Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

«Жайықмұнайдың» озық жобасы

Чинарев - оралдық геологбарлаушылардың соңғы ашқан ірі  мұнайгаз конденсатты кен орны. Ол 1991 жылы 4300-5200 метр тереңдіктегі карбонатты түзілімнен табылған. Кен орны Ресеймен біздің облыс шекарасына таяу. Қазіргі уақытта «Жайықмұнай» компаниясы кен орнын  жасақтауға 400 млн. доллардан астам инвестиция жұмсады. Жасақтау жұмыстары келешекте ұзартуға мүмкіндігі мол 2032 жылға дейінгі жасалған жобалар бойынша жүргізілуде.

Бүгінде Чинаревте 31 ұңғыма бұрғыланған. «Жайықмұнай» ЖШС кен орнын жасақтау кезеңінде, яғни  сынамалық пайдалану шеңберінде жалпы 250 млн. доллардан астам қаржыны құрайтын  906000 тоннадан астам мұнай өндірілген. Компания соңғы жылдары үш ірі жобаны іске асырды. Оның бірі - Чинарев кен орнынан Зеленов ауданының Белес ауылында орналасқан мұнай құятын терминалға дейін ұзындығы 119 шақырым болатын мұнай құбыры. Екіншісі, кен орнында газды дайындаудың кешенді қондырғысының құрылысы. Қыркүйектің аяғына таман мұнда барлық нысанды механикалық жабдықтау жұмыстары аяқталып, америкалық құрал-жабдық өндірісшіоерімен бірге қондырғыны іске қосады. Газ дайындау және конденсатты тұрақтандырудың кешенді қондырғысы 25 млрд. доллардан астам тұрады. Оны іске қосу биылғы жылдың еншісінде. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 1,5 млрд. текше метр тазартылған газ, 750000 тонна тұрақты конденсат және 4600 тонна түйіршікті күкірт өндіруге мүмкін болады.

Ілеспе газды кәдеге асырады

Жасырын емес, еліміздің мұнайгаз өңдейтін қуаты төмен. Сондықтан өндірілген көмірсутегі өңделместен сыртқа кетіп жатыр. Конденсатпен бірге шығатын ілеспе газ ауада алау болып жағылып, ауаны, экологияны бүлдіруде. Оны мұнайхимиясы шикізаты ретінде өңдеу әлі күнге жолға қойылмай келеді. Бұл олқылықтың орны көп ұзамай толығар деген үміт бар. Қазір «Жайықмұнай» ЖШС Чинарев кен орнында газ дайындаудың кешенді қондырғысын, тазартылған және сұйытылған газды, конденсатты өндіруге және ілеспе газды залалсыздандыруға бағытталған. Ілеспе газды және шикізатты өңдеу америкалық «Экстрон» компаниясының технологиясы бойынша жүргізілмек. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 1,5 млрд. текше метр тазартылған газ, 140 мың тонна сұйытылған газ, 750 мың тонна конденсат өндірілетін болады. Ал екінші кезеңде өндірілетін өнім көлемі екі еселенбек. Аталмыш жобаның іске асуы экспортқа шығарылатын өнім көлемін көбейтеді, сондай-ақ аймақтың экологиясына зияны тиіп отырған і леспе газды жағу мәселесін шешеді. Конденсатты өндіру барысында ілесе шығатын газды ауада алау қылып жағудан арыламыз.  Қазір қала іргесінде салынып жатырған газтурбиналы қуат стансасына бес жыл бойы отындық газды тұрақты бағамен босатып, қамтамасыз етеді. Бұл жобаның бірінші кезеңі биылғы жылдың қараша айында, екінші кезең 2012 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру шеңберінде құрылыс жұмыстарына1000 адам жұмысқа тартылса, пайдалануға берілген соң 150 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бүгінде кен орнында батыстық үлгідегі аусымдық поселок салынған. Онда еңбек адамына тірлік етуге барлық жағдай жасалған. Жұмысшылар 14 күн еңбек етіп, 14 күн демалады.

«Жайықмұнай» құрылыс-монтаж жұмыстарына негізінен қазақстандық компанияларды тартуда. Олардың қатарында «ҚазСтройСервис» МГҚК АҚ, «Жайыққұрылыс», «Жайықтранс», «Юнисерв», «Амрита», «Перспектива КАН» сықылды компаниялар бар. Бұрғылау жұмыстарын итальяндық «Сайпем» компаниясымен қатар жергілікті «Уральскнефтгазгеология» компаниясы атқарып жүр. Ұңғыма бұрғылауда тәжірибесі мол бұл компания Қазақстан мен Орта Азиядағы 70006 метрлік тереңдіктегі ең терең ұңғыманы бұрғылаған.

Әлеуметтік жобалары «бір төбе»

ҚР Үкіметі мен  «Жайықмұнай» компаниясы арасындағы келісімшартқа сәйкес компания облыстың әлеуметтік бағдарламаларына жыл сайын 300 мың доллар бөліп отыр. Сондай-ақ кәсіпорынның қаржысы есебінен кен орнына таяу қоныстанған елді мекендердің барлығына Орынбор – Новопсков газ құбырынан газ желісі тартылып, газға қосылды. Автоматты газ таратқыш станса салынып, 12 ауыл «көгілдір отын» қызығын көруде. Тек соңғы жылдардың өзінде «Жайықмұнай» ЖШС қаржысы есебінен облыстық филармонияның ғимараты қайта қалпына келтіріліп,  «Юность» стадионы мен «Ақжайық» шипажайы жөнделді. Сонымен қатар компания БҚО-дағы «Қазақстан әйелдер одағы» бөлімшесі мен «Заман» өндірушілер қауымдастығына қаржы бөлді. Бұл тек әлеуметтік бағдарламаға тікелей бөлінгені, одан басқа Чинарев кен орнын дамыту мақсатындағы жол құрылысына, қуат желілерін тартуға, телефон байланысы желісіне, мұнай сақтау қоймаларын жөндеуге, жайландыруға және өзге де ортақ пайдаланымдағы нысандарға да бөлініп, игерілуде.

Әлеуметтік жобалардың ішіндегі ең салмақтысы әрине, кен орнының санитарлық-қорғаныс аймағында орналасқан Зеленов ауданына қарасты Рожков ауылының тұрғындарын қалаға көшіру еді. Кәсіпорын өз қаражаты есебінен қаладан алты қабатты 90 пәтерлік тұрғын үй салды. Құрылыстың құны 531,6 млн. теңгені құрады. Одан басқа тұрғындардың талап-тілектеріне орай екінші тұрғын үй нарығынан 29 пәтер сатып әперілді.

Осы жылдар ішінде басында небары 5 адамнан құралған   кәсіпорын ұжымы толығып, бүгінде 600 адамға жетті. Терминалдың және мердігерлік мекемелердің қызметкерлерін қоса алғанда жұмыс орны 1000-нан асып отыр.

Ұжымның мақсатты жұмысын халықаралық іскеркеңесі орынды бағалады. Сөйтіп, 2006 жылы «Жайықмұнай» ЖШС Қазақстандағы мұнайгаз саласындағы «Құрмет белгісі. 2006 жылғы ұлттық экономиканың көшбасшысы» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.   

 Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

БҚО, Орал қаласы

 

1686 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз