Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

Ислам банкингінің келешегі

Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде жуырда белгілі экономист-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразалы Баймұратовтың туғанына 75 жыл толуына арналаған «Қазіргі әлемдегі өркениеттік өзгерістер жағдайындағы әлеуметтік экономика: парадигмалар мен даму бағыты» атты халықаралық ғыллыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияның «Ислам экономикалық үлгісі» атты секциялық мәжілісінде жасалған ғылыми баяндаманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бүгінде әлем елдерін ипотекалық несиеден бастау алған қаржы дағдарысы созылмалы экономикалық тығырыққа тірегені жапатармағай жазылып, дуалы ауыздар тарапынан талданып жатыр. Шынтуайтына келгенде, бұл дағдарыстың негізгі себебі экономикада жатқан жоқ, оның түп-төркіні соңғы бес-алты ғасырда әлем өркениетінің даму бағытын айқындап келген еуроцентристік көзқарастың дүниетаным ретінде өзін-өзі жоққа шығаруында.

Ғылыми-техникалық ілгерілеу дәуірі адамзатқа орасан зор жетістіктер, сондай-ақ орыны толмас зардаптар «сыйлаған» жиырмасыншы ғасырдың белді ойшылдары заттай игіліктердің молаюы арқасында  Батыс жарты шарындағы  қалың көпшіліктің дүние-мүлік соңына шам алып түсуін сынап, мұның арты жақсылыққа апармайтынын атап өткен болатын. Шағын ғана шаруасы бар орта тап өкілдерінің тұтынушылық дүрмегіне еруіне батыстың экономика ілімі, соның ішінде «сауда қозғалтқышы» саналған маркетинг сияқты білім саласы себепкер болды, деп санауға да негіз бар. Несиеге өмір сүруге дағдыланған дамыған елдер тұрғындары банктер мен өзге де қаржы мекемелерінің өркендеуіне жол ашты. Өсімқорлық капиталы арқасында олар «ақшадан-ақша» жасады, ал материалдық игіліктермен қамсыздандырылмаған сабан ақша сабын көпіршігі  сияқты қампия келіп, енді-енді жарылуға шақ тұрған жағдайы бар. Осы ахуалға ой жүгірткен ғалымдар мен талдамашылар алдағы бес-алты жылда әлемдегі экономикалық саясат түбегейлі өзгеріп, жаңа қаржы жүйесі өмірге келетіні туралы тұжырым жасауда. Ол қандай жүйе?

Қазіргі халықаралық шаруашылық байланыстарға пайыздық көрсеткіштерге сүйенетін несие-қаражат жүйесі негіз қалаған. Бұл туралы жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда «өсімқорлар, сауда үйлері мен сауда агенттері жүргізген ақша операцияларының барлығы банктердің пайда болуына себепкер болды», делінеді. Нақты айтсақ, бұл банктер-өсімқорлыққа құрылған бүгінгі Еуропа банктері. Сан ғасыр айдарынан жел ескен осы Еуропа банктерінің басынан бағы тая бастағанын көрген, бұған дейін еуропалық экономикалық жүйеден, батыстық банк ісінен өзгені біле бермеген «кәрі құрылық» пен посткеңестік елдер жұртшылығының назары рухани құндылықтарға арқа сүйейтін «исламдық экономикалық көзқарасқа» ауа бастады. Адамзаттың келешек дамуын ислам экономикалық және рухани құндылықтар жүйесі негіз қалайтыны ашық айтыла бастады.

Тарихи анықтама

Адам баласы ықылым дәуірлерден бері қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған, байы мен кедейі тең болатын, мейірім шуағына бөленген заманда өмір сүруді аңсаған, өңінде қол жетпегенге қиял құсын самғатқан. Әріге бармай-ақ, қазақтың Жиделі Байсын жөніндегі көне аңызының өзі неге тұрады. Оны былай қойғанда, күні кешегі коммунизмнің өзі бүгінде аңызға айналды емес пе?!

Иә, бұл әңгімеге тағы бір айналып соғармыз, сонымен қысқа қайырғанда  адамзат тарихын Әділдік пен Ақиқат жолындағы күрес тарихы деп сипаттауға болады. Ғаделетті саяси және экономикалық жүйе құру жөніндегі ғылыми ізденістер, әлеуметтік талпыныстар әлі де жалғасып келеді. Бұл орайда өркениет пен қоғамдық ойдың Христиан дініне негізделетін Батыс, Конфуций ілімін ұстанатын Қиыр Шығыс және Ислам дүниесі сияқты әлемдік үш бағыты белгілі. Жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлеуге үндейтін бұл ілімдер саясат пен экономика, қоғамдық құндылықтар мәселелеріне келгенде өзіндік бағдар ұстанатыны рас. Бұл жөнінде жиырмасыншы ғасыр басында әлеуметтанушы М.Вебер  «Протестанттық еңбек этикасы», осы ғасыр соңында мәдениеттанушы С.Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» атты аса құнды еңбектерінде жан-жақты сөз еткен болатын.

Бұдан сәл бұрын Мәскеудегі Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінде Маржани қорының қолдауымен «Ислам әлемі: тарих, қоғам, мәдениет» атты ғылыми конференция болып өтті. Экономика мәселелерін сөз ете келе, конференцияға қатысушылар «дәстүрлі, батыстық қаржы жүйесі экономиканы қиратуға жұмыс істесе, ислам экономикасы өндірісті өркендетуге бағытталатыны» жөніндегі тұжырымға келіп, бұл екі жүйенің айырмашылығы жер мен көктей екендігін атап көрсетті. Осы орайда «ислам экономикасы» түсінігі жалпылама сипатта екендігін, ғылыми тұрғыдан алғанда «ислам экономикалық моделі» болмаса «ислам экономикасы тұғырнамасы» ұғымы терминологиялық тұрғыдан нақтылығын айта кеткеніміз жөн. Алайда, оқырман көпшілікке сіңісті болып кеткендіктен, біз бұдан әрі осы ислам экономикасы, мәдениеті, т.б. түсініктерді қолданатын боламыз.

Жалпы, қандай да болмасын әлеуметтік-экономикалық, саяси идеяның өмірге еніп, жүзеге асуы үшін белгілі бір обьективті алғышарттар қажет. Ислам экономикасы орнығуы үшін өзіндік қоғамдық, әлеуметтік орта керек. Бұл мәселені көтермес бұрын адамзат тарихындағы  экономикалық жүйелерге қысқаша тоқтала кетейік. Қарапайым түсінікке сәйкес экономикалық жүйенің үш түрі бар. Оның біріншісі данышпан Абай жазғандай «не болса соны киіп, не табылса соны ішіп-жеп жүрген бір тұрпайы» жұрттарға тән. Бұларда мүлік атаулы әлі де ортақ, қоғамдық болмаса жекеменшік болып бөлініске түспеген, құқықтың орнына «білек күші» жүрген. Ал, экономикалық жүйенің екіншісі жеке кісінің емес, жамиғаттың қажетін қанағаттандыруға бағытталады, мұндай жүйе орнаған қоғамды миллетшіл, әлеуметшіл  қоғам десек те болады. Үшінші экономикалық жүйеде «өзі болған» кісілердің дегені жүріп, бұлар өзге жұрт алдында қандай да бір жауапкершіліктен тыс болады, заң солардың сойылын соғады (жеке меншікке қол сұғуға болмайды!). Осы үш жүйенің ішінде ислам құндылықтарына қазіргі таңда әлем, соның ішінде Қазақстан экономистері тарапынан да «адамгершілікті» деген теңеуге ие болған екінші жүйе анағұрлым сәйкес келетінін атап өткен жөн. 

Осы аталған экономикалық жүйелердің қай-қайсысысында да Адами тіршіліктің әлеуметтік құрылымдар арасындағы қарым-қарым-қатынастарда қалыптасатын өзіндік тұжырымдамасы бар. Ислам саяси экономиясының өкілдері ХІ-ХІҮ ғасырларда өмір сүрген белгілі мұсылман ғалымдары әл-Ғазалиді, ибн Халдунды, ибн Таймийа мен ибн Қайймді осы тұжырымдамаларды түйіндеушілер, ислам экономикалық ғылымының негізін салушылар деп атайды. Исламның саяси, экономикалық немесе әлеуметтік ойын алатын болсақ, оның түп қазығы жаратушы Аллаһтың ұлылығына саяды, яғни пәни дүниедегі шынайы Иелік, қазіргі тілмен сөйлесек-толық Тәуелсіздік пен Егемендік, ақиқат Билік тек қана Аллаһқа ғана тән, тек қана соның қолында. Бүгіндері буына нан піскен кейбір пенденің қисапсыз мүлік пен малға, байлық пен билікке қол жеткізген соң жамиғаттың мұң-мұқтажы мен қоғамдық пікірге қырын қарап, өзін қолы қысқа әлеуметке қарсы қоюы өзімшілдік идеологияның үстемдік құра бастағанын көрсетсе керек. Қарапайым ұғымға жүгінсек, «кедей байға, бай-Құдайға ұмтылып жатқан» заман. Мұның бәрі білместіктен, байлық пен биліктің буы сананы тұмшалағандықтан туындап отырған іс.

Мәселен,    жауапты міндет жүктеліп, лауазымға қол жеткізген басшы қызметкер өзіне сенім жүктеген мекеме алдында іс-әрекеті мен жұмыс барысы жайлы есеп беріп отырады. Сондай-ақ кім-кімге де  арнайы мақсат үшін белгілі бір сомалы ақша қаражаты бөлінсе, ол оны талан–таражға салуға  болмаса әуелгі мақсатттан тыс нәрселерге жұмсауға тиіс емес,  оған ондай құқық та берілмеген. Алайда, іс-әрекеті мен мінез-құлық тәртібі жоғарыдағыдай жағдайлармен шектелмеген, билігі мен дүние-мүлкі өзіне  жеткілікті кісі өзі қалай ұйғарса-солай қарекет қылуға   болмаса көңілінің көк дөнені қайда бұрылса, солай қарай шаба жөнелуге ерікті: бұл адам өзінің жеке меншігіне жататын дүние-мүлігі мен қаражатын жұмсауға мейілінше қақылы: ол оны шық бермес Шығайбай сияқты сырт көзден таса қылып, жасыруы, болмаса малы мен ақшасын оңды–солды жұмсап, ішіп-жеп, төгіп-шашып, жалғанды бір шайқауы, немесе қадірін білмей, желге ұшыруы ықтимал, ешкімнің де оған «әй, оның не?» -деп айтуға қақысы жоқ. Бірақ, ынсапқа шақыру ақирет қамын ойлаған кім-кімнің де борышы.

Жоғарыда келтірілген Құран сөзіне сәйкес адамға берілетін билік пен дәулет, бақ пен тақты былай қойғанда, жер бетіндегі барлық мемлекеттер мен империялар, әмірліктер мен сұлтандықтар, патшалықтар, кісі өмірі мен хайуанат тіршілігі жоғарыдан көрсетілген СЕНІМНІҢ көрінісі ғана. Сондықтан  ешкім де билік пен байлық мәңгі иесімін демеуі керек, қолына тиген құзіретті асыра пайдаланбауы, «қазан ашық тұр» деп, ел игілігіне, ұрпақтар несібесіне қол сұқпауы қажет, себебі  жер мен көктің жалғыз иесі-Аллаһ Тағала, өзгелер, мейлі ол патша, президент, әмір, бай-бағлан, миллиардер болсын, өздеріндегі барға иелік етуге СЕНІМ білдірілген, Аллаһ алдында өзінің іс-әрекеті үшін, өздеріне жүктелген СЕНІМДІ ақтағаны-ақтамағаны үшін жауапты болатын пенделер.

Экономиканың негізгі ұғымдарының бірі-адам өміріне, өндіріске қажетті ресурстар түсінігі. Жер бетіндегі ресурстар-топырақ пен су, қазба байлықтар, өндіріс құралдары шектеулі, бұларға бүгін де, бұрын да күштінің ғана қолы жеткен. Қолы жеткендер өзгелерді тәуелділікте, бағынышта ұстауға ұмтылған. Ал, шын мәнінде табиғи ресурстар адамзатқа ортақ болуға тиіс, олардың түпкілікті иесі-бір ғана Аллаһ Тағала. Қасиетті Құранда бұл жөнінде былай делінген: «Көктер мен Жердің иелігі Аллаға тән. Алла (Т.) - ның әр нәрсеге толық күші жетеді» (3:189).

Өзендер мен көлдер, заңғар таулар мен сайын далалар, жер қойнауындағы минералдық ресурстар және адамға қызмет ететін ауа мен күн сәулесі сияқты табиғат күштері бүкіл адамзат игілігі үшін жаратылған. Қандай да болмасын нәсіл немесе тайпаның, немесе жекелеген кісінің оларға басыбайлы иелік етуге қақысы жоқ. Шахталар мен кеніштер, мұнай ұңғылары, өзен-көлдер, теңіздер, қызыл қырман беретін орасан байлық бүкіл адамзаттың ортақ игілігі болуға тиісті. Оларға толық Иелік тек Аллаһ Тағалаға ғана тән болғандықтан, ешкім де бұл байлықты Аллаһ сеніп тапсырған қақылар мен шектеулерден асыра пайдалануға ерікті емес.

Қасиетті Құраннан жеке адамға тиесілі меншік құқығы жөніндегі осынау экономикалық қағидатты сонау ықылым заманнан бері Пайғамбарлардың қай-қайсысы да өз уақытында ақиқат ретінде тұжырымдап кеткен. Хазрет Шұғайып турасында қасиетті Құраннан мынаны оқып–білдік: ғұлама өз халқын кісі ақысын жемеуге шақырғанда, байлықты әділетсіз жолмен жинауы мен ысыраппен төгіп-шашуына қарсы болғанда, ел-жұрты оған мынадай дау айтыпты:

«Олар: «Әй, Шұғайып! Біздің аталарымыздың табынғанын тастауымызды немесе малдарымызды қалауымызша істетуден тиылуымызды саған намазың әмір ете ме? Тіпті сен өте жұмсақ, аса есті көрінесің» деді» (11:87).          

Осынау қасиетті үзіндіде меншік құқығы мен береке-байлықты тұтынуға қатысты қос көзқарастың мәңгілік қақтығысы көрініс тауып отыр: мұның біріншісі бойынша бүкіл байлық пен бақ-дәулет, игілік және осылардан туындайтын сән-салтанат пен күш-қуат пенделерге Аллаһ Тағала тарапынан сенімге берілген, сондықтан да өз кезегінде белгілі бір жауапкершілік жүктейді; екінші көзқарас бойынша жеке адамға меншікті иеленуге шексіз билік беріліп, ешқандай адамгершілік шарт қойылмайды. Ислам көзқарасы байлыққа қол жеткізудің һарам жолдарын мансұқтап, бұл орайда кісіге белгілі бір міндет артады, игіліктің заңды түрде жиналуына ден қояды. Ал, өзге, жеке бастың қамын ойлайтын индивидуалистік көзқарас адамның береке-дәулетті қандай жолмен болса да (арам ба, адал ма, бәрібір) табуын қолдайтын дүниеқоңыздық және менменшілдік пиғылға жел береді, бұл түптің түбінде пайдакүнем шенеунік болмаса кәсіпкер нұқсан келтіретін өзге момын жандардың мүдделерінің елеусіз қалуына әкеліп соғады.    

Бұл жөнінде Қасиетті Құранда былай делінген: «Әй, мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді» (4-29). Жуырда баспасөзден мынадай оқиғалардың куәсі болдым. Ливандық босқын еліне оралады. Оның азын-аулақ жиған-тергені қираған ошағын қалпына келтіріп, пайдалы кәсіппен айналысуына жетпейтіні түсінікті ғой. Және несие алу үшін аманат ретінде ұсына қоярлықтай мүлкі де жоқ, бірақ сол мүлікпен салыстырғанда анағұрлым бағалы бір қасиеті бар-ол адал да еңбекқор, құдай деген адам екендігі. Банкирмен ұзақ әңгімелескеннен кейін және жергілікті мешіт имамының кепілдігін алған соң бұрынғы босқын қарызға берілген  ақшаға жүк машинасын сатып алып, жеміс-жидек, көкөніс тасумен айналыса бастаған.

Малайзиялық ірі коммерсант жуырда болған экономикалық дағдарыс пен валютаның күйреуі салдарынан үлкен шығынға ұшыраған, алайда оның сыртқы сауда мәмілелелерін қаржыландырған банк бұл жерде клиенттің кінәсі жоқ екендігін ескеріп, оның шығындарын өз мойнына алған. Ал, банк салымшылары осындай қиын, дағдарысты ахуалда салған қаражаттан пайда көрмейтіндіктеріне көніп, келісімдерін берген.

Дамыған Батыс елдерінде мұндай ахуал үш ойласаң да түсіңе кірмес еді.  Жолы болмаған коммерсантқа несие берген банк оны Шәкәрім қажы айтқандай «банкрот қылып күйретіп», жермен-жексен етер еді немесе бұрынғы несие пайыздарын жабу үшін жаңадан үмітсіз несие ұсынар еді. Аманат мүлігі жоқ жарлы-жақыбай қарыз ақшаның жанынан да жүре алмас еді. Мәселен, Италия сияқты дамыған елдің өзінде банк несиесіне қол жетпейтіндігіне байланысты ондаған мың шағын кәсіпкерлер қарақшылық пайызбен қарыз ақша алу үшін мафиямен сыбайлас өсімқорларға жүгінуге мәжбүр болуда.

Осы орайда Ислам экономикалық ойы мен тәжірибесі заман талабына сай дамып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында қазіргі ислам экономикалық жүйесі қалыптасты деуге болады. Бұл жүйеде өсімқорлыққа тиым салынып, мұрагерлік шариат бойынша айқындалады және зекет тұрақты төленіп отырады.  Осы кезеңде мұсылман әлемінде қазіргі заманғы ислам экономикасы институттары пайда бола бастады: 1963 жылы Мысырдағы ан-Нагар елді мекенінде пайызсыз несие негізінде жұмыс істейтін «Мит Гамр Бэнк» атты тұңғыш ислам банкі құрылды; сол жылы Малайзияда шариат талаптарына сәйкес қажылық парызды орындауға қаражат жинауға көмектесетін «Мұсылман зияратшыларының жинақ корпорациясы» дүниеге келді, 1965 жылы Карачиде (Пакистан) «Кооперативтік инвестициялық және қаржылық корпорацияның» негізі қаланды. Жетпісінші жылдардың орта тұсында ислам экономикалық моделін қалыптастыру жөніндегі іс-әрекеттер жаңа серпін алып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1975 жылы Біріккен Араб эмираттарында «Дубай исламик бэнк» өз жұмысын бастап, сол жылы Ислам конференциясы ұйымы ауқымында әлемдегі мұсылман қауымдастықтарының экономикалық және әлеуметтік дамуын үйлестіріп отыратын халықаралық қаржы ұйымы - Ислам даму банкі құрылды, 1979 жылы Суданда әлемдегі тұңғыш ислам сақтандыру компаниясы пайда болды.  Пакистанда зекет және үшір сияқты салықтарды жинау және бөліске салу тәртібін реттейтін заң қабылданды. Осы кезеңде ислам көзқарасы тұрғысынан алғандағы экономикалық қатынастардың жалпы қағидаттарына ғана емес, сондай-ақ ислам экономикасының жекелеген институттарына, экономиканы исламдандыру жөніндегі мемлекеттік саясатқа қатысты зерттеулер жүргізіліп, еңбектер жарық көрді. Кейіннен зерттеу аясы мұсылман елдері шеңберінен шығып, қомақты мұсылман жамиғаты тұратын беймұсылман елдерге де ауыса бастады. Кейінгі ғылыми талпыныстар ислам экономикасы институттарына мұсылман еместерді қатысушылар ретінде тартудың теориялық негізін қалауға бағытталуда.

Осы орайда ислам экономикасы қандай экономика деген орынды сауал туындайды. Бұған жауап жоғарыда сөз болған Мәскеудегі конференцияда берілген–тін, соны қайталап өтсек - «батыстық қаржы жүйесі экономиканы қиратуға жұмыс істесе, ислам экономикасы өндірісті өркендетуге бағытталады».  Бүгінде отандық, сондай-ақ шетелдік ғылыми қауымдастық  ислам қоғамы мен экономикасы адамгершілікке негізделетіні жөніндегі тұжырымға ден қоя бастады. Өткені, бұл жүйенің басты мақсаты пайда табу емес, қоғамның және жеке адамның қажетін өтеу, соған қызмет ету.

Қазіргі ахуал

Қаржы майданынан тынымсыз түсіп жатқан ақпаратқа көз салсақ, дағдарыстың арты банк саласындағы өтімділік зәрулігіне апарып соққанын, мұның өзі банкаралық кредиттеу нарығындағы мөлшерлемелерді күрт өсіргенін көреміз. Оның үстіне қаржы ұйымдары бұдан бұрын төменгі мөлшерлеме кезінде кредитті үсті-үстіне алған компанияларға ақша беруді доғарған, осының салдарынан компаниялар инвестициялық бағдарламаларын қысқартып, жалақы мөлшерін кемітіп, басы артық қызметкерлерін босатып жатыр. The Financial Times  газеті соңғы айларда әлемнің орталық банктері қаржы дағдарысына төтеп беру үшін базалық мөлшерлемелерді  кеміткенін тілге тиек еткен   Германия канцлері Ангела Меркер мұның өзі шамамен бес жылдың о жақ-бұ жағында қайтадан дағдарысқа әкелуі мүмкін екендігіне  назар аударды, деп жазады. Еуропалық экономикалық жүйе созылмалы дертке ұшырағандығына осы пікір дәлел бола алады.

Қолдарыңыздағы «Ислам және өркениет» газетінің 2008 жылғы ақпандағы №6 (114) санындағы «Ислам экономикасының негізі-адамгершілік» атты мақаламызда «батыстық қаржы жүйесі экономиканы қиратуға жұмыс істесе, ислам экономикасы өндірісті өркендетуге бағытталады», деп жазған едік. Ислам қаржы жүйесінің қазіргі еуроцентристік басым экономикалық модельден негізгі айырмашылығы-қарыз пайызының болмауында. Өткені, бұл жүйенің басты мақсаты пайда табу емес, қоғамның және жеке адамның қажетін өтеу, соған қызмет ету. Осы тұжырымның ақиқаттығына  әлемдегі, сондай-ақ ТМД елдері мен Қазақстандағы соңғы экономикалық оқиғалар куә болып отыр. Ғаламатордан алынған қысқа хабардағы мынадай жолдар да сөзімізді қуаттай түседі. Үзіндіні толықтай келтіре кетелік. «Қазақстандық банкирлердің несие дағдарысынан кейінгі бір жылды сараптауға арналған басқосуында әлемдік қаржы дағдарысы ислам банктерінің өтімділігіне еш әсер етпегені белгілі болды. Мұсылман елдеріндегі қаржы жүйесін зерттеген бірнеше қазақ банктері биылғы жылдың аяғына қарай шариғат жолымен жалпы жұртқа қызмет көрсетуді бастамақ. 2008 жылғы мамыр айында Мысырда өткен Халықаралық экономикалық форумда Елбасымыз бірлескен исламдық қаржыландыру банкін құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Нәтижесінде «Қазына» тұрақты даму қоры мен Qatar Islamic Bank бірлесіп бастапқы капиталы 100 миллион АҚШ доллары болатын Ислам банкін ашу жөнінде уағдаласқан. Оның құрылтайшылары қатарына Qatar Islamic Bank пен қазақстандық операторлардың қоры «Kazyna Capital Management» кіреді.

Бұдан бөлек ТұранӘлемБанкі (БТА) де араб елдері банктерімен ынтымақтастығын нығайтуда. Банкирлер мұсылман елдеріндегі банктері бірінші кезекте ислам діні кең таралған өлкеде жұмыс істегенді қалайтынын жасырмайды. БТА банкінің басқарма мүшесі Георгий Иосифьян: «Халықтың көп бөлігі мұсылман болып табылатын елде, ислам жолымен ақша айналдырудың қаншалықты маңызды да қажет екенін жақсы түсінеміз. Қазақстанда тұратын миллионнан аса мұсылмандар өз қаржыларын шариғатқа сай жұмсағысы келетіндіктен, оларға ислам қаржы өнімдерін ұсынғалы отырмыз. Қазақстандағы Ислам банкінің болашағы зор», – деп санайды.

Ислам банктерінің қызметі шариғат қағидаларына негізделетіндіктен, Қазақстанда салық кодексі мен бірнеше заңнамалық актілерге арнайы өзгерістер енгізіліп жатыр. «Үкімет қазіргі кезде заңнамаларға елімізде  шариғат қағидаларына сүйенетін банктердің қызмет етуіне және дамуына мүмкіндік беретін тиісті  толықтырулар енгізуде», – деп атап өтеді «Қазына» Акционерлік қоғамының  басқарма төрағасы Арман Дунаев.- «Қабылданған заңнамалық өзгерістер өмірге тезірек енетін болса,  мұсылман жұртшылығының шариғат заңдылықтарына сай негізде пәтер алып, бизнес жүргізуіне мүмкіндік тумақ. Қазірдің өзінде ислам пайлық инвестициялық қорлары Алматы аймақтық қаржы орталығында өз жұмыстарын бастауға дайын отыр». Осы үзіндінің өзі-ақ көп нәрседен хабар бермей ме?

Осы орайда Ислам экономикалық ойы мен тәжірибесі заман талабына сай дамып келе жатқанын тағы да айта кетуіміз керек. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында қазіргі ислам экономикалық жүйесі қалыптасты деуге болады. Бұл жүйеде өсімқорлыққа тиым салынып, мұрагерлік шариат бойынша айқындалады және зекет тұрақты төленіп отырады.  Осы кезеңде мұсылман әлемінде қазіргі заманғы ислам экономикасы институттары пайда бола бастады. Ислам көзқарасы тұрғысынан алғандағы экономикалық қатынастардың жалпы қағидаттарына ғана емес, сондай-ақ ислам экономикасының жекелеген институттарына, экономиканы исламдандыру жөніндегі мемлекеттік саясатқа қатысты зерттеулер жүргізіліп, бірқатар еңбектер жарық көрді. Зерттеу аясы мұсылман елдері шеңберінен шығып, қомақты мұсылман жамиғаты тұратын беймұсылман елдерге де ауыса бастады. Қазіргі ғылыми талпыныстар ислам экономикасы институттарына мұсылман емес қатысушыларды тартудың теориялық негізін қалауға бағытталуда. Тағы бір айта кететін  жәйт-әлемдегі қаржы дағдарысына байланысты пікір білдірген Нұрлан Әміреқұлов және Михаил Хазин сияқты отандық және шетелдік ғалымдар ислам экономикалық моделіне назар аударуда.

Ислам банктері әлемдік экономикалық жүйеде өзінің лайықты орынын ала бастады. Деректерге сүйенсек, Пакистан, Иран, Судан мен Малайзия сияқты мұсылман  мемлекеттерінде бұл банктер макроэкономикалық деңгейде енгізілген. Ұлыбританияда, Дания мен Филиппинда ислам банктері, тіпті ислам қаржы университеттері бар. Ислам заңдары бойынша басқарылатын қорлардың көлемі шамамен 50-100 миллиард долларды құрайды, делінеді. Ислам банктері соңғы жылдары өсім қарқынын жеделдетіп, бұл көрсеткішті жылына 15 пайызға жеткізген. Бірқатар ағылшын және американ банктері өз клиенттеріне ислам нормалары бойынша қызмет көрсететін бөлімшелер ашқан, олардың ішінде "Citibank" пен "UBS" банктері бар.

Енді көршіміз Ресейге келелік. Мәскеу қаласындағы алғашқы ислам коммерциялық банкі-«Бадр Банктің» аяқ алысы шымыр, қозғалысы ширақ. 1998 жылғы тамызда Ресей банк жүйесін жайпап өткен дағдарысқа және бұл елде исламдық қаржыландыру принциптерінің жөнге түсіп, қалыптаспағандығына қарамастан банк сұрапыл қаржы дауылына төтеп беріп, құйысқанының беріктігін, іргетасының мығымдығын көрсете алған. Бірқатар Ресей басылымдары жүргізген рейтингтерде  «Бадр Банк» «кілтипаны жоқ» санаулы банктер сапында аталады.

Іс жүзінде ислам экономикасы Шариғат нормаларын өмірге енгізетін заңдық, саяси, әлеуметтік негіз бар қоғамда қолданылып, нәтиже бере алады. Бірақ, бұл орайда мұсылман өлкелерінен тыс жерлерде жұмыс істейтін жекелеген ислам құрылымдарының рөлін кемітуге болмайды. Батыс елдерінің қазіргі заманғы нарықтық қатынастарында нық орынға ие ислам банктері, қаржы институттары, сауда кәсіпорындары мұның жарқын мысалы.

Замана желінің өтінде қалған Батыстың қаржы-несие жүйесіне балама ретінде ислам банк құралдарын қолдану идеясын мұсылманшылықтың жалпы өрлеуімен, оның жаңа тарихи жағдайларда өркен жаюымен тығыз бірлікте қарастыруымыз қажет. Еуропалық экономикалық, қаржылық жүйенің күйреуі еуропалық (христиандық) құндылықтардың күйреуіне әкеле ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бір ғана нәрсе ақиқат-әлемдік экономика мен әлеумет адамгершілік мұраттарына негізделуі тиіс. Ал, ислам жүйесінде бұған қажетті алғышарттардың барлығы да көрініс тапқан.

 Мұрагер СЕРАЛЫ

911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз