Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

Жоғары октанды бензин

«2014 жылға қарай біз барлық 3 мұнай өңдеу зауытын реконструкциялаймыз және бүкіл мұнай өнімдерінің түр-түрі бойынша ішкі қажеттілігімізді толық қамтамасыз ете аламыз».

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

29 қаңтар 2010 жыл.

 

Көп ұзамай біздің автокөлік жүргізушілеріміз ресейлік жоғары октанды бензинге қол жаймайтын болады. Себебі сапалы өнімдер жергілікті мұнай-химия зауытында өндірілетін болады. Қазірде мұнай өңдеуші компания алға қойылған іргелі міндеттерді жүзеге асыруға белсенді түрде кірісті.

 

Мемлекет меншігінде

Өткен жылға дейін Павлодар мұнай-химия зауыты индонезиялық әлдебір алпауыттың иелігінде болып келді. Шетелдік инвесторға тәуелді болғанның несі жақсы дейсіз?! Себебі олардың алдымен көздейтіні - пайда. Бірақ сол нәпақа тауып отырған жеке меншікте ел-жұртқа қарасып, көсегесін көгертейін деген ниет аз болады. Бірақ бұл жағдай көпке дейін жалғаспады.

2009 жылдың тамыз айында Павлодар мұнай-химия зауыты «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы АҚ-ның меншігіне өтті. Былай алып қарасаңыз, содан бері аз уақыт өткен. Алайда соның өзі бірталай игілікті нәтижелерге әкелді. Бұл жөнінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев  таяуда жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке баяндады.

Ең алдымен, бұрынғыдай «бензин жетпей жатыр!» деген дабыл қағушылық тыйылды. Жанар-жағармайдың тұрақты түрде өндірілуі баға саясатына да оң әсерін тигізгені айдан анық. Екіншіден, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының құрамына өткелі Павлодар мұнай зауытының мамандарының орташа айлығы 138 мың теңгеден асты. Жыл басында орташа айлың еңбекақы мөлгері 30 пайызға көтерілді. Бұл облыста ең жоғары еңбекақы екенін атап өткен жөн. Сөйтіп жаңа басшылық іске кіріскелі өнеркәсіп орнында бір серпіліс байқалады.

 

Алар асулар – алда

Елімізде жыл өткен сайын бенин өніміне деген сұраныс ерекше екпінмен ұлғайып келе жатқаны мәлім. Өкініштісі, әзірге бұл қажеттілікті өзіміздің республикамыздағы мұнай өңдейтін үш зауыт толығымен қамтамасыз ете алмай келеді. Сондықтан ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылдың 29 қаңтарындағы халыққа Жолдауында осы мәселеге баса назар аударды. 2014 жылға дейін жергілікті зауыттар ішкі нарықтағы сұранысты толғымыен қамтамасыз етуі тиіс деген тапсырма берілді. Алайда қойылған мақсатқа жету үшін біраз маңдай тер төгу қажет. Ең алдымен мұнай-химия зауытын заман талабына сай модернизациялау қажет. Бұл іс ең алдымен қыруар қаржыны талап етері сөзсіз. Десек те Елбасының тапсырмасы бойныша Үкімет 2009-2015 жылдар аралығында елдегі үш зауытты дамытудың кешенді жоспарын дайындады. Соның қатарында Павлодар мұнай-химия зауытын қайта жаңғыртудың бағдарламасы жасалды. Ол бойынша алдағы уақытта жылына 7,5 млн. тонна шикі мұнай өңдеу көзделеді. Бұрынғыдай шикізаттың 82 пайызын ғана емес, 90 пайызын пайдалы өнімге айналдыру мақсаты қойылды. Сөйтіп шығарылатын өнімдерді Евро-4,5 стандарттарына жеткізу міндет.

Айта кетелік, әу баста Павлодар мұнай-химия зауыты Батыс Сібірдің (Ресей) шикі мұнайын өңдеуге құрылған. Технологияның бәрі соған сәйкес жабдықталған.

 

Алғашқы қадамдар

14 қыркүйекте Павлодар облысына келген Үкімет басшысы К.Мәсімовке Павлодар мұнай-химия зауытына барды. Зауыттың бас директоры Данбай Шухрат Премьер-Министрге осы жылдың тамыз айында октан қоспасын ұлғайтатын жаңа құрылғы қолданысқа енгенін мәлімдеді.

Елбасының тапсырмасы бойынша үлкен сұранысқа ие сапалы жанар-жағармай өнімдерінің өндірісін ұлғайту өзделеді. Аз уақытта отандық тұтынушылардың бензинге деген қажеттіліктерін 34 пайызға дейін өтеу міндеті тұр. Бұл межеге жетуде сенімділік бар. Соңғы екі жылда жергілікті зауыт жоғары октанды бензинді көптеп шығаруға бел буған. 2009 жылы октаны төмен өнімнің үлесі 33 пайыз болса, 2009 жылы ол өндірістің 28 пайызына ғана ие болды. Биылғы жоспар бойынша үлес тағы бес пайызға азаюы тиіс. Есесіне жоғары октанды бензиннің өндірісі ұлғая түскен.  2008 жылы оның көлемі 67 пайызды алса, биылғы үлесі 77 пайызға жетіп отыр.

Д.Шухраттың айтуынша,октан қоспасын көтеретін құрылғының жобасын жергілікті мамандар жасап шығарған. Торапты дайындауға және орнатуға барлығы 214 млн. теңге жұмсалды. Аталмыш нысан жылына 9 мың тонна октан көтеретін қоспаны қабылдап, сақтай алады. Бір жылда 1 млн. тонна автомобиль бензинінің сапасы жақсартылады. Мұнай өңдеушілер бұл жаңалықты тұтынушылар оң бағалайтынына әбден сенімді.

Бүгінде Павлодар мұнай-химия зауыты бір жылда 5 млн. 100 мың тонна мұнай өңдеуге дайын. Рас, өткен жылы өндіріс қуатын еш дайындықсыз күрт өсірудің салдарынан біраз қиындықтар туған. Алайда құрал-жабдықтарын әбден сайлап алған ірі өнеркәсіп орны қазіргі таңда өнім көлемін ұлғайтуға жан-жақты әзірленуде. Кәсіпорын екі кезеңнен тұратын модернизациядан өтуде. Алдағы уақытта өндіріс сапасын арттыратын бірталай қондырғыларды орнату жоспарланған. Бұл мақсатта 2009 жылдың 5 қарашасында «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы АҚ-ы мен италияндық «ЭНИ» компаниясы тиімді келісімге келген. Бұйыртса, барлық жобалар сәтімен іске асып, оның соңы Елбасы Жолдауында айтылғандай, тұтынушылардың сапалы өніммен толық қамтамасыз етілуіне әкеледі.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы.

 

1055 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз