкен жетістігі – әріптестері, тұтынушылары арасындағы талай жылдардан бергі адал қарым-қатынасы, бірігіп атқарып келе жатқан жемісті қызметі. Халықаралық деңгейде, өзіміздің елімізде алып жатқан марапат-сыйлықтары – осы ақ адал, тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Биылғы 2010 жылдың қорытындысы бойынша да үздік құрылыс және жобалау ұйымына, құрылыс материалдары мен құрылыс индустриясы кәсіпорнына жарияланған V Халықаралык конкурстың жеңімпазы атанды. Ал республиканың ең беделді наградасы Қазақстан Республикасы Президенті «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығы – «KAZGOR» ұжымының жасампаз еңбегінің жоғары бағасы.

KAZGOR шығармашылық даму мен тұтастай жоба-құрылыс кешенін жетілдіру бағытын ұстап келеді. Оның ұстанымы мен міндеті – қазіргі заманның сынынан мүдірмей өту үшін әрқашан өсіп отыру, барлық кезде прогрестің алдыңғы шебінде болу.

Бүгінде «KAZGOR» жобалау академиясы – құрылыс саласының жетекшісі, тұрғын-азаматтық құрылыстағы жобалау ісінің көшбасшысы, ірі кешенді жобалау компаниясы. Академия көптеген жобалаушылар буындарының оң дәстүрлерін жалғастырып келеді, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға атсалыса отырып, тұрғын үй бағдарламасын, қалалар мен кенттерді одан әрі дамыту және басқа міндеттерді іске асыруда барлық шығармашылық күшін жұмсауда, еліміздің болашағын гүлдендіруді мақсат етіп келеді.

Мен сөзімді Әбекеңе арнаған өлеңіммен бітіргім келіп отыр:

 

Әбеке, сендей адам дүниеде аз,

Кейбіреу бостан-босқа жүргенге мәз.

Маңдай терді ел үшін көп ағыздың,

Досыңа ашық құшағың, көңілің жаз.

 

Жетпістесің, ол деген біраз жас қой,

Аман бол, жетпісіңе жалғассын той!

Талай үздік арманың іске ассын,

Дос тілені, міне, осы, сен біліп қой.

 

Ұйымыңды баста асу биіктерге,

Басшы бол қолы шебер қас ерлерге,

Құрылыстарға кіргізіп сан жаңалық,

Жердің жүзі таң қалсын КАЗГОРіңе!

Шот-Аман Уәлихан

 

1230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз