Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

Өңірлік мәртебені көтеру - елдің стратегиялық қауіпсіздігі

               Еліміздің Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас ассамблеясының 65-сессиясының жұмысына  қатысу аясында  бірнеше кездесу өткізді. Алдымен АҚШ Президенті Барак Обамамен кездескен ол  Ақ  үй басшысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қатысу туралы жеке шақыруын табыстады.

              Өткен аптадағы БҰҰ  Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының мыңжылдықтың даму мақсаттарына арналған отырысындағы жалпысаяси пікірсайыста  сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев  қатысушылар назарын бірқатар өзекті мәселелерге аударды. БҰҰ-ның мәртебелі мінберінен көтерілген  осынау өзекті мәселелердің  бәрінің де  негізгі түйіні – адамзат қоғамының  қауіпсіздігі,  Жер-ананың  ғаламды толғандырған бүгіні мен болашағы. Ал әлемдік қауымдастықты  алаңдатқан  бұл сауалдардың  бәрі  де – Қазақстан төрағалық етіп отырған  Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық  ұйымының  нақты назарындағы мәселелер. Сондықтан БҰҰ-ның  биік  мінберінен  ЕҚЫҰ туралы, осынау беделді ұйымның алдағы  өтетін  алқалы жиынына қатысты сөз қозғалмауы мүмкін емес еді. ЕҚЫҰ саммитінің 11 жыл үзілістен кейін,  биыл желтоқсан айында Астанада өтетінінен әлемдік қоғамдастық жақсы хабардар. Әлемнің 55 мемлекетінің басшылары және 60-тан астам халықаралық ұйымдардың жетекшілері шақырылған бұл  алқалы жиынға 500-ден астам халықаралық ұйымдардың, 1500-ге жуық  әлемнің жетекші басылымдары мен телерадио агенттіктерінің өкілдері қатысады  деп күтілуде.

Астана Саммиті еуратлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын нығайтуға ықпал ететіні анық. Қанат Саудабаев осыларды айта келіп, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға арнайы тоқталды.

          Төрағалық кезінде Қазақстан Ауғанстан мәселесіне де арнайы көңіл бөліп келеді Осыған байланысты ЕҚЫҰ-ның алдағы саммитінде  Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық оңалту мәселелері өңірлік, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды  шара  ретінде қарастырылады, деді Қанат Саудабаев. Ауған проблемасы әскер күшімен шешілмейтінін уақыт көрсетті. Бұл елге қатысты ЕҚЫҰ-ның жаңа стратегиясы қажет екендігін көтеріп отыр. Ал Қазақстан Ауғанстанның соғыстан кейінгі дамуына, бейімделуіне халықаралық қоғамдастықтың күш жұмылдыруын қолдайды. Тек гуманитарлық көмекпен шектелмей, нақты тұрақтандыру тетіктерін тауып, іске қосуды ұсынады. Бұл ретте Қазақ мемлекеті Лондондағы халықаралық конференцияда қуатталған, Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін жергілікті билікке кезең-кезеңмен беруді көздейтін бастаманы қолдайды.

Қазақстан Ауғанстандағы тыныштықты қалыптастыру үшін өңірге ыңғайлы деген ауыл шаруашылығы сияқты салаларды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру қажет деп есептейді. Осыған орай Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ауған еліне кадрлар  дайындауға көмек көрсету мақсатында біздің  еліміз тарапынан 50 миллион АҚШ доллары бөлінді. Қазіргі  күні ауған жастарына медициналық, ауыл шаруашылығы, құрылыс мамандықтары бойынша Қазақстанның оқу орындарында  білім беру бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Осы бағдарлама бойынша  2010-2018 жылдар аралығында елімізде мыңға тарта ауған жастары жоғары білім алатын болады.

          Қанат Саудабаев  өз сөзінде тоқталып өткендей, бүгінде Қырғызстан саяси терең  дағдарысқа тап болып отыр. Қазақ  елі ұйымға төрағалық барысында көрші Қырғызстанда орын алған оқиғаларды реттеуге бар күшін салды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей өзі ондағы жағдайды тұрақтандыру үшін БҰҰ басшыларымен, АҚШ, Ресей президенттерімен және Еуропа Одағы жетекшілерімен кеңесе отырып, елдегі ахуалды ушықтырмау жолдарын қарастырды. Қазақстанның әлемдік көшбасшылармен келісілген күш-жігері бұл елде орын алуы ықтимал азамат соғысына жол бермеді. Бұл посткеңестік кеңістікте қақтығысты бірлесіп тиімді реттеудің алғашқы тәжірибесі болды. Мемлекеттегі тұрақтандыру шараларына  осылайша атсалысқан  Қазақ елі  көршілес қырғыз еліне шұғыл көмек ретінде 10 миллион доллар бөлді.  Көрші елдің аяғынан тұруы үшін үшін 1 миллиард доллардай қаражат керек. Қазақ елі енді осы мәселеге дүние жүзі елдерінің назарын аударып отыр. Сондықтан Астана саммитінде БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, басқа да көп тарапты құрылымдардың зор мүмкіндіктерін пайдалану арқылы Қырғызстанды оңалтудың бірегей тетігін қарастыру қажеттігі алға шығады. Мемлекеттік хатшы – сыртқы істер министрі сондай-ақ  лаңкестік пен есірткі трафигіне қарсы күресте Антитеррорлық конвенцияның және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын Қазақстан  ерекше назарда ұстап келе жатқанын, Халықаралық лаңкестікпен күрес жөніндегі конвенцияның тезірек қабылдануын қалайтынын атап өтті.

        Қанат Саудабаев сөзінің соңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері дінаралық және конфессияаралық келісімді нығайтатын тиімді үнқатысу алаңына айналғандығына, Қазақстан басшысы жаңа қаржы архитектурасын құру туралы бастама көтергенін, ол қаржы  нарығын жаһандық жүйеде реттеудің және оған бақылау жасаудың негізі бола алатындығына тоқталып өтті. Сонымен қатар, Қазақстан 2012-2015 жылдары БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңестің құрамына өзінің кандидатурасын ұсынғанын айта келіп, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Қазақстан кандидатурасына қолдау көрсетеді деген үмітте екенін білдірді.

 

                                                                  Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 

 

 

 

913 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз